1Пенденің бұ дүниедегі өмірі ауыр мехнат емес пе? Оның жер бетіндегі ғұмыры жалшының күндеріндей азапты.
2Пенде кешкі көлеңкені аңсаған құлға ұқсас, әрі күндік жалақысын асыға күткен жалшы сияқты.
3Дәл солай түкке тұрғысыз айлар мен азапқа толы түндер менің үлесіме тиді.
4Орныма жатқанда «Қашан тұра аламын?» деп ойлаймын. Осылай түн ұзаққа созылып, таң атқанша дөңбекшіп шығамын.
5Тұла бойымды құрт пен жара басқан, терім жарылып, жарамнан ірің аққан.
6Өмірім тоқымашының қайығындай зырылдап өтіп жатыр, ақыр соңында ол еш үмітсіз үзіледі.
7Уа, Құдай, өмірімнің дем іспетті өткінші екенін ұмытпашы! Енді қайтып игілік атаулыны көрмеспін.
8Қазір Сен мені көріп тұрсың, ал кейін көрмейтін боласың. Сонда маған назар саласың, бірақ мен жоқ боламын.
9Бұлттың сейіліп жоқ болып кететініндей, о дүниеге аттанған жан да одан кері қайтпайды.
10Ол үйіне қайта оралмайды, тұрған жеріне беймәлім болып жоғалады.
11Сондықтан мен аузыма ерік беремін. Жанымның қиналысын білдіремін, көкірегімдегі шерімді төгемін.
12Сен маған сақшы қоятындай мен буырқанған теңіз не алып айдаһар ма едім?
13«Төсегімде жатып көңілімді басайын, орнымда тынығып азабымды жеңілдетейін!» десем,
14Сен мені түстермен қорқытып, түрлі елестермен зәремді ұшырасың.
15Содан мен мына денеде өмір сүргенше, буындырылып өлтірілгенді артық көрер едім.
16Осылайша өмірімді жек көремін, мәңгілік өмір сүргім келмейді. Күндерім шығарған демімдей өткінші, өзімді жалғыз қалдырсаңшы!
17Сен соншама бағалап, оған назарыңды салатындай пенде кім өзі?
18Таң атқан сайын Сен оны тексеріп, әр сәт сайын оны сынайсың.
19Сен ешқашан назарыңды менен басқа жаққа аудармайсың ба? Қас қағым сәт болса да, мені жалғыз қалдырсаңшы?
20Егер күнә жасасам, Саған қандай зиян келтірер едім, уа, адамзаттың Бақылаушысы? Мені неге Өзіңе нысана қылдың? Саған сондай масыл болдым ба?
21Қателерімді кешіріп, жаман істерімді неге менен алып тастамайсың? Жуырда мен жер қойнына кіремін. Содан мені іздейсің, бірақ мен жоқ боламын.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
