Әйүп 31 - Киелі кітап(QazBi2010)

Әйүптің таза да ізгі өмір сүріп келгені жайлы ант беруі

1Қыз-келіншектерге құмарта қарамауға көздеріммен келісім жасасып, оларды соған үйреттім.

2Өйткені заңғар биікте тұратын Құдай бізге қандай тағдырды белгілеген? Құдіреті шексіз Тәңір бізге қандай «мұра» бұйырған?

3Ол әділетсіздерге жазасын тартқызып, жамандық жасағандарды апатқа ұшыратпай ма?

4Бар іс-әрекетімді көріп, басқан қадамдарымның бәрін де Ол бағалайды емес пе?

5Әлде мен өтірікке сүйене өмір сүріп, адамдарды алдадым ба?

6Құдай істерімді дұрыс таразыға сала көрсін. Менің адалдығымды Оның Өзі біледі ғой.

7Егер мен не тура жолдан тайған, не көзбен көргеніме құмартқан, не басқа да күнә жасап арамданған болсам,

8онда еккен егінімнің өнімін басқалар жеп қойсын! Отырғызған көшеттерім түп-тамырымен жұлынып қалсын!

9Егер бір әйелдің еліктіруіне түсіп, не көршімнің есігінде оның әйелін аңдыған болсам,

10онда өз әйелім басқа бір еркектің қол диірменін тартып, тамағын дайындасын, әрі бөтен адамдар онымен жақындасатын болсын.

11Себебі осылай істесем, бұл нағыз зұлымдық әрі сотталып, жазалануға лайықты күнә болар еді.

12Сондай істерім өзімді өртеп, тозаққа түсіретін, бар игілігімді тұтас жалмап қоятын от сияқты болар еді.

13Немесе қызметшілерім шағымданып, мен олардың ақыларын жеп қойған болсам,

14онда Құдай сот жүргізу үшін орнынан тұрғанда, не істер едім? Ол мені тексеріп сынағанда, Оған қандай жауап берер едім?

15Мені анамның құрсағында жаратқан Құдайым қызметшілерімнің әрқайсысын да солай жаратқан жоқ па?!

16Мен бейшараларға қажетті көмекті бермеп пе едім, яки жесірлерді жылатып үмітсіз қалдырған ба едім?

17Әлде нанымды жалғыз өзім жеп, жетіммен бөлісуден бас тарттым ба?

18Жоқ, мен әкесіндей болып жас кезімнен-ақ жетімді асырадым. Өмір бойы жесірлерге де қамқорлық жасап келемін.

19Киімі жоқ үй-күйсізді әрі жамылғысы жоқ жарлы-жақыбайды көргенде,

20оларға өз қойымның жүнінен тоқылған киім кигізбедім бе? Сол үшін олар маған алғыс айтқан жоқ па еді?

21Егер соттың маған болысатынына сенімді болып, жетімге қарсы қолымды созып зорлық жасасам,

22онда иығым жауырынымнан ажырап, қолым да буынынан шығып кетсін!

23Өйткені мен Құдайдың жазасынан қорықтым. Осындай нәрсені істегеннен кейін Оның салтанатты ұлылығымен бетпе-бет келгенде соған төзе алмас едім.

24Я болмаса алтынға сенімімді артып, саф алтынды өзіме демеу еткен бе едім?

25Байлығымның молдығына әрі ағыл-тегіл дәулетке қол жеткізгеніме лепіре мақтандым ба?

26Мен жарқырап тұрған күнге не салтанатпен қимылдайтын айға қарағанда,

27жүрегім елігіп кетті ме? Қолымды өбіп, күнге не айға қарай созып табындым ба?

28Бұл да сотталып жазалануға тиіс күнә. Солай еткен болсам, мен көктегі Құдайға опасыздық жасаған болар едім.

29Яки өзімді жек көретін дұшпанымның басына түскен бақытсыздығына қуанып, оның ұшыраған апатына шаттандым ба?

30Жоқ, мен аузымның ондай адамды қарғап күнә жасауына жол берген емеспін.

31Үйімдегі қызметшілерім: «Әйүптің дастарқанынан тоя ет жемеген адам болған емес!» деп мені мақтайтын.

32Ешбір бөтен жолаушыны менің кесірімнен далада түнеуге мәжбүр етпей, бәріне де есігімді айқара ашып қоятынмын.

33Я болмаса, басқалардай күнәларымды жасырып, айыбымды жүрегімде тығып жүрдім бе?

34Осылайша үлкен жамағаттан әрі руластарымнан ұялып, сыртқа шықпай, жиналысқа қатыспаған кезім болды ма? (Жоқ, ешқашан да!)

Әйүптің айыптаушыларынан дәлел талап етуі

35Мені тыңдайтын біреу болса ғой! (Өзімді ақтайтын құжатқа) қолымды қоюға дайынмын. Құдіреті шексіз Тәңір маған жауап қайыра көрсін! Мені айыптаушы маған қандай кінә тағатынын жазбаға тізіп жазып берсін!

36Соны ашықтан-ашық иығымда көтеріп жүріп, тіпті тәж іспетті басыма киіп те алар едім.

37Мен Құдайға әр басқан қадамым туралы есеп беріп, Оның алдына әмірші іспетті емін-еркін барар едім.

38Егер егістік жерім мені кінәлап, оның соқа айдаған іздері жылаған іспетті шағымданса,

39мен оның өнімін жұмысшыларға жалақыларын төлемей алған, не иелерінің көзін құртқан болсам,

40онда бидайдың орнына тікенек, арпаның орнына арам шөп өсіп шықсын!

Әйүптің айтқан сөздері осымен аяқталды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help