Заңды қайталау 16 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құтқарылу мейрамы жайлы ереже

1Құдайларың Жаратқан Ие сендерді абиб айының бір түнінде Мысыр елінен алып шыққан еді. Сондықтан осы мезгілді есте ұстап, сол айда Құдай Иенің құрметіне арнап Құтқарылу мейрамын тойлаңдар!

2Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында қой-ешкілеріңнен не мүйізді ірі қара малдарыңнан Құдай Иенің құрметіне Құтқарылу мейрамына арналған құрбандықты шалыңдар.

3Оның етін ашытқы салып пісірілген нанмен қосып жемеңдер. Жеті күн бойы етті ашымаған нанмен қосып жеңдер. Бұл нан — көрген қиындықтарыңды еске түсіретін нан, себебі Мысыр елін асығыс тастап шықтыңдар. Сендер Мысырдан көшіп шыққан күнді осы рәсімді орындау арқылы өмір бойы есте сақтайтын боласыңдар.

4Өздерің тұрып жатқан бүкіл ел көлемінде сол жеті күн бойы ешқандай ашытқы көрінбеуі керек.

Сендер мейрамның алғашқы күнгі кешінде құрбандыққа шалған малдың ешбір еті таң атқанша қалып қоймасын!

5Құдайларың Жаратқан Ие сендерге беріп отырған елді мекендеріңнің барлығында бірдей Құтқарылу мейрамының құрбандығын шалуларыңа болмайды.

6Құрбандықты тек Құдайларың Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында ғана шалыңдар! Оны Мысыр елінен шыққан мезгілдерің — кеште күн батқанда шалуларың керек.

7Етті отқа қақтап пісіріп, Құдай Ие тағайындаған орында жеңдер. Ал келесі күні таңертең қонатын шатырларыңа қайтуларыңа болады.

8Алты күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Жетінші күні Құдайларың Жаратқан Иеге арналған салтанатты жиналыс өткізіңдер. Сол күні ешқандай жұмыс істемеңдер!

Жеті апта (Елуінші күн) мейрамы

9Осы кезден, демек, пісіп тұрған арпаны ора бастаған уақыттан бастап жеті апталық кезеңді санап алыңдар.

10Бұл кезеңнің соңында Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған Жеті апта мейрамын тойлаңдар. Сонда Құдай Иенің сендерді жарылқағанына сәйкес Оған өз еріктеріңмен беретін сый-тартуды әкеліп ұсыныңдар.

11Құдай Иенің алдында, Оның өз есіміне арналған жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орнында, сендер ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, араларыңдағы жат жұрттықтармен және жетім-жесірлермен бірге қуана мейрамдаңдар.

12Өздеріңнің Мысыр елінде құлдықта болғандарыңды естеріңде ұстап, осы ережелерді сақтап орындаңдар.

Күркелер мейрамы

13Астық бастырып, жүзім шырынын сығып болғаннан кейін жеті күн Күркелер мейрамын өткізіңдер.

14Мейрамды ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, жат жұрттықтармен, жетім-жесірлермен бірге шаттана тойлаңдар.

15Осы мейрамды Құдайларың Жаратқан Иенің құрметіне Өзі тағайындаған орында жеті күн бойы өткізіңдер. Себебі Құдай Ие сендерге мол өнім беріп, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сондықтан зор шаттыққа кенелесіңдер.

16Сонымен барлық ер адамдарың Құдайларың Жаратқан Иенің алдына, Өзі таңдап алған орынға жылына үш рет барулары керек: Ашымаған нан мейрамы, Жеті апта мейрамы және Күркелер мейрамы кезінде. Олар Жаратқан Иенің алдына құр қол бармай,

17әрқайсысы Құдай Иеміздің өздеріңді жарылқағанына сәйкес, хал-жағдайына қарай сый-тартулар ұсынсын.

Әділ басшылар

18Құдайларың Жаратқан Ие сендерге табыстап отырған елді мекендеріңнің бәрінде барлық руларыңа арнап төрешілер мен басқарушылар тағайындаңдар. Олар халыққа әділ билік айтуға міндетті болады.

19Не әділдікті бұрмалаушы, не адамның бет-жүзіне қараушы, не пара алушы болмаңдар! Пара деген дананың көзін соқыр қылып, әділдің іс-әрекетін бұрмалайды.

20Әділдікке, тек әділдікке ғана ұмтылыңдар! Сонда тірі қалып, Құдай Иенің өздеріңе табыстап отырған елін иемденетін боласыңдар.

Жалған тәңірлерге табынудан сақтандыру

21Құдайларың Жаратқан Иеге арнап салған құрбандық орындарыңның жанына жалған тәңір Ашераға бағышталған ешқандай ағаш бағаналар орнатпаңдар!

22Табынуға арналған тас бағаналар да орнатпаңдар! Құдай Иеміз сондай нәрселерді жек көреді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help