Нақыл сөздер 9 - Киелі кітап(QazBi2010)

Даналықтың «тойына» шақыруы

1Даналық өзінің үйін салған еді,

Оның жеті діңгегін қойған еді,

2Енді сусынын даярлап, малын сойды,

Тамаша дастарқанын жайып қойды,

3Адамдарға қызметшілерін жұмсады,

Олар қаланың биігінен жар салады:

4«Мұнда келіңдер!» деп шақырады

Бар аңғалдарды және ақылсыздарды:

5«Кәне, келіп, дәм татыңдар асымнан,

Ішіңдер дайындаған сусынымнан!

6Надандықты тастап, шынайы өмір сүріңдер,

Лайым ақыл-парасат жолымен жүріңдер!»

7Мысқылшылға сөгіс берген масқара болар,

Зұлымға ескерткенге мін тағылар.

8Мысқылшылға ескертпе, сені жек көрер,

Дана жанға ескерт, ол сені сүйер.

9Дана жанға тәлім бер, даналығы өсер,

Әділді де үйрет, білімі көбейер.

10Даналықтың бастауы — Жаратқан Иені

Терең қастерлеп, Оған мойынсұну,

Һәм ақыл-парасат — Киелі Құдайды

Және Оның еркін жақыннан тану.

11Даналықпен көрер күнің көп болар,

Парасатпен жасыңа жас қосылар.

12Дана болсаң, пайдасын өзің көрерсің.

Мысқылшыл болсаң, зиянын өзің шегерсің.

Надандықтың шақыруы

13«Надан әйел» даурыға айқайлайды,

Өзі аңғал, мән-жайларды ұғынбайды.

14Үйінің есік алдында орындыққа

Отырады ол, қаланың биік орнында.

15Тура жолмен өтіп бара жатқандарға

«Надан әйел» дауыстап жар салуда:

16«Мұнда келіңдер!» деп шақырады

Бар аңғалдарды әрі ақымақтарды:

17«Ұрлап ішкен су сондай тәтті екен!

Тығып жеген нан сондай дәмді екен!»

18Адамдар білмейді бұрын шақырылғандардың

Өлік болып көр түбінде жатқандарын.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help