Шежірелер 1-ж. 12 - Киелі кітап(QazBi2010)

Елсіз далада жүрген Дәуітке қосылған сарбаздар

1Дәуіт (өзі патшалық құрмастан бұрын) Қиш ұлы Саулдан аулақ жүруге мәжбүр болды. Сол кезде мына адамдар Сикеләгке келіп, оған қосылды. Дәуітті шайқаста қолдаған осы мықты сарбаздар

2оң қолмен де, сол қолмен де садақ тартып, сақпанмен тас та ата беретін. Бұлар буняминдік Саулдың рулас туысқандары еді.

3Олардың басшысы гибеялық Шемағахтың ұлы Ахиезер болатын. Оның інісінің есімі — Жоғас. Өзге сарбаздар Азмауеттің ұлдары Езиел мен Пелет, сондай-ақ Бераха және анатоттық Еһу еді.

4Отыз батырдың ішіндегі мықты жауынгер әрі олардың басшысы болған гибеондық Ишмаях, сондай-ақ Еремия, Яхазиел, Жоханан, гедерахтық Жозабад,

5Елузай, Еримот, Бегалиях, Шемариях, харуфтық Шафатиях,

6Қорахтың ұрпақтары Елқанах, Ишиях, Азарил, Жоезер, Яшобам

7әрі гедорлық Ерохамның ұлдары Жоелах пен Забадиях.

8Дәуіт өзінің елсіз даладағы бекінісінде болған кезінде, Ғад руының бірнеше адамы оның жағына өтті. Олар шайқасқа дайындалған, қалқанмен және сүңгімен соғыса алатын мықты да батыл сарбаздар болатын. Олардың келбеттері арыстандай айбынды, өздері тау ешкісіндей жылдам еді.

9Олардың басшысы Езер, одан кейінгі басшы Абадиях, үшіншісі Елияп,

10төртіншісі Мишманах, бесіншісі Еремия,

11алтыншысы Аттай, жетіншісі Елиел,

12сегізіншісі Жоханан, тоғызыншысы Елзабад,

13оныншысы Еремия және он біріншісі Махбанай еді.

14Осы ғадтықтар жасақтағы басшылар болды. Олардың осал дегендері жүз, ал мықтылары мың адамға қарсы тұра алатын.

15Көктемде Иордан өзені арнасынан шығып тасып жатқанда оны кесіп өтіп, батыс пен шығыстағы барлық аңғарлардың тұрғындарын бас сауғалап қашуға мәжбүр еткен осы ғадтық сарбаздар болатын.

16Одан бұрын Бунямин мен Яһуда руларының кейбір адамдары да таудағы бекіністі паналаған Дәуітке келген болатын.

17Сонда Дәуіт олардың алдарынан шығып, былай деді: «Егер мені қолдамақ болып ақ ниетпен келіп отырсаңдар, онда жанымыз да, жүрегіміз де бір боламыз. Ал егер ешкімге зорлық көрсетпеген маған сатқындық жасап жауларыма ұстап беруге келген болсаңдар, онда ата-бабаларымыз сиынған Құдай мұны көріп, үкімін Өзі шығарсын!»

18Сонда олардың біреуі, кейін Отыз батырдың басшысы болған Амасай, Киелі Рухқа бөленіп, былай деді:

«Уа, Дәуіт, біз сендікпіз,

Уа, Есей ұлы, сенің жағыңдамыз,

Саған амандық пен тыныштық сыйласын,

Сені қолдағандарға да амандық болсын,

Себебі Құдай — сенің Қолдаушың!»

Сонда Дәуіт оларды қабылдап, өзінің шабуылшы топтарының басшылары етіп қойды.

19Кейінірек Дәуіт філістірлермен бірге Саулға қарсы шайқасуға барған кезде Манаса руының кейбір адамдары Дәуіттің жағына өтті. Расында Дәуіт філістірлерді сол соғыста қолдаған емес, себебі філістір әміршілері өзара кеңесіп: «Дәуіт Саулдың жағына шығып кетіп, өздеріміз басымыздан айырылып жүрерміз», — деп, Дәуітті кері қайтарып жіберді.

