1Бір кезде Ус елінде Әйүп есімді адам өмір сүрді. Ол кінәратсыз да әділ болып, Құдайды терең қастерлеп, жамандықтан аулақ жүретін.
2Әйүптің жеті ұлы мен үш қызы болды.
3Жеті мың қой-ешкісі, үш мың түйесі, бес жүз жұп өгізі, бес жүз ұрғашы есегі, сондай-ақ өте көп қызметшілері бар сол кісі шығыс өлкесіндегі ең ауқатты адам болатын.
4Әйүптің ұлдары кезекпен үйлерінде қонақасы даярлап, соған үш әпке-қарындасын да шақыратын.
5Қонақасының кезеңі біткенде, Әйүп кісі жіберіп, балалары үшін тазару рәсімін орындайтын. Сол үшін Әйүп ерте тұрып, әр баласы үшін бір малдан құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп Құдайға ұсынатын. Өйткені ол: «Мүмкін, балаларым күнә жасап, іштей Құдайға тіл тигізіп қойған шығар» деп ойлайтын. Әйүп әрдайым осылай істейтін.
Әзәзілдің Әйүпті көктегі сотта айыптауы6Құдайдың нөкерлері бір күні (көкте) Жаратқан Иенің алдында тұруға келгенде әзәзіл шайтан да олармен бірге келді.
7Жаратқан Ие әзәзілге:
— Қайдан келдің? — деген сұрақ қойды. Ол:
— Жер бетін аралап кезіп келдім, — деп жауап берді.
8Жаратқан Ие:
— Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде ол сияқты кінәратсыз да әділ, Құдайын терең қастерлейтін, жамандықтан аулақ жүретін ешбір жан жоқ, — дегенде,
9әзәзіл:
— Әйүп Құдайын бекерге қастерлейді дейсің бе?
10Оның өзін, үй ішін және бар иелігін айналдыра шарбақпен қоршағандай қорғап жүрген Өзің емессің бе? Оның істегендерін Өзің жарылқап келесің. Содан оның табын-отарлары ел ішінде кеңінен таралуда.
11Бірақ, кәне, барлық иелігіне қолыңды тигізе көрші. Сонда ол Сені қалайша мадақтар екен, көрейік, — деп жала жапты.
12Жаратқан Ие:
— Мейлі, оның барлық иелігін қолыңа берейін. Тек оның өзіне тиіспе! — деп шешті. Сонда әзәзіл Жаратқан Иенің алдынан шығып кетті.
Әйүптің басына зор апаттар түсіп сыналуы13Біраздан кейін Әйүптің ұл-қыздары оның тұңғыш ұлының үйінде қонақасында отырды. Сол күні
14бір шабарман Әйүпке жетіп келіп, мына суық хабарды жеткізді: «Қызметшілеріңіз өгіздермен жер жыртып, есектер олардың қастарында жайылып жүрді.
15Кенеттен сәбалық тонаушылар тап берді! Олар жас жігіттерді қырып, малдарды олжалап, айдап әкетті! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
16Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Аспаннан Құдайдың оты түсіп, қой-ешкілеріңіз бен қызметшілеріңізді өртеп жалмап қойды! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
17Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде тағы басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Халдейлер үш топ құрып, түйе бағып жүрген қызметшілеріңізге бас салды! Оларды өлтіріп, түйелерді олжалап, айдап алып кетті! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
18Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде тағы басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Сіздің ұл-қыздарыңыз өз ағаларының үйінде қонақасында отырған кезде
19шөл даланың арғы шетінен ғаламат дауыл тұрып, үйдің төрт жағынан соққылай берді. Содан үй құлап, ішіндегі балаларыңызды басып қалды. Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
20Сонда Әйүп орнынан тұрды да, қатты қайғырып шапанының өңірін жыртып, шашын қырқып алып тастады. Мұнан кейін ол Тәңір Иеге мойынсұнып етпетінен жерге жата кетті.
21Әйүп былай деді: «Анамның құрсағынан жалаңаш шықтым, дүниеден жалаңаш қайтамын да. Жаратқан Ие сыйлап берді де, Жаратқан Ие қайтарып алды да. Жаратқан Иенің есімі мадақтала берсін!»
22Осы жағдайдың бәрінде Әйүп күнә жасаған да жоқ, еркінсіп Құдайды айыптаған да жоқ.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.