1Ал Рубен мен Ғад руларының малдары өте көп болатын. Олар Жазер мен Ғилақад аймақтарын көргенде, бұлардың мал бағуға өте қолайлы жер екенін ұқты.
2Сонда Ғад пен Рубеннің рубасылары Мұсаның, діни қызметкер Елазардың және қауым жетекшілерінің алдына келіп, былай деп өтініш жасады:
3— Атарот, Дибон, Жазер, Нимрах, Хешебон, Елғале, Себам, Небо және Беғон аймақтарын
4Жаратқан Ие Исраил халқы үшін басып алды. Осы жер мал бағуға өте қолайлы екен. Ал алдыңыздағы пенделердің табын-отарлары бар ғой.
5Бізге марқабат етіп, осы жердің біздей пенделеріңіздің иелігіне берілуін бұйырсаңыз екен. Бізді Иорданның арғы жағына өткізбей-ақ қойыңыз. —
6Алайда Мұса ғадтықтар мен рубендіктерге мына жауапты қайырды:
— Сонда қалай, исраилдік ағайындарың (арғы жаққа өтіп) соғысуға барғанда, сендер осында қалмақсыңдар ма?
7Жаратқан Иенің Өзі оларға табыстап отырған елге барудан исраилдіктерді неге айнытасыңдар?
8Мен әкелеріңді (бұдан қырық жыл бұрын) елді барлап келуге Қадеш-Барниден жіберген кезде олар дәл осылай істеген еді!
9Сонда олар Ешқол аңғарына дейін өрлеп барып, жерді барлап келгеннен кейін исраилдіктерді Жаратқан Ие оларға табыстап отырған еліне кіруден айнытып жіберген болатын.
10Содан Жаратқан Иенің қаһары лаулап, Ол ант етіп былай деді:
11«Мысырдан шыққан мына адамдардың жасы жиырмаға толған не одан асқан ешбір адамы Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыпқа ант еткен сол елді көре алмайды! Себебі олар Маған толықтай сеніп мойынсұнған жоқ.
12Тек Кенездің ұрпағы Ефунне ұлы Халеп және Нұн ұлы Ешуа ғана сол елге кіреді. Өйткені бұл екеуі Маған, Жаратқан Иеге, толығымен сеніп мойынсұнды».
13Сонда Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулаған еді. Ол Өзіне жеккөрінішті зұлымдықты жасаған буын толығымен бұ дүниеден құрып бітпейінше, исраилдіктерді осы елсіз далада қырық жыл бойы сандалып жүретін етті.
14Енді, міне, сендер — күнәкарлардың тұқымы өз әкелеріңнің орнын басып, Жаратқан Иенің Исраилге деген қаһарын олардан бетер өршітіп отырсыңдар!
15Егер Жаратқан Иеге мойынсұнбай кететін болсаңдар, онда Ол халықты тағы да осы иен далада қалдырып, сендер бүкіл халықтың қырылып қалуына жауапты боласыңдар! —
16Бірақ олар Мұсаға таяп келіп, былай деді:
— Осы жерде біз малымызға қора, әйелдеріміз бен бала-шағамызға қала салып алайық.
17Ал өзіміз қаруланып, басқа исраилдіктердің алдында жүріп, оларды жаңа мекендеріне алып баруға дайынбыз. Сол кезде бала-шағамыз елдің тұрғындарынан қауіпсіз бекіністі қалаларда тұра берсін.
18Әрбір исраилдік өзінің мұралық жерін иемденіп алмайынша, біз өз үйлерімізге қайтпайтын боламыз.
19Бізге мұралық жер үлесіміз Иордан өзенінің осы шығыс жағынан тисе, онда біз Иорданның арғы жағынан және содан әрі қарай өзімізге мұралық жер алмаймыз. —
20Мұса оларға былай деп жауап берді:
— Егер осы айтқандарыңды шынымен орындайтын болсаңдар, яғни, егер Жаратқан Иенің көз алдында шайқасқа қаруланған
21және қару ұстанған барлығың да Иорданның арғы жағына өтсеңдер, онда Ол Өзінің жауларын қуып шығарып,
22бүкіл ел Жаратқан Иеге бағынып болған кезде сендер Жаратқан Ие мен Исраил халқының алдындағы міндеттеріңнен босатыласыңдар. Сонда сендерге кері қайта берулеріңе болады, әрі осы жер сендердің Жаратқан Иенің алдындағы мұралық меншіктерің болады.