20Дәуіт Сикеләгке келгенде, Манаса руының оның жағына шығып кеткен адамдары мыналар болды: Аднах, Жозабад, Едияил, Михайл, Жозабад, Еліху, Силтай. Олар Манаса руының мыңбасылары еді.

21Мықты да батыл сарбаздар болған олар Дәуіттің жасағының басшылары ретінде қызмет атқарып, оған қарақшылар топтарына қарсы күресуге көмектесті.

22Күн өткен сайын Дәуіттің жасағына жаңа адамдар қосылып отырды, ақырында оның сарбаздарының тұрағы Құдайдың әскеріне ұқсаған қалың қолға айналды.

Хебронда Яһудаға патшалық құрған Дәуітке қосылғандар

23Хеброн қаласында Дәуітке келіп қосылған, шайқасқа жарақталған адамдардың саны төмендегідей. Олар Жаратқан Иенің берген сөзіне сай патшалық биліктің Саулдан Дәуітке өтуіне атсалыспақ болды.

24Қалқанмен және сүңгімен соғыса алатын яһудилер: алты мың сегіз жүз қарулы адам;

25Шимон руынан шайқасқа дайын батыл сарбаздар: жеті мың бір жүз адам;

26Леуі руынан: төрт мың алты жүз адам;

27(солардың арасында) Һаронның әулетінің басшысы Еходайға үш мың жеті жүз адам еріп жүрді,

28әрі Садық есімді жас та ержүрек сарбаз бен оның әулетінен шыққан жиырма екі басшы да болды;

29Саулдың руластары: Бунямин руының үш мың адамы. Буняминдіктердің басым көпшілігі сол кезге дейін Саулдың әулетінің мүдделерін қорғап келген болатын.

30Ефрем руынан: жиырма мың сегіз жүз адам, олар өз әулеттерінде атағы жайылған ержүрек сарбаздар еді;

31Манаса руының (Қанахандағы) жартысынан: он сегіз мың адам, олар Дәуітті патша етуге атсалысу үшін есімдері аталып тағайындалғандар болатын.

32Исашар руынан: екі жүз басшы. Олар заманның ағымын және Исраилдің не істеуге тиіс екендігін түсінетін адамдар болатын. Барлық руластары олардың айтқандарын орындап жүрді.

33Забулон руынан: қару-жарақтың бар түрімен жабдықталып, шайқасқа сап түзеп шығатын елу мың адам. Олар Дәуітті шын жүректен қолдап жүрді.

34Нафталим руынан: бір мың басшы әрі қалқанмен және сүңгімен қаруланған отыз жеті мың адам.

35Дан руынан: шайқасқа сап түзеп шығатын жиырма сегіз мың алты жүз адам.

36Ашир руынан: шайқасқа сап түзеп шығатын қырық мың жасақшы.

37Иордан өзенінің шығысында қоныстанған Рубен, Ғад рулары және Манаса руының жартысынан: қару-жарақтың бар түрімен жабдықталған жүз жиырма мың адам.

38Осылардың бәрі сап түзеп шайқасқа шығуға дайын сарбаздар болатын. Олар шын жүректен Дәуітті бүкіл Исраил елінің патшасы етіп бекітуге бел байлап, Хебронға келді. Қалған исраилдіктер де Дәуітті патша етіп бекітуге бірауыздан келісті.

39Хебронға келгендер сол жерде Дәуітпен бірге үш күн болып, ішіп-жеп тойлады. Яһуди ағайындары олар үшін тамақ дайындап қойған еді.

40Сонымен қатар көршілес рулар, тіпті алыстағы Исашар, Забулон, Нафталим рулары да есек, түйе, қашар және өгіздерге тиеп азық-түлік алып келген болатын. Содан ұнның, кептірілген інжір жемістері мен мейіздің, шарап пен зәйтүн майының қорлары және ірілі-ұсақты малдар өте мол болды. Осылайша Исраил халқы қуаныш пен шаттыққа бөленді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help