Заңды қайталау 8 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қамқоршы Құдайды естеріңнен шығармаңдар!

1Мен бүгін өздеріңе табыстап отырған осы өсиеттердің барлығын берік сақтап орындайтын болыңдар! Сонда сендер тірі қалып, өсіп-өніп, Жаратқан Ие ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елге еніп, оны иемдене аласыңдар.

2Құдай Иеміздің осы қырық жыл бойы сендерді иен далада бастап алып жүрген жолын естеріңе түсіріңдер! Ол сендерді Өзіне мойынсұндыру үшін, әрі шынайы ниеттеріңнің қандай екенін: Оның өсиеттерін орындайсыңдар ма, жоқ па, соны білу үшін түрлі сынақтардан өткізді.

3Жаратқан Ие сендерді мойынсұндыру үшін кейде аштыққа душар етті. Адам тек нанмен ғана емес, Жаратқан Иенің аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүреді дегенді үйрету үшін Ол сендерді өздерің де, ата-бабаларың да бұрын татып көрмеген тәтті нанмен (маннамен) қоректендірді.

4Осы қырық жылдың ішінде киімдерің еш тозып, жүре-жүре аяқтарың ісіп те көрген емес.

5Сонымен әкесінің баласын тәрбиелейтініндей, Құдайларың Жаратқан Иенің де сендерді тәрбиелейтінін терең ұғынып, жүректеріңде берік сақтаңдар!

6Құдай Иеміздің өсиеттерін берік сақтап, нұсқаған жолдарымен жүріп, Оны терең қастерлеңдер!

7Себебі Құдай Иеміз сендерді суға толы өзендері мен тоғандары бар, сайлары мен қыраттарындағы қайнарлардан бұлақ ағатын шұрайлы елге алып бара жатыр.

8Бұл елде бидай мен арпа, жүзім бұталары, інжір мен анар, зәйтүн майы мен бал да мол.

9Сол елде сендер наннан да, басқа еш нәрседен де таршылық көрмейсіңдер. Жерінің тастарында темір мол, қыраттарынан күміс қазып, өндіретін боласыңдар.

10Тамақ ішіп, тойғаннан кейін, осы шұрайлы елді өздеріңе табыстағаны үшін Құдайларың Жаратқан Иені мадақтаңдар!

11Сондай-ақ абай болып, Құдай Иемізді естеріңнен шығарып, бүгін мен сендерге жеткізіп отырған Оның өсиеттерін, ережелерін және шешімдерін орындамаудан сақтаныңдар!

12Әйтпесе, сендер тамақ ішіп тойынып, жақсы үй салып қоныстанып алғаннан кейін,

13әрі отар-табындарың көбейіп, алтын-күмістерің, дүние-мүліктерің молайғаннан кейін,

14сендер өркөкіректеніп, өздеріңді құлдықта жүрген Мысыр елінен құтқарып алып шыққан Құдай Иелеріңді естеріңнен шығарасыңдар.

15Ол сендерді осы ұлан-ғайыр да үрейлі иен дала, улы жыландар мен шаяндар жорғалаған сусыз, қуаң аймақ арқылы Өзі жетелеп алып өтті. Дәу шақпақ тастан Ол сендерге су ағызып берді.

16Жаратқан Ие кейін игілікті өмір сүре алуларың үшін сендерді Өзіне мойынсұндыру әрі сынақтан өткізу мақсатымен ата-бабаларың татып көрмеген тәтті нанды (маннаны) сендерге айдалада тамақ етіп берді.

17Әйтпесе: «Осы дүние-байлықты өз күшім мен еңбегімнің арқасында қол жеткіздім» деп жүрулерің мүмкін.

18Қайта, Құдайларың Жаратқан Иені естеріңде сақтаңдар! Байлыққа жетуге қуат-қабілет беретін — Соның Өзі. Осыны істеуі арқылы Ол ата-бабаларыңа антпен бекіткен Келісімін орындайды, бүгін де солай істеп отыр.

19Ал егер болашақта Құдайларың Жаратқан Иеден бас тартып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, оларға иіліп құлшылық етсеңдер, сендер міндетті түрде құрисыңдар. Мен мұны бүгін сендерге байыппен ескертемін.

20Жаратқан Ие сендердің алдарыңда құртқан халықтары сияқты, сендер де Құдай Иеміздің дауысына құлақ салмағандарыңа бола құритын боласыңдар.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help