1Яһудея аймағындағы елшілер мен бауырластар Құдайдың Ізгі хабарын басқа ұлттың адамдары да қабылдағанын естіп білді.
2Петір Иерусалимге қайтып келгенде, Мәсіхке сенуші яһудилер оны:
3— Сіз сүндеттелмеген адамдарға барып, солармен бірге тамақ ішіпсіз, — деп жазғырды.
4Сонда Петір оларға оқиғаның қалай болғанын рет-ретімен баяндап беріп былай деді:
5— Мен Иоппе қаласында мінажат етіп отырғанда, ерекше күйге еніп аян көрдім: үлкен дастарқанға ұқсас бір нәрсе төрт бұрышынан ұсталған күйі көктен түсіріліп, қасыма төмендеп келе жатты.
6Анықтап қарағанымда одан төрт аяқты жануарларды, жабайы аңдарды, бауырымен жорғалаушылар мен жабайы құстарды көрдім.
7Сондай-ақ, «Петір, тұр, бұлардың біреуін сойып, же!» деген дауысты да естідім.
8Ал мен: «Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ жеген емеспін», — деп жауап қаттым.
9Ал көктен естілген жаңағы дауыс тағы да: «Құдай адал еткенді сен арам деп айтпа!» — деп бұйырды.
10Осы үш рет қайталанып, бәрі қайтадан көкке тартылып кетті.
11Дәл сол кезде мен тұрған үйдің алдына Кесариядан маған жіберілген үш кісі келді.
12Киелі Рух маған ойланбастан солармен бірге кетуім керек екенін айтып бұйырды. Мына алты бауырласымыз да ілесіп барып, осылай сол адамның үйіне кірдік.
13Ол бізге өзінің үйінде отырғанда періштенің аян беріп: «Біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петір дегенді шақырт!
14Ол саған Ізгі хабар айтады, сол арқылы өзің де, бүкіл үй ішің де құтқарыласыңдар» дегенін әңгімелеп берді.
15Мен оларға сөйлей бастағанда, тура о баста бізге қонғандай, олардың үстіне де Киелі Рух қонды.
16Сонда Иеміздің мына сөзі есіме түсті: «Жақияның шомылдыру рәсімі сумен болатын, ал сендер Киелі Рухпен шомылдырыласыңдар».
17Сондықтан, егер Құдай бізге берген сыйын Иеміз Иса Мәсіхке сенетін оларға да берсе, онда мен Құдайға қарсы келетін кіммін?
18Яһуди сенушілері осыны естігенде тынышталып:
— Сонымен Құдай басқа ұлттардың да теріс жолдан қайтып, шынайы өмірге ие болуына мүмкіндік берді! — деп қорытып, Құдайды мадақтай бастады.
Антақиядағы алғашқы «мәсіхшілер» қауымы19Степан өлгеннен кейін қуғынға ұшырап, бытырап кеткен сенушілер сол екі арада Финикия өлкесіне, Кипр аралына және Сирияның астанасы Антақияға дейін барған еді. Олар Ізгі хабарды тек яһудилерге ғана уағыздап жүрді.
20Бірақ кейбір кипрлік және күренелік сенушілер Антақияға келіп, Иеміз Иса туралы Ізгі хабарды грекше сөйлейтін басқа ұлттық адамдарға да айтып жүрді.
21Иеміз құдіретті қолын созып мейірімді шапағатымен жарылқағандықтан, көп кісілер теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті.
22Бұл жайында Иерусалимдегі сенушілер қауымы да құлақтанып, Антақияға Барнабаны жіберді.
23Ол келіп, сол кісілерге деген Құдайдың рақымын көрген соң қатты қуанып, бәріне: «Иемізге шын жүректен адал болыңдар!» — деп жігер берді.
24Өйткені Барнаба Киелі Рух пен сенімге молынан кенелген жақсы кісі еді. Осылай Иеміздің қауымына көптеген адамдар қосылды.
25Содан кейін Барнаба Саулды іздеу үшін Тарсқа барып,
26оны тауып, Антақияға алып келді. Сол жердегі қауымда екеуі бір жылдай болып, көп кісілерге тәлім берді. Антақияда Исаның жолын қуушы шәкірттері алғаш рет «мәсіхшілер» деп аталды.
Антақия қауымының Яһудеядағы сенушілерге жәрдемдесуі27Осы кезде Иерусалимнен Антақияға бірнеше пайғамбар келді.
28Солардың ішінен Агаб деген біреуі орнынан тұрып, Киелі Рухтың бүкіл жерді аштық жайлайды деген хабарын жеткізді. Осы аштық Клаудидің патшалық құрған кезінде болды.
29Сондықтан Иеміздің жолын қуушылар әрқайсысы өзінің шамасы келгенше Яһудея аймағындағы бауырластарына жәрдем жіберуге шешім қабылдады.
30Олар осылай істеп, жинағандарын Иерусалим қауымының жетекшілеріне Барнаба мен Саул арқылы жөнелтті.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.