Патшалықтар 4-ж. 25 - Киелі кітап(QazBi2010)

Бабыл әскерінің Иерусалимді қайтадан жаулап алып, Седекияхты жазалауы

1Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады.

2Қала Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды.

3Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді.

4Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Бабылдық әскер қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан алқабындағы елсіз далаға қарай бет алды.

5Алайда Бабыл әскері патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын.

6Седекиях бабылдықтардың қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Сол жерде бабылдықтар Седекияхты соттап, үкімін шығарды.

7Олар Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті.

Қала мен киелі үйдің қиратылып, халықтың Бабылға жер аударылуы

8Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті.

9Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді.

10Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер Иерусалимді қоршаған қабырғаларды қиратып тастады.

11Ұландардың әміршісі Набузар-Адан қалада қалып қойғандарды, Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді және елдің басқа да халқын тұтқындап, айдап әкетті.

12Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды.

13Бабылдықтар Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті.

14Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштер мен табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті.

15Ұландардың әміршісі шоқ салынатын табаларды, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да олжалап әкетті.

16Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазан мен тұғырлардың қоласы таразыға тартып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды.

17Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, ал үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі үш шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді.

18Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады.

19Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің бесеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын.

20Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына, Бабыл патшасының алдына алып барды.

21Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлтіруге бұйырды.

Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті.

Яһуда әкімі Ғодалияхтың өлтірілуі

22Бабыл патшасы Набуходоносор Ғодалияхты Яһуданың әкімі етіп тағайындап, Бабылға әкетілмеген халықты оның қарауына тапсырды. Ғодалиях Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі еді.

23Яһуда елінде қалып қойған барлық жасақ басшылары мен олардың адамдары патшаның Ғодалияхты әкім етіп тағайындағаны туралы естігенде, олар Миспа қаласындағы Ғодалияхқа келді. Сол жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұл, Қареях ұлы Жоханан, нетопаттық Танхумет ұлы Сераях және махалық Езаниях болатын.

24Ғодалиях олардың өздерін және адамдарын жігерлендіріп: «Бабылдық қызметкерлерден қорықпаңдар! Елде тұрып қалып, Бабыл патшасына қызмет етіңдер, сонда жағдайларың жақсы болады!» — деп уәде беріп ант етті.

25Бірақ сол жылдың жетінші айында патшалық әулетке жататын Әлишаманың немересі Нетаниях ұлы Ысмағұл он адамымен бірге Миспаға келді. Олар Яһуданың әкімі Ғодалияхты қастандықпен өлтірді және Миспада Ғодалияхтың қасында болған исраилдіктер мен бабылдықтардың да көздерін құртты.

26Содан үлкенді-кішілі барлық исраилдіктер әрі жасақшылардың басшылары бабылдықтардың жазасынан қорқып, Мысырға қашып кетті.

Ехониях патшаның Бабылда ақталып, абыройлы болуы

27Ал Яһуда (елінің бұрынғы) патшасы Ехониях болса, ол Бабылға жер аударылып кеткеннен кейінгі отыз жетінші жылы Еуил-Меродах Бабыл еліне патшалық құра бастады. Жаңа патша сол жылдың он екінші айының жиырма жетінші күні Ехонияхты түрмеден шығарып, азат етті.

28Еуил-Меродах онымен жылы сөйлесіп, Бабылда өз қасында болған барлық басқа патшалардан гөрі Ехонияхты ең жоғарғы орынға отырғызды.

29Ехониях түрмедегі киімдерін ауыстырып, бұдан былай ұдайы патшамен дастарқандас болып, бірге тамақтанатын болды.

30Өмірінің соңына дейін Ехонияхтың күнделікті мұқтаждықтарын Бабыл патшасы қамтамасыз етіп отырды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help