Қолостықт. хат 3 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайға бағышталған қасиетті өмір сүру жөніндегі нұсқаулар

1Сонымен, Мәсіх өлімнен қайта тірілгенде сендер Онымен бірге рухани тірілдіңдер. Сондықтан көкке лайықты қасиеттерді иемденуге ұмтылыңдар! Өйткені Мәсіх көкте, Құдайдың оң жағында отыр.

2Ойларыңды күнәкар дүниедегіге емес, көктегіге аударыңдар!

3Себебі сендер рухани өлдіңдер, енді өлген кісідей бұрынғы күнәлі іс-әрекеттеріңе жоқсыңдар. Ал Мәсіхпен бірлесіп сүрген жаңа өмірлерің ел көзінен таса, Құдайдың алдында.

4Өмірлеріңнің бірден-бір бастауы мен мақсаты — Мәсіх. Ол жер бетінде қайтадан көрінген кезде сендер де Онымен бірге салтанатты ұлылықпен көрінесіңдер.

5Ал енді, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық және арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!

6Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр.

7Бір кезде сендер де оларды жасайтындармен бірге дәл солай әрекет етіп жүрдіңдер.

8Ал мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық;

9бір-біріңе өтірік те айтпаңдар! Себебі сендер ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастап,

10жаңа ізгі болмысқа ие болдыңдар. Оны жаратып берген Иеміз Өзін жақынырақ тануларың үшін сендердің рухани жағынан Өзіне ұқсас болуларыңды көздеп соған ұмтылуда.

11Бұл жерде яһуди не басқа ұлттық, сүндеттелген не сүндеттелмеген, шетелдік не көшпенді скиф, құл не ерікті жоқ, қайта, Мәсіх барлық сенушілердің өмірлерінде басты орында.

12Ал енді, Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кішіпейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер!

13Өзара төзімді болыңдар. Егер біреуге реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!

14Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді.

15Иеміз Мәсіх сыйлаған тыныштық сендерге билігін жүргізсін! Ол сендерді біртұтас рухани дененің құрамдас мүшелері ретінде татулықта тұруға шақырды. Сонымен қатар ризашылықтарыңды білдіріңдер!

16Мәсіх туралы Ізгі хабарға көңілдеріңнен мол орын беріңдер: Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан басқа да әндер арқылы бір-біріңе зор парасатпен тәлім-тәрбие және бағыт-бағдар беріңдер. Жүректерің ризашылыққа кенеліп, Құдай Иемізге арнап ән айтып отырыңдар!

17Не айтып, не істесеңдер де, бәрін Иеміз Исаның атымен жасап, Иеміз арқылы Құдай Әкемізге шүкірлік етіңдер!

Сенушілердің отбасындағы өмірі

18Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар! Иемізбен байланыстағы сендердің осылай істегендерің жөн.

19Күйеулер, әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!

20Балалар, барлық жағдайда да ата-аналарыңның тілін алыңдар, өйткені Иемізге осы ұнайды!

21Ата-аналар, балаларыңның ынжық болмауы үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар!

22Басыбайлы қызметшілер, барлық жағдайда да бұл дүниелік қожайындарыңның тілін алыңдар! Көңілдерінен шығу үшін тек олар бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы шын жүректен мойынсұныңдар! Осылай Құдай Иемізді терең қастерлеңдер!

23Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар!

24Себебі осының ақысы ретінде сендер Иемізден Оның уәде еткен игіліктерін қабылдайтындарыңды білесіңдер. Қызмет ететін Қожайындарың — Мәсіхтің Өзі ғой.

25Ал жамандық жасайтын әркім соның лайықты жазасын тартады. Мәсіх ешкімнің бет-жүзіне қарамай әділ үкім шығармақ.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help