Аян 9 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Бесінші періште кернейлеткенде, көктен жерге құлап түскен «жұлдызды» көрдім. Оған (жындар тұратын) терең тұңғиық көзінің кілті берілді.

2Жұлдыз тұңғиықтың қақпасын ашқанда, одан үлкен пештен шыққандай қою түтін шығып, содан күн көзі де, ауа да қараңғыланып кетті.

3Түтіннен «шегірткелер» шығып, жерге қонды. Оларға жердегі шаяндар іспетті (залал тигізу) күші беріліп,

4тек маңдайларында Құдайдың таңбасы жоқ адамдарды ғана жәбірлеу бұйырылды. Ал оларға көк шөпке, басқа да ешқандай өсімдіктер мен ағаштарға зақым келтіруге рұқсат берілмеді.

5Сол «шегірткелердің» бұл адамдарды өлтірмей, тек бес ай бойы азаптау еркі ғана болды. Олардың шаққаны адамды улы шаянның шаққанындай азаптап қинайды.

6Осы бес ай ішінде адамдар өлгілері келсе де, өле алмайды. Олар өлуді қаншама аңсағанмен, ажал олардан безіп кететін болады.

7Шегірткелер ұрысқа дайын аттардай көрінді. Бастарына алтын тәж секілді бір нәрсе киіп, бет пішіндері адамға ұқсас болды.

8Олардың шаштары әйелдердің шаштарындай, тістері арыстанның тістеріндей,

9ал кигендері темір сауытқа ұқсас екен. Қанаттарынан шыққан шуы ұрысқа шапқан ат жеккен сансыз күймелердің дөңгелектерінің дыбысындай еді.

10Шегірткелердің шаяндікі сияқты құйрықтары мен улы тістері бар екен; оларға бес ай бойы адамдарды шағу еркі берілді.

11Тұңғиықтың періштесі шегірткелердің үстерінен патшадай билік жүргізеді екен. Оның еврейше, грекше аттарының мағынасы — «Құртушы».

12Бір қасірет өтті, енді, міне, тағы екеуі төніп келеді!

13Алтыншы періште кернейлеткен кезде Құдай алдында тұрған, алтын жалатқан түтету үстелінің төрт бұрышындағы мүйіздерінен шыққан бір дауысты естідім.

14Сол дауыс кернейі бар алтыншы періштеге: «Ұлы Евфрат өзенінің жағасында байлаулы жатқан төрт хабаршыны босат!» — деп бұйырды.

15Сонда дәл осы сағат, осы күн, осы ай, осы жылда (күнәкар) адамдардың үштен бірін өлтіруге дайындалған төрт хабаршы босатылып жіберілді.

16Олардың атты әскерінің санын естідім: екі жүз миллион шамасында еді.

17Мен осы аянда көрген аттар мен салт аттылардың сырт көрінісі мынадай: үстерінде оттай қызыл, қара көк және күкірттей сары түсті қалқандары бар еді. Аттардың бастары арыстандікіне ұқсап, ал ауыздарынан от-жалын, түтін және күкірт шығып жатты.

18Адамзаттың үштен бірі аттардың ауыздарынан шыққан осы үш пәледен: от-жалын, түтін және күкірттен қырылып қалды.

19Аттардың күштері ауыздарында да, құйрықтарында да бар еді. Себебі құйрықтары адамды шағып зақымдайтын басы бар жыландарға ұқсайтын.

20Алайда сол пәлелерден өлмей, аман қалған адамдар өз қылықтарына өкініп, бас тарта қоймады. Олар өздерінің жын-перілерге және алтын, күміс, мыс, тас немесе ағаштан жасалған мүсіндерге табынып келгендеріне опық жеп, тәубеге келмеді. Ал сол мүсіндер не көре, не ести, не жүре алмайды ғой.

21Сонымен қатар адамдар өздерінің кісі өлтіріп, сиқыршылықпен айналысып, азғындыққа салынып, ұрлық жасап күнәға батқандарынан да қайтпады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help