Забур жырлары 21 - Киелі кітап(QazBi2010)

Азап шеккен жанның Құдайға жалбарынып, Оны мадақтауы

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Таң атқандағы жәрдем» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.)

2О, Құдайым, Құдайым менің!

Неліктен мені жалғыз қалдырдың?

Айқайлаған даусыма құлақ салмайсың,

Мені құтқарудан неге алшақсың?

3Құдайым, күндіз шақырсам, жауап қатпайсың,

Түнде де айқайлап, тыным таппаймын.

4Бірақ Сен киелісің, Исраил халқың

Сені мадақтайтын тағыңда отырасың.

5Ата-бабамыз Өзіңе иланып жүрді,

Сөзіңе сенді, Сен де азат еттің.

6Саған сиынып, олар құтқарылды,

Өзіңе сеніп ұятқа қалмады.

7Ал мен адам емес, құрт іспетті қуатсызбын,

Жұрт ұрсып, елемейді мені халқым,

8Көргендердің бәрі келекелейді,

Басын шайқап, балағаттап былай дейді:

9«Ол Жаратқанға үмітін артқан екен,

Сол оны аман қалдырсын пәледен!

Жаратқан Ие разы болса оған,

Құтқарып алсын оны қиындықтан!»

10Ал мені ана құрсағынан Сен шығардың,

Жас кезімнен Өзіңе иландырдың,

11Туғаннан-ақ қолдауыңа мұқтажбын,

Өмір бойы Сенсің Құдайым менің,

12Енді алыстай көрме менен Өзің.

Себебі азап-бейнет қалды таяп,

Қол ұшын берерім жоқ мені аяп.

13Сүзеген бұқадай жау алды қоршап,

Башандық бұқадай жан-жақтан қыспақтап,

14Ақырған арыстандай жемге құмартып,

Аранын ашады, маған қарсы шығып.

15Күшім судай төгіліп, таусылды құрғап,

Сүйектерім буынынан қалды босап.

Кеудемде жүрегім балауыз құсап

Әбден балқып, елжіреп кетті босап.

16Қыш құмыраның сынығына ұқсап

Күшімнен айырылып қалдым қурап,

Тілім қалды таңдайыма жабысып,

Өлім топырағына бердің мені қиып!

17Төбеттердей жан-жақтан қыспақтады

Сол жауыздар, лек-легімен қоршап алды,

Аяқ-қолымды түйреп жаралады!

18Сүйектерімді шыға алам санап,

Ал халық тұр маған қадала қарап.

19Жау жамылғымды бөлісіп алады,

Киімім үшін жеребе салады.

20Уа, Ием, Сен менен алшақтай көрме,

Күшім менің, тез келе гөр көмекке,

21Өмірімді аман сақтап семсерден,

Құтқара гөр «төбеттердің» күшінен!

22Құлақ сап, құтқара гөр «арыстанның

Араны» мен «мүйізінен бұқаның».

23Атыңды бауырларыма білдіремін,

Қауым жиынында Сені дәріптеймін:

24«Ей, Жаратқанды терең қастерлейтіндер,

Оны әрдайым мадақтай беріңдер!

Ей, Жақыптың бүкіл үрім-бұтағы,

Жаратқанды ұдайы дәріптеңдер,

Иә, Исраилдің бар ұрпақтары,

Иемізді құрметтей беріңдер!

25Жарлының азабынан Ол жиренген жоқ,

Құдай бет-жүзін одан жасырған жоқ,

Қайта, құлақ салды шақырған даусына».

26Сені мадақтаймын үлкен жиында,

Уәдемді орындап халқыңның алдында,

27Жарлылар мейрамдап, тойынады да.

Құдайға сиынғандар мақтау айтсын —

Лайым жандарың аман-есен болсын!

28Жер шетіндегілер де мұны ескереді,

Жаратқан Иеге бет бұрып дұға етеді,

Бар ұлттардың әулеттері бас иеді,

29Себебі билік Жаратқанның қолында,

Ұлттардың Иесі Сол болып қалады да!

30Жердің бар байлары тойына қатыспақ,

Жаратқанның аяғына жығылып сиынбақ,

О дүниеге аттанатын жандар —

Өмірі өткінші бүкіл адамдар

Оның алдында тізерлеп иілмек.

31Келер ұрпақтар Оған қызмет етпек,

Барлығы Иеміз туралы естімек,

32Содан Оның әділдігін дәріптеп,

Жаңа туған халыққа да паш етпек.

Себебі Құдай мұны бітірді Өзі істеп.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help