Шежірелер 1-ж. 11 - Киелі кітап(QazBi2010)

Дәуіттің бүкіл Исраилге патшалық құруы

1Содан Исраилдің бүкіл халқының өкілдері кейінірек Хеброндағы Дәуіттің қасына жиналып келіп, оған былай деді:

— Сөзімізге құлақ сала көріңіз: сіздің ет жақын туыстарыңызбыз.

2Біраз уақыт бұрын, Саул әлі де патшалық құрған кезде, бүкіл Исраилді жорықтарға бастап жүрген өзіңіз болатынсыз! Сіздің Құдайыңыз Жаратқан Ие де сізге: «Менің халқым Исраилді бағатын әрі Исраил еліне басшылық ететін сен боласың», — деп айтқан еді.

3Осылай Исраилдің күллі рубасылары Дәуіт патшаға келіп, ол солармен Хебронда Жаратқан Иенің алдында келісім жасады. Бір кезде Жаратқан Ие Самуил пайғамбар арқылы алдын ала айтқандай, олар енді Дәуітке май жағу рәсімін орындап, оны Исраилдің патшасы етіп бекітті.

Дәуіттің астанасы Иерусалим

4Бірде Дәуіт және Исраилдің бүкіл жасағы Ебус деп те аталған Иерусалимге аттанды. Сол қалада тұрған ебустіктер

5Дәуітті мазақтап: «Мұнда ешқашан кірмейсің!» — деді. Алайда Дәуіт Сион төбесіндегі қорғанды басып алып үлгерді; ол қазір «Дәуіттің шаһары» деп аталады.

6Дәуіт былай деп сөз берген болатын: «Ебустіктерге бірінші болып шабуыл жасап, оларды жеңіп шыққан адамды қолбасшы әрі әмірші етіп тағайындаймын!» — Сонда Сарұяның ұлы Жоғаб Ебуске бірінші болып көтеріліп, жеңіп шықты. Сондықтан ол қолбасшы болды.

7Дәуіт осы қорғанда орналасып, соны мекендеді. Сол себепті ол «Дәуіттің шаһары» деп те аталып келеді.

8Кейін Дәуіт қаланы оның саты тәрізді беткейінен бастап қорғанды айналдыра қоршаған қамал қабырғасына дейін бекітіп салғызды. Жоғаб болса қаланың қалған бөліктерін қайтадан тұрғызды.

9Әлемнің Иесі оған жар болғандықтан, Дәуіт барған сайын күшейе түсті.

Дәуіттің жасағындағы батырлары

10Дәуіттің батырларының басшылары төменде аталғандар болды. Олар бүкіл Исраилмен бірге Оның патшалық құруына күшті қолдау беріп, соның арқасында Дәуіттің билігі бүкіл елге жүрді. Бұл Жаратқан Иенің берген уәдесіне сәйкес еді.

11Сонымен Дәуіттің батырларының тізімі мынау:

Ахамани ұлы Яшобам, ол Үш батырдың басшысы болды. Бір шайқаста ол үш жүз жау сарбазын сүңгісімен түйреп өлтірген еді.

12Үш батырдың екіншісі Ахоахтың ұрпағы Додай ұлы Елазар болатын.

13Філістірлер Пас-Даммим деген жерде шайқасқа жиналып тұрғанда Елазар Дәуіттің қасында жүрді. Шайқас арпа өсіп тұрған егістікте басталып, исраилдік сарбаздар філістірлерден қаша жөнелді.

14Бірақ Елазар мен Дәуіт егіс даласының ортасында берік тұрып алып, оны қорғап, філістірлерді оңды-солды қыра берді. Осылайша Жаратқан Ие оларға үлкен жеңіс сыйлап, халықты жаудан құтқарды.

15Бірде філістірлердің жасағы Рефаим аңғарында қостарын тіккен соң, Отыз басты жауынгердің үшеуі Адуллам үңгірінің маңайындағы жартасты паналап тұрған Дәуітке келді.

16(Оның туып-өскен) Бетлехем қаласында да філістір қарауылдары орналасқан болатын. Ал Дәуіт жасырынып, бекінуге ыңғайлы таулы жерде жүрді.

