1Бір күні Ғилақад әулетінің басшылары — Жүсіптің немересі, Манасаның ұлы Махырдың ұрпақтары Мұсаның және Исраил халқының жетекшілері мен әулет басшыларының алдына келіп, былай деді:
2— Уа, тақсыр! Жаратқан Ие сізге мына елдің жерін исраилдіктерге жеребе арқылы үлестіріп бер деп бұйырған кезде ағайынымыз Салопахадқа тиесілі мұралық жерді артында қалған қыздарына беруге бұйырған болатын.
3Егер сол қыздар басқа рулық исраилдіктерге күйеуге шықса, онда олардың үлестері өз әулетіміздің мұралық меншігіне тиген жерден бөлініп, қыздың барған әулетінің жеріне қосылады. Осылайша сол жер біздің жеребе арқылы иемденген үлесімізден алынып тасталады.
4Мереке жылы келген кезде де сол қыздардың мұралық жері бізге қайтарылмай, қыздың күйеуге тиген руының жер үлесіне қосылып, біздің руымыздың мұралық меншігінен шығып қалады.
5Сонда Мұса Жаратқан Иенің айтқан сөзі бойынша исраилдіктерге мына шешімін жеткізді:
— Жүсіптен тараған рудың адамдары дұрыс айтады.
6Жаратқан Иенің Салопахадтың қыздарына байланысты шешімі мынау: Олардың қалаған адамдарына күйеуге шығуларына болады, тек күйеуі қыздың өз руының бір әулетінен шыққан адам болсын.
7Осылайша исраилдіктердің мұралық жерлері бір рудан екіншісіне көшпесін. Әрбір исраилдік ата-бабаларының руының мұралық жерін біртұтас сақтайтын болсын.
8Исраил руларының бір жер үлесін мұра етпек болған әрбір қыз өз әкесінің руының адамына күйеуге шығатын болсын. Осылайша исраилдіктер ата-бабаларының мұралық жерлерін біртұтас сақтайтын болады.
9Сонымен мұралық үлестер бір рудан екіншісіне көшпесін. Қайта, исраилдіктердің барша рулары өздерінің мұралық жерлерін біртұтас сақтайтын болсын.
10Жаратқан Иенің Мұса арқылы бұйырғанын Салопахадтың қыздары орындады.
11Махла, Тирса, Хоғла, Мылқа, Ноға есімді осы қыздар әкелерінің ағайындарының ұлдарына күйеуге тиді.
12Демек, олар Жүсіптің ұлы Манасадан тараған рудың ер адамдарына тұрмысқа шықты. Осылай өздерінің мұралық жерлері әкелерінің руының үлесінде қалды.
13Жаратқан Иенің Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында Мұса пайғамбар арқылы исраилдіктерге тапсырған заңдары мен ережелері, міне, осылар.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
