1Сол себепті жүрегім шошып, өз орнынан ыршып кетейін деп тұр.
2Тыңдаңыздаршы! Тәңірдің үнінің гүріліне, аузынан шығып жатқан күркіреуге құлақ түріңіздерші!
3Ол найзағайын аспанның бүкіл кеңістігіне жіберіп, оның жарқырауы жердің алыс түкпір-түкпірлеріне жетеді.
4Содан соң күркіреудің даусы шығады. Құдай керемет зор үнімен күркірейді. Онысы естілгенде Ол найзағайларына шек қоймайды.
5Осылай Құдай Өзінің ғажайып күркіреген даусын шығарады. Ол біз ұғына алмайтын керемет істерді істейді.
6Құдай қарға: «Жерге жау!», нөсер жаңбырға: «Қатты нөсер болып құйыл!» деп бұйырады.
7Сонда адамдардың бәрі істеп жатқан жұмыстарын тоқтатып, Оның керемет істеріне қарап тұрады.
8Аңдар апандарына барып жасырынады. Осы ауа райы өтіп кеткенше апандарын паналайды.
9Кейде құйын өз орнынан шығып, солтүстік дауыл аяз алып келеді.
10Құдайдың жіберген (аязды) желінен мұз пайда болып, кең жайылған су қатып қалады.
11Тәңір қою бұлттарды ылғалға кенелтеді, олар арқылы найзағайларын жарқыратады.
12Бұлттар Оның нұсқауымен бүкіл әлемнің бетімен жөңки көшіп, Оның айтқанының бәрін орындайды.
13Құдай бұлттарды не адамдарды жазалау үшін, не жерді суарып Өзінің берік мейірімін көрсету үшін келтіреді.
14Әйүп аға, мынаны тыңдаңызшы! Тоқтап, Құдайдың кереметтеріне назарыңызды аударыңызшы.
15Құдайдың дауылдарға қалай бағдар беретінін, найзағайын бұлттардан қалай жарқылдататынын білесіз бе?
16Білімі кемел Жасаған Иенің бұлттарды аспанда қалай қалықтайтын қылғанын ұғасыз ба?
17Оңтүстіктен соққан жел басылып, жер қурап жатқанда, киіммен пысынап ыстықтайсыз.
18Аспан кеңістігі шыңдалған қола айнаға ұқсас; оны Тәңір Иемен бірге жайып жібере аласыз ба?
19Құдайға не айтуымыз керек, соны бізге үйретіңізші. Қараңғылықта болғандықтан өз ісімізді қорғай алмаймыз.
20Менің бір нәрсе айтатыным туралы біреу Оған мәлімдей ме? Жоқ, әлде Оған сол туралы хабар жеткізу керек пе?
21Жел тұрып, аспанды шайдай ашып жібергенде, ешбір адам жарқыраған күнге тіке қарай алмайды.
22Сол сияқты, Құдай да Өзінің тауынан алтындай жарқыраған салтанатқа бөленіп, өз нұрлы да үрейлі салтанатын жамылып келеді.
23Құдіреті шексіз Тәңір біз жете алмайтындай бәрінен жоғары. Ол өте күшті де әділ, ешкімді езгіге салмайды.
24Пенделер сол үшін де Оны мейлінше қастерлейді. Ең даналар да Оны толығымен танып-біле алмайды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
