1— Халқымды Менің жұбатыңдар,
Көңілін оның орнықтырыңдар! —
Дейді сендер сиынған Құдай Иең. —
2Иерусалимге жылы сөз айтыңдар,
Мына хабарды оған жариялаңдар:
«Өтіп кетті басыңдағы ауыр кезең,
Кінәңнің құны өтеліп, кешірілдің!
Себебі Жаратқан Иенің қолы саған
Бар күнәңнің жазасын берді молынан».
3Жар салған дауыс шығады айдалада:
«Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар!
Құдайымызға арнап иен далада
Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!
4Жолдағы сай-салалар толтырылсын,
Әрі тау-төбелер аласартылсын,
Бұралаң жерлері де түзетілсін,
Ой-қырлары да түгелдей тегістелсін!
5Сонда Жаратқан Иенің ұлылығы
Бар адамзатқа көрінетін болады,
(Оның өз халқын құтқарып алғанын)
Барлығы да ап-анық көре алады.
Себебі Жаратқан Иенің Өзі
Осы бұйрықтарды шығарған еді».
6— Жар сал! — деп бір дауыс бұйырды.
— Не туралы жариялайын? — деп сұрады хабаршы.
— Күллі пенде атаулы көк шөп секілді! Бар салтанаты мен сенімділігі дала гүлдеріндей өткінші:
7Жаратқан Ие ыстық лебін үрлесе, шөп қурап, гүлдер солып қалады. Шынында халық сондай шөпке ұқсайды!
8Шөптер сарғайып қурап, гүлдер солады, ал Құдайымыздың сөзі мәңгі қалады.
9— Ей, жақсы хабарды Сион халқына жеткізуші, биік тау басына шық! Иерусалимге ізгі хабарды әкелуші, бар даусыңмен айқай салып жарияла! Қорықпай Яһуданың қалаларына: «Міне, Құдайларың!» деп хабарла!
10Біліп алыңдар, Жаратушы Тәңір Ие жуырда зор құдіретімен келіп, билікті өз қолына алады. Жеңісінің олжасы мен сыйы Оның қасында: азат еткен халқы алдында жүреді.
11Тәңір Ие оларды ізгі шопандай бағады: «қозыларын» қолына алып, кеудесіне басып көтеріп, «саулықтарын» жайлап алға бастап жүреді.Жаратқан Иенің шексіз ұлылығы және пенденің әлсіздігі
12Кім теңізді алақанымен сарқып өлшеген,
Аспанды қарысымен қамтып белгілеген?
Кім жердің топырағын себетке салған,
Тау-төбелерді де таразыға тартқан?
13Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан,
Кеңесшісі болып бағыт берді Оған?
14Жаратқан Ие кіммен ақылдасқан,
Кім түсінік беріп те еді Оған?
Кім Жаратушыны білімге үйреткен,
Оған даналық жолын да нұсқаған?
15Қайта, бар халықтар судың шелектегі
Тамшысындай ғана болып көрінеді,
Таразыға қонған шаң-тозаң іспетті
Олар да салмақсыз деп есептеледі.
Құдай аралдарды түйіршік секілді
Оп-оңай қолына алып көтереді.
16Ливан тауындағы бар мал Тәңірге
Арнап құрбандыққа шалынып, өртелсе,
Олар да жеткілікті болмас еді!
Ливан ормандары құрбандық отына
Жетпей қалар да еді жағылуға.
17Бар халықтар Жаратқанның алдында
Онша маңызсыз болып саналады,
Олар Құдай Иемен салыстырғанда
Мүлдем жоқ, мағынасыз болып шығады.
18Сонда Құдайды кімге теңейсіңдер,
Қандай бейнеде елестетесіңдер?!
19Ұста болса, тәңір мүсінін қалыпқа құйып жасайды. Кейін зергер соны алтынмен қаптап, күмістен шынжыр бауларын дайындайды.
20Ал кедейлер мұндай қымбат тартуды ұсына алмайды. Сондықтан олар шірімейтін қатты ағашты таңдап алып, жақсы шеберді де іздеп табады. Шебер сол ағаштан жалған тәңірдің бейнесін мүсіндеп, оны бір жерге қозғалмастай етіп орнатады.
21Мынаны естіп, білмейтін бе едіңдер, әуел бастан-ақ ешкім оны сендерге айтпады ма? Жер жаратылғаннан бері мынаны түсінбейтін бе едіңдер:
22Жасаған Ие жер шарының үстіндегі «тағында» отыр! Жер бетіндегілер Оның алдында шегірткелердей кіп-кішкентай.
Жаратқан Ие аспанды шымылдықтай жайып жібереді, оны шатырдай тігіп, Өзіне мекен етеді.
23Құдай жердің әміршілерін түкке тұрғысыз етіп, осы дүниенің билеушілерін күшінен айырады.
24Олар жуырда жерге себілген не отырғызылған, енді ғана тамыр жайған өсімдіктерге ұқсайды: Жаратқан Ие ыстық лебін үрлегенде солар бірден кеуіп, солып қалады. Содан қатты дауыл оларды қауыздай ұшырып әкетеді.
25«Сендер Мені кімге ұқсатасыңдар,
Кіммен Мені салыстырасыңдар?» —
Деп сауал қояды Киелі Құдай.
26Аспанға көз жіберіп қараңдаршы:
Кім жаратты ондағы жұлдыздарды?!
Бір-бірлеп алып шығып шоқжұлдыздарды,
Ол әрқайсысын өз атымен шақырады.
Жаратқанның құдіреті сонша зор болып,
Біреуі шет қалмай, бәрі Оған бағынады.
27Жақыптың әулеті, неге шағым айтасың,
Исраил халқы, неге былай деп налисың:
«Жүрген жолым Жаратқаннан жасырынған,
Мүддем Құдайымның назарынан тыс қалған!»
28Сен мынаны естіп, білмеуші ме едің:
Мәңгілік Құдай — сенің Жаратқан Иең,
Шексіз зор даналығы Өзінің,
Ол жаратты жердің түкпір-түкпірін!
Ешқашан Құдай шаршап-шалдықпайды,
29Қалжырағанға Ол қуат сыйлайды,
Қажып, шаршағанға күш табыстайды.
30Жасөспірімдер әлсіреп шаршайды,
Тіпті жігіттер де сүрініп құлайды,
31Ал сенім артқандар Жаратқан Иеге
Жаңа күш-қуатты иемденеді де,
Қырандай қанаттарын жайып кеңістікке
Самғай жөнеледі, алайда талмайды,
Жүре береді, бірақ еш болдырмайды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.