1Сол себепті біз беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін Мәсіх туралы естігендерімізге мықтап ден қоюымыз керек.
2Құдайдың періштелер арқылы (Мұсаға) жеткізген Таурат заңын халықтың бәрі берік ұстануға міндетті болды. Кім оның ережелерін бұзып, бағынбаса, сол әділ жазасын тартты. Бұл осылай болған күнде,
3егер біз сондай керемет құтқарылуды елемесек, онда жазадан қалайша құтылмақпыз? Осы құтқарылуды алғашқыда Иеміздің Өзі паш еткен еді. Оны өз құлақтарымен естіген куәгерлер кейін соған біздің де көзімізді жеткізді.
4Құдай Өзінің құдіретін көрсетіп, түрлі таңғаларлық кереметтер мен ғажайып істер жасау арқылы және Киелі Рухтың өз еркіне сай әркімге үлестіріп берген түрлі рухани дарындары арқылы да осы Ізгі хабарды растады.
Азапты өлім шеккен Мәсіх Исаның ғаламат даңққа бөленгендігі5Біз айтып отырған болашақ әлемді Құдай періштелердің қол астына тапсырған емес.
6Қайта, Киелі жазбалардың бір жерінде осы туралы біреу мынаны байыппен айтқан ғой:
«Өзің ескеретіндей адам сонша кім?
Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?
7Оны періштелерден сәл төмен қойдың,
Құрмет, салтанатты оған тәждей сыйладың,
8Бәрін де оған бағындырып бердің».
Құдай адам баласына бәрін де бағындырып берген кезде оған бағындырмаған еш нәрсені қалдырған жоқ. Алайда біз бәрінің де адам баласына бағынғандығын қазір көре алмаймыз.
9Бірақ Исаның азапты өлім шеккені үшін Патша ретінде ғаламат салтанат пен құрметке бөленгенін көреміз. Ол біраз уақыт періштелерден төмен болып, Құдайдың рақымының арқасында күллі адамзат үшін жанын қиды.
10Тәңір Ие көптеген адамдарды күнәдан құтқарып, Өзінің рухани балалары етіп құрметке бөледі; ал оларға құтқарылу жолын салған Мәсіхті азап шегуі арқылы кемелді Бастаушы етті. Бүкіл әлемді Өзі үшін жаратқан Құдайға осы лайық еді.
11Адамдарды Оған бағыштаған Мәсіх те, сол адамдар да бір Әкеден тарайды. Сондықтан да Мәсіх оларды бауырларым деп атаудан ұялмайды.
12Ол алдын ала былай деген: «Атыңды бауырларыма білдіремін, қауым жиынында Сені дәріптеймін». — Ол тағы мынадай сөздер де айтқан:
13«Мен Оған сенімімді арта беремін» және «Міне, Мен және Жаратқан Ие Маған сыйлаған (рухани) балалар мұндамыз!»
14Тәңір Иенің рухани балалары ет пен сүйектен жаралғандықтан, Иса да ет пен сүйектен тұратын тәнді қабылдады. Осылайша Ол Өзінің құрбандық өлімі арқылы өлімнің әміршісін, яғни әзәзіл шайтанды, жеңіп шықты,
15әрі өмір бойы өлімнен қорқып, шайтанның құлы болып жүрген адамдарды азат етті.
16Себебі Мәсіх періштелердің емес, Ыбырайымның ұрпақтарының қамын ойлайды.
17Сондықтан Ол барлық жағынан бауырластарына ұқсас болуға тиіс еді. Осылай Мәсіх Құдайға қызмет ететін қайырымды да адал Бас діни қызметкер болып, өз жанын халқының күнәларының құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды.
18Өзі азап шегіп ауыр сынаққа төзген Ол сынақтан өтіп жатқан бізге де көмектесе алады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.