1-2Ғалатия өлкесіндегі сенушілер қауымдарына Пауыл елшіден және қасымдағы барлық бауырластардан дұғай сәлем. Ал мені елшілікке тағайындаған — адам баласы емес, Иса Мәсіх және Оны өлімнен қайта тірілтіп алған Құдай Әкеміз.
3Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсін!
4Иса Мәсіх бізді қазіргі зұлым дүниенің құлдығынан құтқару үшін Құдай Әкеміздің еркі бойынша күнәларымыздың құнын өтеп жанын құрбан етті.
5Құдайдың ұлылығы мәңгі мадақтала берсін! Аумин.
Өзге «Ізгі хабар» жоқ6Сендерді Мәсіхтің рақымы арқылы Өзіне шақырған Тәңір Иеден осылай тез бас тартып, өзге бір «ізгі хабарға» бет бұрып кеткендеріңе таңғаламын.
7Дегенмен өзге «ізгі хабар» жоқ! Мәселе сендерді шатастырып, Мәсіх туралы Ізгі хабарды бұрмалағысы келген кейбір кісілерде болып тұр.
8Егер біздер немесе тіпті «көктен түскен періште» сендерге бұрын уағыздағандарымызға қайшы өзге бір «ізгі хабарды» уағыздайтын болсақ, онда солай істегенімізді Құдайдың қарғысы атпақ.
9Бұрын айтқанымызды тағы қайталаймын: біреу сендерге өздерің қабылдаған Ізгі хабарға қайшы келетінді таратып жүрсе, оны Құдайдың қарғысы атпақ!
10Ал енді, мен мұны адамға не Құдайға жағу үшін айтып отырмын ба? Жоқ, мен адамдарға ұнауға тырыспаймын, әйтпесе Мәсіхтің қызметшісі бола алмас едім.
Өзін Құдайдың тағайындағаны туралы елшінің дәлелі11Бауырластар, сендерге мынаны білдіргім келеді: мен уағыздаған Ізгі хабар адам ойынан шыққан емес!
12Оны ешбір адамнан не қабылдаған, не үйренген емеспін, Иса Мәсіхтің тікелей білдіруімен қабылдадым.
13Сендер менің яһуди діні мен дәстүрлерін бұрын қалай ұстанғанымды естігенсіңдер: Құдайдың қауымын шектен тыс қудалап жүріп, құртуға тырыстым.
14Мен яһуди дінін ұстануда ұлтымның ішіндегі көптеген құрдастарымнан озып, ата-бабаларымыздан мирас қалған салт-дәстүрлерді қызу жақтап, қатаң ұстанушы болдым.
15Бірақ Құдай мені анамның құрсағында жатқанда-ақ таңдап, Өзінің зор рақымымен шақырып алды. Содан Ол маған өз қалауымен
16Исаның Өзінің рухани Ұлы екендігін ашып білдіріп, Ол туралы Ізгі хабарды яһудилерден басқа халықтардың арасына таратуға бұйырды.
Сонда мен осы жайлы ешбір адамнан ақыл сұраған жоқпын,
17әрі Иерусалимге барып, менен бұрын елші болғандармен де ақылдасқан емеспін. Қайта, ешқайда соқпастан, Арабия еліне тура аттанып, сол жақтан Дамаскіге қайтып келдім.
18Үш жылдан кейін ғана Петір елшімен танысу үшін Иерусалим қаласына бардым. Оның қасында он бес күн болдым.
19Сол кезде басқа елшілердің ешқайсысын көрмедім, тек Иеміз Исаның туған інісі Жақыппен ғана кездестім.
20Құдай куә, бұл жазып отырғандарым өтірік емес.
21Содан кейін Сирия мен Кіликия өлкелеріне бардым.
22Ал Яһудея аймағындағы Мәсіхке сенушілердің қауымдары мені әлі де жүзбе-жүз танымайтын.
23Олар тек: «Бізді бұрын қудалаған адам өзі түп-тамырымен құртпақ болған сенімді қазір уағыздап жүр» дегенді естіді.
24Содан олар мені тәубеге келтіргендігі үшін Құдайды мадақтады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.