17Дәуіт адамдарына: «Шіркін, маған біреу Бетлехемдегі қала қақпасының жанындағы құдықтан су әкеліп берсе ғой!» — деген аңсауын білдірді.

18Сонда үш батыр філістір әскер қостарынан білдіртпей өтіп, Бетлехем қақпасының жанындағы құдықтан су тартып алып, оны Дәуітке әкелді. Бірақ Дәуіт суды ішкісі келмей, оны Жаратқан Иеге тарту ретінде ұсынып төгіп тастады да,

19былай деді: «Құдай мені мұны істеуден сақтай көрсін! Мен бұл суды қалай ішемін? Ол бастарын өлімге тігіп, оны алып келген мына адамдардың қаны іспетті ғой!» — Сондықтан Дәуіт суды ішпеді. Міне, сол үш батырдың ерлік істері осындай болды.

20Жоғабтың інісі Әбішай Отыз батырдың басшысы еді. Әбішай сүңгісімен үш жүз жауын түйреп өлтіріп, Үш батырдікіндей атақты иемденді.

21Басқа Отыз батырдан да даңқты болып, оларға басшылық еткенмен, Әбішай Үш батырдың дәрежесіне жете алмады.

22Кәбіселдік Еходай ұлы Бенаях та ерлік істер жасаған мықты жауынгер болды. Арыстандай күшті екі моабтық жауынгердің көздерін жойған сол еді. Қар жауып тұрған бір күні Бенаях ұраға түсіп, оның ішіндегі арыстанды өлтірді.

23Бенаях бойы бес шынтақ бір алып мысырлықтың да көзін құртты. Сол мысырлықтың қолында бақандай жуан сүңгісі болды, бірақ Бенаях оған қарсы бір таяқпен ғана шығып, мысырлықтың қолынан сүңгісін тартып алып, оны сонысымен түйреп өлтірді.

24Еходай ұлы Бенаяхтың ерлік істері осындай еді.

25Отыз батырдың ішіндегі ең даңқтысы сол еді, алайда ол Үш батырдың дәрежесіне жете алмады. Дәуіт Бенаяхты өзінің ұлан бөлімдерінің басшысы етіп қойды.

26Мықты батырлар мыналар болатын:

Жоғабтың туған інісі Асахил, бетлехемдік Додо ұлы Елханан,

27хародтық Шаммах, пәлеттік Хелес,

28текоялық Икеш ұлы Ирақ, анатоттық Әбиезер,

29хушалық Сипхай, ахоахтық Илай,

30нетопаттық Маһарай, нетопаттық Бағанах ұлы Хелед,

31Буняминдегі гибеялық Рибай ұлы Іттай, пиратондық Бенаях,

32нахале-ғағаштық Хурай, арбаттық Әбиел,

33бахуримдік Азмаует, шағалбондық Әлиахпа,

34ғизондық Яшеннің ұлдары, харарлық Шаммах ұлы Жонатан,

35харарлық Шарар ұлы Ахиям, Урдың ұлы Елифал,

36махералық Хефер, пәлеттік Ахиях,

37кәрмелдік Хесрай, Езбай ұлы Нағарай,

38Натанның інісі Жоел, Хагри ұлы Мипхар,

39аммондық Селек, Сарұяның ұлы Жоғабтың қару-жарағын тасушы бероттық Нахарай,

40итірлік Ирақ, итірлік Гәреб,

41хеттік Ұрия, Ахлай ұлы Зауад,

42рубендік Шиза ұлы Адина; рубендіктердің рубасы болған оның қасында отыз сарбазы еріп жүретін;

43сондай-ақ, Маха ұлы Ханан, митналық Жосапат,

44аштароттық Ұзиях, арогерлік Хотамның ұлдары Шама мен Еиел,

45Шимри ұлы Едияил, оның інісі тистік Жоха,

46махавалық Елиел, Елнағамның ұлдары Ерибай мен Жошауиях, моабтық Ітма,

47Елиел, Ғабит, месобалық Ясиел.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help