Забур жырлары 47 - Киелі кітап(QazBi2010)

Ұлы Патшаның астанасына деген қуаныш

1(Қорах ұрпақтарының әні әрі жыры.)

2Құдайдың таңдап алған қаласында,

Оның қасиетті Сион тауында

Жаратқан Иеміз теңдессіз ұлы,

Ол мадақталуға әбден лайықты!

3Әсем де биік Сион тауы —

Күллі әлемнің қуанышы,

Таудың солтүстік жағындағы

Ұлы Патшаның астанасы.

4Бекіністі сарайларында Құдай

Белгілі қорғаушы, баспанадай.

5Патшалар күштерін жинаған еді,

Шайқасқа бірігіп аттанған еді.

6Олар қаланы көріп, аң-таң болды,

Үрейленіп, түгел қаша жөнелді,

7Бойларын қорқыныш кернеді,

Толғатқан әйелдей қиналды.

8Теңіз кемелерін шығыстың дауылы

Қиратқандай, құрттың Сен оларды.

9Құлағымызбен мынаны естіген едік,

Әлем Иесінің қаласынан соны көрдік,

Иә, Құдайымыздың осы шаһарынан:

Өз қаласын нығайтады Ол әрқашан.

10Уа, Құдай, ғибадатханаңда

Ойландық мейірімің жайында,

11Уа, Құдайым, Сенің атың да,

Саған арналған мадақтау да

Жердің төрт бұрышына жайылады,

Құдіретті қолың әділдік орнатады.

12Сенің әділ билігіңе бола

Шаттанады Сион тауы да,

Қуанады Яһуда қалалары да.

13Сионға жақындап барыңдар,

Шаһарды айналып шығыңдар,

Барлық мұнараларын санаңдар,

14Қамалдарына назар аударыңдар,

Сарайларын да қарап шығыңдар.

Келер ұрпаққа мынаны айтыңдар:

15«Бұл Құдай — мәңгілік Құдайымыз,

Деміміз біткенше Ол — жетекшіміз!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help