Әйүп 42 - Киелі кітап(QazBi2010)

Әйүптің Жаратқан Иенің билігіне мойынсұнуы

1Сонда Әйүп Жаратқан Иеге былай деп жауап берді:

2— Сенің барлық нәрсені де істей алатыныңды енді білдім. Ешбір ниетіңді тоқтату мүмкін емес.

3«Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!» — деп едің. Шынында да өзім түсінбейтін, білуіме тым керемет нәрселерді сөз қылыппын.

4«Сен тыңда, Мен сөйлейін. Саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!» деген де едің.

5Сен туралы бұрын өзгелерден естігенмін, ал енді Сені өз көкірек көзіммен көріп тұрмын.

6Сондықтан бұрынғы айтқандарыма өкініп, қатты қайғырып күл-топырақта отырмын.

Жаратқан Иенің Әйүпті ақтап, үш досына ескерту жасауы

7Жаратқан Ие Әйүпке арнаған сөздерін айтып болған соң, темандық Елипазға тіл қатып былай деді: «Мен өзіңе және осы екі досыңа қаһарланып отырмын, себебі сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар!

8Сондықтан жеті жас бұқа мен жеті қошқарды қызметшім Әйүпке алып барып, оларды өздерің үшін түгелдей өртелетін құрбандыққа шалыңдар. Қызметшім Әйүп сендер үшін сиынады. Сонда Мен оның мінажатын қабылдаймын, әрі сендерге надан сөздеріңе бола тиісті жазаларыңды тартқызбаймын. Өйткені сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар».

9Сонда үшеуі — темандық Елипаз, шуахтық Билдад және нағамалық Сопар Жаратқан Иенің айтқанын орындады. Әйүптің олар үшін еткен мінажатын Жаратқан Ие қабылдады.

Жаратқан Иенің Әйүпті қайтадан молынан жарылқауы

10Әйүп достары үшін сиынғаннан кейін, Жаратқан Ие оның хал-жағдайын қайтадан қалпына келтірді. Тіпті оған мал-мүлікті бұрынғысынан екі есе мол қылып берді.

11Әйүптің аға-інілері, апа-қарындастары және таныс-жақындарының бәрі үйіне келіп, дәм татып қонақ болды. Олардың барлығы Жаратқан Иенің Әйүптің басына салған азабы мен қиындығы үшін оған жұбаныш айтып, әрқайсысы бір-бір күміс теңге мен алтын жүзіктен сыйлады.

12Жаратқан Ие Әйүптің өмірінің соңғы кезеңін алдыңғысынан бетер молынан жарылқады. Оның енді он төрт мың қой-ешкісі, алты мың түйесі, бір мың жұп өгізі мен бір мың есегі болды.

13Әйүп тағы да жеті ұл мен үш қызға әке болды.

14Бірінші қызына Емима, екіншісіне Кесия, үшіншісіне Керен-Хапух деген ат қойды.

15Бүкіл елде Әйүптің қыздарындай сұлу әйел заты болмады. Әйүп оларға еншіні аға-інілерінікімен бірдей етіп бөліп берді.

16Бұдан кейін Әйүп тағы жүз қырық жыл өмір сүріп, шөбере-шөпшектерінің қызығын көрді.

17Осылай Әйүп мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында дүниеден өтті.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help