23Бірақ егер осылай етпейтін болсаңдар, сонда Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандарың. Біліп қойыңдар, онда осы күнәларыңның зардабын тартпай қоймайсыңдар.
24Енді солай болсын, бала-шағаларыңа қала, малдарыңа қора салыңдар, бірақ та ауыздарыңнан шыққан осы уәделеріңді орындаңдар! —
25Сонда ғадтықтар мен рубендіктер Мұсаға былай деп жауап берді:
— Тақсыр, сіз қалай бұйырсаңыз, алдыңыздағы қызметшілеріңіз соны бұлжытпай орындаймыз!
26Бала-шағамыз, әйелдеріміз әрі барлық малымыз осы жақта, Ғилақадтың қалаларында қалады.
27Ал біздің бәріміз де шайқасқа қаруланып, өзіңіз әмір еткендей, Жаратқан Иенің алдында соғысу үшін арғы бетке өтеміз.
28Мұнан кейін Мұса олар туралы діни қызметкер Елазарға, Нұн ұлы Ешуаға және исраилдік рубасыларына нұсқау беріп
29былай деді:
— Егер ғадтықтар мен рубендіктердің шайқасқа қаруланған адамдарының бәрі өздеріңмен бірге Жаратқан Иенің алдында Иордан өзенінен өтсе, онда сендер Қанахан елін өздеріңе бағындырып алған кезде оларға Ғилақад аймағын мұралық үлестері ретінде беріңдер.
30Ал егер олар қаруланып сендермен бірге өтпесе, онда олардың мұралық жері өздеріңнің араларыңда Қанахан елінде болады. —
31Бұған ғадтықтар мен рубендіктер жауап беріп былай деді:
— Жаратқан Иенің біздей пенделеріңізге берген әмірін бұлжытпай орындаймыз!
32Біз шайқасқа қаруланып Жаратқан Иенің алдында Қанахан еліне өтеміз. Ал бізге тиісті мұралық жеріміз Иорданның бергі жағында болсын.
Иорданның шығыс жағындағы жердің үлестірілуі33Сонымен Мұса ғадтықтар мен рубендіктерге және Жүсіп ұлы Манасадан тараған рудың жартысына аморлықтардың патшасы Сихонның және Башанның патшасы Огтың патшалықтарын бүкіл жерімен, ондағы қалаларымен әрі соларға тиісті елді мекендерімен бірге қосып табыстады.
34Ғадтықтар өздеріне тиген жерде Дибон, Атарот, Арогер,
35Атарот-Шопан, Жазер, Жоқпеха,
36Бет-Нимра, Бет-Харан атты бекіністі қалаларды, әрі отарларына мал қораларын салды.
37Рубендіктер Хешебон, Елғале, Кириятаим,
38Небо, Бағал-Меон, Симба атты қалаларды салды. Олар қолдарына түсіріп, өздері қайтадан салған бірнеше қалаларға жаңа ат қойды.
39Манаса ұлы Махырдың әулеті Ғилақадқа аттанып, оны иемденіп, сонда тұрып жатқан аморлықтарды қуып жіберді.
40Сондықтан Мұса Ғилақад аймағын Манаса ұлы Махырдың әулетіне табыстап, олар сонда қоныстанып алды.
41Манасаның басқа ұлы Жайырдың әулеті де аттанып, сол жердегі қоныстарды иемденіп алып, оларды Жайыр қоныстары деп атады.
42Нобах есімді адам Кенат қаласы мен оған қарасты елді мекендерді иемденіп алып, оны өзінің атымен Нобах деп атады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.