1Сол Мәліксадық Салим қаласының патшасы және Алла Тағаланың діни қызметкері болатын. Ыбырайым бірнеше патшаны жеңіп, шайқастан қайтып келе жатқанда, Мәліксадық оған жолығып, батасын берді.
2Сонда Ыбырайым қолындағы бар мал-мүліктің оннан бір бөлігін (құдайы сый-тарту етіп) оған қалдырып кетті. Мәліксадық есімінің мәнісі «Әділдік патшасы» болса, «Салимнің патшасы» — «Амандық пен тыныштық патшасы» дегенді білдіреді.
3Мәліксадықтың әке-шешесі, шыққан тегі және өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы ешбір мәлімет берілмеген. Сол жағынан ол мәңгі бақи діни қызметкер болып қалатын Құдайдың рухани Ұлына ұқсайды.
4Мәліксадықтың мәртебесінің қандай жоғары екенін ойлап көріңдер: тіптен түп атамыз Ыбырайым түскен олжасының оннан бір бөлігін оған берді.
5(Ыбырайымның шөбересі) Леуінің тұқымынан шыққан діни қызметкерлер Құдайдың өсиетіне сай өз ағайындары — Исраил халқының жалпы түсімінің оннан бір бөлігін алып отырады. Бұлардың да Ыбырайымнан тарағандықтарына қарамастан, леуіліктер олардан әлгі бөлікті жинайды.
6Ал Мәліксадық Леуі руынан шықпаса да, Құдайдың уәдесін алған Ыбырайымның түсімінің оннан бір бөлігін иемденіп, оған батасын берді.
7Бата алғаннан бата бергеннің дәрежесі, сөзсіз, жоғары.
8Оннан бір бөлігін жинайтын леуілік діни қызметкерлер күндердің күнінде өлетін пенделер ғана, ал Мәліксадықтың тірі екендігі туралы мәлімет берілген.
9Ыбырайымның Мәліксадыққа қолындағысының оннан бір бөлігін беруі арқылы кейінірек халықтан түсімінің оннан бір бөлігін жинайтын Леуі руы туралы да: «олар Мәліксадыққа сол құдайы сый-тартуды берді» деп айтуға болады.
10Себебі Леуі руы Мәліксадықпен кездескен атасы Ыбырайымнан тарағандықтан, соның істегендерінің нәтижесі бұларға да қонды. (Сондықтан да Мәліксадықтың діни қызметкер ретіндегі дәрежесі Леуі руынан шыққандардан әлдеқайда жоғары.)Мәсіхтің Бас діни қызметкерлігі
11Таурат заңы Исраил халқына леуіліктердің діни қызметінің негізінде тапсырылды. Егер осылардың қызметі көзделген мақсатқа қол жеткізген болса, онда Мәліксадық іспетті басқа діни қызметкердің тағайындалуының қажеті болмай, (Леуінің ұрпағы) Һароннан тараған діни қызметкерлер де жетіп жатқан болар еді. Алайда олардың қызметі жеткіліксіз болды.
12Ал діни қызметте өзгерістер болса, онда Таурат заңының да өзгертілуі керек.
13Сол секілді, осы айтылғандарға қатысы бар Мәсіхтің Өзі бірде-бір діни қызметкер шықпаған басқа рудан еді:
14Иеміздің Яһуда руынан шыққандығы белгілі. Сол рудың діни қызметі туралы Мұса пайғамбар еш нәрсе айтпаған болатын.
15(Ал леуіліктердің діни қызметі адамдарды рухани мақсатына жеткізе алмай келді.) Бұл жайт Мәліксадық іспетті басқа бір Діни қызметкердің тағайындалуы арқылы бұрынғыдан бетер анық болып тұр.
16Ол — адам ретінде Таурат заңында жазылған шығу тегіне қатысты ережеге сай болғандықтан емес, бойында сарқылмас құдіретті өмір болғандықтан Діни қызметкер.
17Себебі Забурда Ол туралы «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!» деген куәлік берілген.
18Сонымен бұрынғы заң күшсіз, пайдасыз болғандықтан, оның ережелері істен шықты.
19Мұса арқылы берілген сол заң еш нәрсені де кемелділікке жеткізе алған жоқ. Ал қазір бұрынғыдан гөрі жақсы үмітіміз бар: сол бойынша біз шынымен Құдай алдына барып, Оған сиына аламыз!
20Сонымен қатар, Құдай Мәсіхтің діни қызметкерлігін тіпті антпен бекітті.
21Леуілік діни қызметкерлерге Ол ант берген жоқ, ал Мәсіх діни қызметкер болып тағайындалғанда Құдай Оған ант берді. Бұл туралы былай делінген: «Жаратқан Ие былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: Сен діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!»
22Құдай осы антты бергендіктен, Иса — бұрынғыдан гөрі жақсы Жаңа Келісімнің кепілі.
23Тағы бір айырмашылық бар: Көне Келісімнің тұсында бір-бірінің орнын басқан көптеген діни қызметкерлер болды. Барлығы да ажалы жеткенде қызметінде қала алмады.
24Ал Иса мәңгі бақи жасайтындықтан, Оның діни қызметі де өткінші емес.
25Сол себептен Ол Өзі арқылы Құдайға сиынғандардың бәрін толықтай құтқара алады. Иса мәңгі өмір сүріп, олар үшін өтініш жасайды.
26Бізге дәл сондай Бас діни қызметкер қажет: қасиетті де кінәратсыз, кіршіксіз таза Ол, күнәкарлардан аластатылып, аспаннан да жоғары, Құдайдың қасына, көтерілді.
27Иса бұрынғы бас діни қызметкерлер сияқты күнде алдымен өз күнәларының құнын өтеу үшін, сонан соң халықтың күнәлары үшін құрбандық шалуға тиісті емес. Ол айқышта өлгенде Өзін біржола құрбан етіп күнәлардың құнын өтеді.
28Таурат заңы бойынша пенделік кемшіліктері бар адамдар бас діни қызметке тағайындалады. Ал сол заңнан кейін Құдайдың өз антымен бекітілген сөзі бас діни қызметке Өзінің рухани Ұлын тағайындады. Ол мәңгілік еш кемшіліксіз кемелді болады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.