Уағыздаушы 12 - Киелі кітап(QazBi2010)

Кәрілікке дайындалу

1Жастық шағыңда Жаратушыңды есіңде берік ұста! Азапты күндерің жетіп, «олардан рақат таппаймын» дейтін жылдарың жақындамай тұрып, Жаратушыңды қастерлейтін бол!

2Сол кезде күн мен нұр, ай мен жұлдыздар көмескіленіп, жауыннан кейін де қою бұлттар сейілмей адамның көзі нашар көрер.

3Сонда адамның «үйді қорғайтын» екі аяғы дірілдеп, мықты иықтары бүгілер. Оның тамақты диірмендей уататын тістері аз болғандықтан жұмыстарын доғарар. Терезеден сыртқа қарайтын жанарлары буалдыр тартар.

4Екі құлағы үйдің көшеге қараған есіктеріндей тарс жабылып, астық тартып отырған қол диірменнің үнін құлағы әрең шалар. Адам таң сәріде шымшық шырылдағанда оянар, ал оның әндерін әзер естір.

5Сол жаста адамдар құлап қалудан қорқып, жолдағы қауіп-қатерден жүрексінер. Шаштары гүлдеген бадам ағашындай әппақ болар. Салқын күндегі шегірткедей адам сүйретіліп зорға жүрер, әрі құштарлығы да қоздырылмас. Ақыр аяғында адам о дүниедегі мәңгілік мекеніне аттанар, ал көше оны жоқтаушыларға толар.

6Сондықтан өмірдің күміс жібі әлі де үзілмей, алтын тостағаны сынбай, су құятын құмыра талқандалмай, құдықтағы су тартқыш қирап құлап түспей тұрғанда Жаратушыңды есіңде ұста!

7Себебі сол уақыт келгенде топырақтан жаратылған денеміз топыраққа қайта айналып, жанымыз өзін сыйлаған Құдайға кері қайтады.

Соңғы сөз: Құдайды қастерлеп, Оның өсиеттерін ұстанған абзал

8«Құр бекершілік! — деп үйрететін Даналықты уағыздаушы — (жеке өздігінен өмірдің) бәрі де бекершілік!»

9Өзі кемеңгер болып қана қоймай, Даналықты уағыздаушы сонымен бірге халыққа тәлім беріп, көптеген нақыл сөздерді ой елегінен өткізіп бағалап, реттеп жазып қойып отырды.

10Даналықты уағыздаушы бәрін де орынды сөздермен айтып жеткізуге ұмтылды және оның жазғандары шынайы әрі нағыз ақиқат.

11Данышпандардың сөздері (мүйізді ірі қараны айдайтын) ұшты таяқ іспетті адамды іс-әрекетке жұмылдырады. Сол жиналған нақылдар қағылған шегедей дәл тиеді. Бұлардың бәрін берген — бір Бағушы.

12Балам, мұның бәріне қоса тағы бір нәрседен де сақ бол: көптеген кітап жаза берудің шегі жоқ, әрі тым көп оқу денені шаршатады.

13Ал енді, айтылғандардың барлығының қорытындысын тыңдайық: Құдайды терең қастерлеп, Оның өсиеттерін орында! Себебі бұл — әр адамның парызы.

14Өйткені Құдай адамның әрбір ісіне, тіпті ешкімге білдірмей жасаған не жақсы, не жаман ісіне де Өзінің сотында әділ бағасын береді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help