Заңды қайталау 7 - Киелі кітап(QazBi2010)

Азғын халықтармен араласпай, Құдайға толық бағышталу

1Құдайларың Жаратқан Ие сендерді елді иемдену үшін соған кіргізген кезде Өзі алдарыңнан бірнеше ұлтты қуып шығады. Олар: хеттіктер, гергестіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер. Осы жеті ұлт өздеріңнен үлкен әрі күшті.

2Құдайларың Жаратқан Ие (азғындыққа салынған) сол халықтарды қолдарыңа түсіріп, сендерге жеңдіргенде, барлығын да Оған бағыштап, түгелдей құртуларың керек. Олармен ешбір келісім жасамаңдар, аяп-мүсіркеуші де болмаңдар!

3Олармен құдандалы болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар!

4Әйтпесе олар балаларыңды Жаратқан Иеден бас тартқызып, бөтен тәңірлерге құлшылық еткізетін болады. Сонда Оның қаһары өздеріңе қарсы лап етіп, сендерді лезде-ақ құртып жібереді.

5Керісінше, сендер азғын халықтарға мынаны істеулерің қажет: олардың құрбандық орындарын бұзып, қиратыңдар, табынатын тас мүсіндерін талқандаңдар; Ашера атты жалған тәңірге арналған ағаш бағаналарды шауып тастап, олардың тәңірсымақтарының басқа мүсіндерін де отқа өртеп жіберіңдер!

6Себебі сендер Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар. Ол жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен сендерді Өзінің халқы және ерекше құнды меншігі болуға таңдап алған.

7Жаратқан Иенің сендерді сүйіп, таңдап алғанының себебі сендердің басқа халықтардан үлкен болғандықтарыңнан емес! Шынында сендер барлық халықтардың ішіндегі ең азы едіңдер.

8Қайта, Жаратқан Ие сендерді сүйгендігінен әрі ата-бабаларыңа берген антына бола ғана таңдап алды. Содан Өзінің құдіретті қолымен сендерді Мысыр патшасы перғауынның қолынан құтқарып, сол елдегі құлдықтан азат етіп, алып шықты.

9Сондықтан да Құдайларың Жаратқан Иенің шынымен Құдай екенін біліп алыңдар! Өзін сүйіп, өсиеттерін ұстанғандардың тіпті мыңыншы ұрпағына да Ол Өзінің Келісімін сақтап, рақымын төгетін болады.

10Бірақ Өзін менсінбейтіндерді құртып, оларға жазаларын тартқызады. Иә, Ол Өзін менсінбейтіндерге көп кешікпей-ақ жазаларын тартқызбақ.

11Сондықтан бүгін мен өздеріңе табыстап отырған Оның өсиетін, ережелерін және шешімдерін сақтап орындайтын болыңдар!

Құдайға мойынсұнған халықтың жарылқануы

12Егер осы шешімдерге құлақ асып, оларды сақтап орындайтын болсаңдар, онда Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңмен жасаған Келісімін сақтап, сендерге рақымын төгетін болады.

13Ол өздеріңе табыстауға ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елде сендерді сүйіп, жарылқап, көбейтеді. Сендерді ұрпақты етіп, жерлеріңнің өнімін де жарылқап, өндірген астықтарыңды, жүзім шырындарыңды, зәйтүн майларыңды және табын-отарларыңның төлдерін мол қылатын болады.

14Сендер басқа халықтардың бәрінен де мол жарылқанатын боласыңдар. Араларыңда бала сүйе алмайтын не еркек, не әйел болмайды, малдарың да қысыр қалмайды.

15Жаратқан Ие сендерден ауру-сырқау атаулыны алшақтатып, Мысырдың өздеріңе таныс жаман індеттерінің ешқайсысын сендерге жуытпайды. Керісінше, солардың барлығын өздеріңді жек көретіндерге жұқтырады.

16Сонымен, Құдайларың Жаратқан Ие қолдарыңа тапсыратын (сол азғын) халықтардың барлығын құртуларың керек. Оларды аяп-мүсіркемеңдер, олар табынып келген жалған тәңірлеріне құлшылық етпеңдер! Әйтпесе, сол тәңірсымақтар өздеріңе тұзақ болады.

17Сендер іштей: «Бұл халықтар бізден соншама басым ғой. Қалай ғана оларды қуып шыға аламыз?» деп уайымдауларың да мүмкін.

18Бірақ олардан еш қорықпаңдар! Құдайларың Жаратқан Иенің перғауын патшаға және бүкіл Мысырға не істегенін естеріңде берік сақтаңдар!

19Құдай Иенің оларды өткізген алапат сынақтарын әрі Өзінің сендерді ғажап кереметтері және алға созылған құдіретті қолы арқылы Мысырдан алып шыққанын өз көздеріңмен көрдіңдер ғой. Сендер қорқып келген халықтардың бәріне де Құдай Иеміз солай істейтін болады.

20Оның үстіне Құдай Ие сол халықтардың зәрелерін ұшыратын үрейді де жібереді, сонда олардың сендерден тығылып тірі қалғандарының бәрі де құритын болады.

21Ендеше сол халықтардан еш қорықпаңдар! Себебі араларыңда тұрып, сендерге жар болатын Құдайларың Жаратқан Ие — үрей туғызатын ұлы да ғажайып Құдай!

22Оның Өзі сол (азғын) халықтарды алдарыңнан біртіндеп қуып шығып отыратын болады. Оларды бірден жоя алмайсыңдар, әйтпесе жабайы аңдар тым көбейіп кетіп, сендерге зиян келтірер еді.

23Дегенмен, Құдай Ие оларды қолдарыңа тапсырып, бәрі де құрып кетпейінше ғаламат әбігерге салады.

24Ол солардың патшаларын да қолдарыңа түсіреді. Содан оларды жойып, есімдерін аспан астынан біржолата сызып тастайсыңдар. Ешкім де сендерге қарсы тұра алмайды, барлығын да жоқ қыласыңдар.

25Олардың ағаштан жасалған тәңір мүсіндерін өртеп жіберулерің керек! Солардағы алтын-күміске қызығып, оны өздеріңе алмаңдар! Әйтпесе Құдай Иеге жексұрын сол мүсіндер сендерді тұзаққа түсіреді.

26Құдайға жек көрінішті сондай нәрсені үйлеріңе еш әкелмеңдер! Әйтпесе өздерің де сол нәрселер сияқты қарғысқа ұшырап, құрып кетесіңдер. Керісінше, солардан өздерің де жиреніп, бойларыңды аулақ ұстаңдар! Себебі барлық тәңір мүсіндері қарғысқа ілігіп, толығымен жойылуға тиісті нәрселер.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help