Забур жырлары 34 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдан арамза жаулардан қорғауын өтіну

1(Дәуіттің жыры.)

Менімен ерегісіп келгендермен

Сен Өзің ерегісе гөр, уа, Ием.

Маған қарсы күресіп келгендермен

Сен Өзің күресе гөр, уа, Ием.

2Сауыт киіп, қалқаныңды қолыңа алшы,

Мені қолдап айқасуға дайындалшы.

3Семсер суырып, қуғыншыларды бөгеші,

«Мен Құтқарушыңмын!» деп жаныма жігер берші.

4Жанымды алмақ жаулар ұятқа қалсын,

Мені құртуға әрекет еткендер жасырын

Енді кері қайтып, әбден масқаралансын!

5Олар жел өтіндегі қауыздай шашырасын,

Жаратқанның періштесі айдап шықсын,

6Жолдары қараңғы да тайғақ болсын,

Иә, Жаратқанның періштесі қуғындасын!

7Өйткені олар жазықсыз маған тор құрды,

Еш айыпсыз маған арнап ор қазды.

8Сондықтан оларға кенет ажал жетсін,

Маған құрған торына өздері түссін,

Осылайша өз бастары құрып кетсін.

9Сонда мен Жаратқанға шаттанамын,

Мені құтқарған Иеме қуанамын,

10Жан-тәніммен Оны былай деп мақтаймын:

«Күшсіз жанды күштіден қорғайтын,

Бейшара кедейді тонаушыдан сақтайтын

Саған кім тең келер, уа, Жаратқаным?»

11Ал мені айыптайды жалған куәлар,

Мен білмейтін жайттарды тергеп сұрар.

12Жақсылығыма жамандықпен қайтарар,

Жан дүниемді қаңыратып бос қалдырар.

13Ал олар ауырған кезде мен де қайғырдым,

Ораза ұстап жанымды қалжыраттым,

Жаратқанға олар үшін жалбарындым.

Жауапсыз қайтқанда сол мінажатым,

14Олар үшін дос-жарандай қамықтым,

Анамды жоқтағандай бас иіп қайғырдым.

15Алайда мен сүрінгенде олар қуанды,

Айыптауға маған қарсы жиналды,

Бейхабар мені үздіксіз даттады,

16Арсыз мазақтаушылармен бас қосты,

Маған қарсы тістерін қайрап бақты.

17Уа, Жаратқан, бұған төзесің қашанғы?

Сол «кәрлі арыстандардан» жалғыз жанымды

Құтқаршы, һәм зұлымдықтарынан ғұмырымды.

18Мен үлкен жиында Сені даңқтаймын,

Көп халықтың алдында Сені мақтаймын.

19Себепсіз жауым болған жандар қуанбасын,

Кінәсіз мені жек көргендер табаламасын!

20Татулық сөзін олар еш қозғамайды,

Елдегі бейбіт жұртқа сұмдық жоспарлайды.

21Арандарын кең ашып маған мін тағады:

«Рас, біз сенің жамандық жасағаныңды

Өз көзімізбен көрдік» деп айыптайды.

22Уа, Жаратқан, мұны көрдің, үнсіз қалма,

О, Ием, Сен менен еш қашықтама,

23Тұрып, мені қорғауға ұмтыла гөр,

Уа, Ием, Құдайым, мүддемді қорғай гөр,

24Әділдігіңе сай мені ақтай гөр,

Уа, Құдай Ием, табаламасын олар!

25«Жақсы екен бұл, дәл көңілдегідей,

Енді оны жеп құртамыз тірідей!»

Деп ойлай алмасын сол зұлым жандар.

26Менің мүшкіл халіме қуанғандар

Бәрі ұятқа қалып, масқаралансын,

Өздерін менен тым жоғары қойғандар

Қара бет болып, ұятқа орансын.

27Ал қалағандар ақталуымды менің

Шаттана дауыстап қуанышқа кенелсін.

«Қызметшісіне амандығын сүйсіне сыйлаған

Жаратқан Иеміз мадақталсын әрқашан!»

Деп дәріптей берсін олар тоқтамастан.

28Күн сайын мен де Сені мақтап дәріптеймін,

Әділдігіңді бар халыққа паш етемін.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help