Заңды қайталау 34 - Киелі кітап(QazBi2010)

Мұса пайғамбардың дүние салуы

1Мұнан кейін Мұса Моабтың елсіз алқаптарынан Иерихонның қарсысындағы Небо тауына, Писганың басына шықты. Сол жерде Жаратқан Ие оған бүкіл елді: Ғилақадтан сонау Данға дейінгі аралықты,

2Нафталим руының қоныстанар жерінің бәрін, Ефрем мен Манасаның аймақтарын, Яһуданың барлық жерін батыстағы Жерорта теңізіне дейін,

3оңтүстіктегі Негев даласын әрі құрма ағаштары өсетін Иерихон қаласы орналасқан алқаптан Соғар қаласына дейінгі бүкіл өңірді көрсетті.

4Сонда Жаратқан Ие оған былай деді: «Мынау — Мен ұрпақтарыңа сыйлаймын деп Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен уәде еткен ел. Оны көзіңмен көруге саған мүмкіндік бердім, ал өзің сол жаққа өтіп, елге кірмейсің».

5Бұдан соң Жаратқан Иенің айтқан сөзіне сәйкес Оның қызметшісі Мұса сол жерде дүние салды.

6Оның мәйіті Моаб елінде, Бет-Пеғорға қарсы жатқан алқапта қабірге қойылды. Күні бүгінге дейін Мұсаның қабірінің қайда екенін ешбір адам білмейді.

7Мұса қайтыс болғанда жүз жиырма жаста еді. Ол көзінің нұры таймаған, тың да қайратты кісі болатын.

8Исраилдіктер Моабтың елсіз алқаптарында Мұсаны аза тұту уақыты біткенше, отыз күн бойы қатты қайғыра жылап жоқтады.

9Ал Нұн ұлы Ешуа Құдайдың даналық пен дарындар сыйлайтын Рухына кенелген еді. Себебі Мұса оның үстіне қолын қойып батасын берген болатын. Сондықтан исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай, Ешуаның айтқанын тыңдайтын болды.

10Бұдан былай Исраилде Мұса сияқты ұлы пайғамбар болған емес. Жаратқан Ие Мұса пайғамбармен ғана бетпе-бет қарым-қатынас жасайтын.

11Ол Мұсаны Мысыр еліне жібергенде оған перғауынды, оның барлық нөкерлері мен елін жазалау үшін әр түрлі кереметтер мен ғажайып істерді орындатты.

12Осылайша Мұса бүкіл Исраил халқының көз алдында Жаратқан Иенің зор құдіретін көрсетіп, үрейлі іс-әрекеттерді жасады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help