1Мақтануыммен біраз ақымақ болып көрінгеніме төзсеңдер екен деймін. Іс жүзінде төзіп келесіңдер де.
2Сендерді Құдай берген қамқорлықпен қызғыштай қорғап келемін. Өздеріңді бір-ақ «Күйеу» — Мәсіхке «айттырып қойдым», әрі пәк таза «қыз күйлеріңде» ұзатқым келеді.
3Әзәзіл жыланның қулықпен Хауа ананы алдап, азғырғанындай, кейбіреулер сендердің де ой-саналарыңды Мәсіхке деген адалдық пен пәк берілгендіктеріңнен ауытқытып жүрмесін деп уайымдаймын.
4Себебі, біреулер сендерге келіп, біз уағыздағаннан өзге «Исаны» уағыздағанда, немесе өздерің қабылдаған Киелі Рухтан өзге рухты, яки қабыл алған Ізгі хабардан басқа біреуін насихаттағанда, сендер бұның бәріне оңайлықпен көне кетесіңдер.
5Алайда өзімді сол бір «озат елшілерден» кеммін деп ойламаймын.
6Тіптен сөзге шешен болмасам да, білімім жеткілікті. Соған барлық жағынан да көздеріңді толық жеткіздік қой.
7Сендерді рухани жағынан көтермелеу үшін өзімді «төмендетуіммен» күнә жасадым ба? Құдайдың Ізгі хабарын сендерге тегін уағыздадым емес пе!
8Өздеріңе қызмет ету үшін басқа қауымдардың көмегін қабылдап, оларды тонағандай болдым. Қастарыңда жүрген кезімде мұқтаждық көрген күнде де ешқайсыңды әуреге салмадым.
9Өйткені Македониядан келген бауырластар қажет нәрселерімнің орнын толтырды. Қай істе де сендерге ауыртпалық түсірмеуге тырыстым және тырысамын да.
10Өз бойымдағы Мәсіхтің адалдығымен мәлімдеймін: Ахая аймағындағы ешкім осы мақтануымды тоқтата алмайды!
11Неге бұлай істеймін? Сендерді сүймегендіктен бе? Өздеріңді сүйетінім Құдайға аян! Қалай істеп келсем, солай істеуді жалғастырмақпын.
12Жасаған игіліктеріне мақтанып, бізбен бірдей көріну үшін сылтау іздейтіндерге жол беретін ойым жоқ.
13Ондайлар — жалған елшілер, алдамшы қызметкерлер, өңдерін айналдырып, Мәсіхтің елшілері болып көрінгендер.
14Мұнда таңғалатын ештеңе жоқ: шайтанның өзі өңін айналдырып, нұрлы періште болып көрінеді.
15Сондықтан оның қызметшілерінің де өңдерін айналдырып, әділдіктің қызметшілері болып көрінуі ғажап іс емес. Олардың ақыры қылықтарына сай болмақ!
Елшінің басынан өткен азаптарын баяндауға мәжбүр болуы16Тағы да қайталаймын: ешқайсыларың мені ақымақ деп ойламаңдар! Ал егер олай ойласаңдар, мені ақымақ ретінде қабылдаңдар, сонда (Ізгі хабарды бұрмалап таратушы солар сияқты) мен де аздап мақтана аламын.
17Ендеше батыл мақтанғанда, Иеміздің үлгісі бойынша емес, ақылсыз болғансып айтатын боламын.
18Талай жалған тәлім берушілердің өзімшіл ниетпен (сендердің жетістіктеріңе) мақтанып жүргені іспетті, (өздеріңе жіберген елші болуымды қорғау үшін) мен де мақтанбақпын.
19Себебі «сондай дана» сендер ақымақтарға қуана төзесіңдер-ау!
20Расында біреу өздеріңді құл қылса да, ақыларыңды жеп, тонап кетіп, менсінбей өктемдік көрсетсе де, беттеріңді соқса да, бәрібір төзесіңдер!
21Осындай қылықтарды өздеріңе істеуге біздің «күшіміз жетпеді». Мұны айтқанда алдарыңда ұятқа қаламын ба?
Ал егер солардың біреуінің бір нәрсеге мақтануға дәті болса — ақымақша айтайын — соған мақтануға менің де дәтім барады.
22Олар яһуди ме? Мен де яһудимін. Олар исраилдіктер ме? Мен де солаймын. Олар Ыбырайым атаның ұрпағынан ба? Мен де.
23Олар Мәсіхтің қызметшілері ме? Ақымақ кісідей сөйлеп тұрмын: мен Мәсіхке солардан бетер қызмет етудемін. Оларға қарағанда әлдеқайда көбірек еңбектеніп, түрмеге қамалып, аяусыз соғылдым, талай рет өліммен бетпе-бет келдім.
24Яһудилер мені бес рет отыз тоғыздан қамшымен соқты.
25Мені үш рет таяқпен дүре соқты, бір рет өлтірмек болып таспен атқылады. Үш рет кеме апатына ұшырадым, бір тәулік бойы ашық теңізде қалқып жүріп, әрең аман қалдым.
26Көп рет саяхатқа шығып, тасыған өзендерден, қарақшылардан, өз ұлттастарым мен басқа ұлттық адамдар тарапынан сансыз қауіп-қатерге ұшырап келемін. Қала мен иен далада, теңізде және жалған бауырластар арасында қатерге тап болдым.
27Ешқандай аянбастан еңбектеніп келемін, ұйықтамаған түндерімнің есебі жоқ. Аштықтың, шөлдің не екенін білемін, киімге мұқтаж болып талай рет тоңдым.
28Басқа жайттар туралы айтпағанның өзінде күн сайын барлық қауымдардың қамдары еңсемді басып, толғандырады.
29Біреу әлсіз болса, мен де өзімді әлсіз сезінбеймін бе? Біреу күнәға азғырылса, сол үшін күйіп-жанбаймын ба?
30Егер де мақтануға тиіс болсам, өзімнің күшсіз екенімді көрсететін жайттармен мақтанайын.
31Иеміз Исаның Әкесі, мәңгілік мадаққа лайық Құдай, мына айтатындарымның нағыз шындық екенін біледі:
32Дамаскіде болған кезімде Аретас патшаның аймақ әміршісі қала қақпаларын күзеттіріп, мені тұтқындауға бұйырды. Бірақ мен қаланы қоршаған қамалдағы терезеден үлкен себетпен төмен түсіріліп, оның қолынан сытылып кеттім.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.