Нақыл сөздер 3 - Киелі кітап(QazBi2010)

Тәлім алып, Тәңір Иеге мойынсұнудың зор пайдасы

1Балам, берген нұсқауларымды еш ұмытпа,

Өсиеттерімді менің жүректе сақта!

2Өйткені олар ғұмырыңды ұзартар,

Амандық пен тыныштық молынан дарытар.

3Мейірім мен шындықтан ешқашан безбе,

Мойныңа байлап, жазып қойғандай жүрекке.

4Сонда ұнамды болып Құдай мен адамға,

Ие боласың зор құрмет-абыройға.

5Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме,

Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе.

6Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді,

Сонда Ол тура жолмен жетелер сені.

7Паңданып өзіңді «данышпанмын» деп ойлама,

Иеңді шын қастерле, зұлымдыққа жолама,

8Тұла бойың сергіп, сауығатын болар сонда.

9Жаратқанды құрметтеп сыйға бер мал-мүлкіңнен,

Алған бар өніміңнің алғашқы түсімінен.

10Сонда астыққа кенелер қамбаларың,

Ернеулеп толар шырынға ыдыстарың.

11Балам, Тәңір сені тәрбиелегенде

Онысын ешқашан менсінбей жүрме,

Ол сені жөнге келтіргенде

Лайым еңсең түсіп жүнжіме!

12Иеміз Өзі сүйетін әркімді

Түзетеді әрі тәрбиелейді.

Әкесі сүйікті баласын да

Жазалайды қажет болғанда.

Даналық әлдеқайда құнды асыл тастан

13Қандай бақытты даналықты тапқан адам,

Ақыл-парасатты иемденген әрбір жан!

14Өйткені оған қол жеткізу күмістен құнды,

Алтыннан жоғары оның берер пайдасы.

15Даналық әлдеқайда құнды асыл тастан,

Құмартқан ешбір нәрсең тең келмес оған.

16Ол саған берер ұзақ ғұмыр — оң қолында,

Әрі байлық пен қадір-құрмет — сол қолында.

17Даналық ұнамды жолдармен жүргізер,

Соқпақтары адамды тыныштыққа жеткізер.

18Ие болғанға даналық — шын өмірдің ағашы,

Оны мықтап ұстанған әркім қандай бақытты!

19Жердің негізін Жаратқан Ие салды даналықпен,

Аспанды мықтап орнатты ақыл-парасатпен.

20Оның даналығымен терең көздер ашылды,

Аспандағы бұлттардан жауын жауа бастады.

21Ей, балам, мыналарды назарыңнан тайдырма:

Дұрыс ой мен естілікті сақтап жүр әр уақытта!

22Олар шынайы өмірге жаныңды кенелтер,

Мойынға таққан моншақтай сені көркейтер.

23Сонда өмір жолыңда алаңсыз жүрерсің,

Аяғың тайып, сүрініп те кетпессің,

24Төсекте жатқанда ешқандай қамықпассың,

Қауіпті уайымдамай, жайлы ұйықтарсың,

25Кенеттен келер апаттан қорықпассың,

Зұлымдардың күйреуінен қаймықпассың.

26Өйткені Жаратқан Ие сүйенішің болар,

Жүрген өмір жолыңда сені тордан сақтар.

Қатыгездіктен сақтандыру

27Қолыңнан келіп тұрғанда мұқтаждарға

Жақсылық көрсет, соған лайық жандарға.

28Көршіңе қажет нәрсе сенде бар болғанда:

«Ертең кел, сонда берермін» деп оны қайтарма.

29Жаныңда бейқам тұрып жатқан көршіңе

Ешқандай қастандықты сен ойлап жүрме.

30Өзге жан саған жамандық жасамаса,

Еш себепсіз онымен жанжалдаспа.

31Озбырлық жасайтынмен бақталаспа,

Теріс жолдарының ешбірін таңдап алма!

32Азғын жанды Жаратқан Ие жек көреді,

Әділ жанға Ол өз еркін ашып білдіреді.

33Жаратқан Ие зұлымның мекенін қарғайды,

Ал әділ адамның шаңырағын жарылқайды.

34Тәңір мазақтаушылардың өздерін мазақтайды,

Ал езілген кішіпейілдерге рақымын сыйлайды.

35Даналар қадір-құрметті иемденеді,

Надандар болса, масқараны иеленеді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help