1Рухым күйреген, күндерім таусылуға жақын. Алдымда күтіп тұрған көр ғана.
2Қасымдағылар мені келеке қылуда. Бар көретінім — олардың ащы қорлығы.
3(Уа, Құдай,) менің әділдігім жайлы кепілдік бере көрші! Сенен басқа оны беретін кім бар?
4Өзің олардың ой-санасын жауып қойдың. Енді олардың жеңіске жетуіне жол бермеші!
5Олар өз пайдалары үшін достарын сатады, бірақ соның кесірі балаларына тиетін болады.
6Құдай мені жұрттың мазағына айналдырды. Бәрі де бетіме түкіріп қорлайды.
7Қайғыдан көздерім буалдырланып, денемнің құр сүлдері қалды.
8Әділ адамдар мені көргенде аңтарыла шошынады. Кінәсіздер арсыздарға ашуланып, қарсы көтеріледі.
9Сонда да әділдер өз жолдарымен нық жүреді, қолдары таза ізгі жандар күшейген үстіне күшейе береді.
10Бірақ келіңдер, бәрің де, қайтадан тырысыңдар! Бәрібір араларыңнан ақылды адамды таба алмаспын.
11Күндерім өтіп, ниеттенгендерім өшіп қалды. Жан-тәніммен аңсағаным да осылайша құрыды.
12Ал адамдар күнді түн қылады, қараңғы басқанның өзінде «Қазір жарық болады!» деп баса айтады.
13Егер көр үйім болайын деп, төсегім түнекте салынайын деп жатса,
14шіруді әкем, тәнімді жалмайтын құртты шешем, әпке-қарындасым деп отырсам,
15онда үмітімнің қайда болғаны? Оны таба алатын біреу бар ма?
16Жоқ, үмітім менімен бірге о дүниеге аттанбақ. Екеуіміз де бірдей жер қойнына түсерміз.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
