1Бұдан кейін біз Жаратқан Иенің маған берген нұсқауы бойынша Қамысты теңіздің бағытында иен далаға қарай бет алдық, әрі Сейір атты таулы аймақты айналдыра ұзақ уақыт бойы көшіп-қонып жүре бердік.
2Содан соң Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:
3«Осы таулы жерді айналдыра шарлағандарың жетер. Енді солтүстікке қарай бет алыңдар!
4Халыққа мына бұйрығымды жеткіз: Сендер өз ағайындарың — Есаудың үрім-бұтағы мекендеген Сейір аймағынан өткелі тұрсыңдар. Олар сендерден қорқатын болады, ал өздерің де өте сақ болып,
5еш тиіспеңдер. Сендерге олардың елінен тіпті бір табан жер де бермеймін. Себебі Мен осы таулы Сейір аймағын Есаудың меншігіне беріп қойғанмын.
6Жейтін тамақ пен ішетін суды олардан күміс төлеп сатып алыңдар!»
7Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқап келеді. Осы қырық жыл бойы мына кең-байтақ далада жүргенде Құдай Ие сендерді қорғап жүрді. Оның Өзі бірге жүріп сендерге жар болғандықтан, еш нәрседен таршылық көрген жоқсыңдар.
8Сонда біз таулы Сейір аймағында тұрып жатқан ағайындарымыз — Есаудың ұрпақтарының жанынан өтіп, Араба деген елсіз алқаптағы жолдан бұрылып, Елат пен Есион-Гәбер қалаларына жақындамай, Моаб еліндегі құла түзге қарай бағыт алдық.
9Жаратқан Ие маған былай деп нұсқау берді: «Моабтықтарға тиісіп, олармен соғыс бастаушы болмаңдар! Мен олардың жерінен сендерге ешқандай үлес бермеймін. Мен Ар қаласын Луттың ұрпақтарының меншігіне беріп қойғанмын».
10Моаб халқынан бұрын сонда емдіктер тұрған еді. Емдіктер Анақтың ұрпақтарындай зор денелі, саны көп, ұлы халық болатын.
11Анақтықтар сияқты олар да рафалықтарға жататын, ал моабтықтар оларды емдіктер деп атайтын.
12Сейір аймағында ежелде хорлықтар да тұратын еді. Алайда Есаудың ұрпақтары оларды елден қуып шығып, орындарына өздері қоныстанып алған болатын. Кейінірек исраилдіктер де Жаратқан Ие өздерінің меншігіне табыстаған елге солай қоныстанатын болды.
Моаб, Аммон елдерінен өтіп шығу13Жаратқан Ие: «Ал енді, жиналып, Зәред аңғарынан өтіңдер!» — деп бұйырды. Сонда біз Зәред аңғарынан өттік.
14Қадеш-Барниден шығып, Зәред аңғарынан өткенге дейінгі аралықта отыз сегіз жыл өткен болатын. Жаратқан Иенің оларға антпен алдын ала білдіргеніндей, Исраил қонысындағы соғысқа жарамды ер адамдардың барлығы сол отыз сегіз жыл ішінде қайтыс болып бітті.
15Олар халқымыздың арасынан түгелдей құрып біткенге дейін Жаратқан Иенің қолы оларға қарсы көтеріліп тұрды.
16Сол жауынгерлердің барлығы қайтыс болғаннан кейін
17Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:
18«Бүгін Ар қаласының маңында Моабтың шекарасынан өтіп,
19Аммон еліне жақындап барыңдар. Оларға тиісіп, соғыс бастаушы болмаңдар! Мен сендерге аммондықтардың жерінен ешқандай үлес бермеймін, оны Луттың ұрпақтарының меншігіне беріп қойғанмын».
20Осы өлке рафалықтардың жері деп те саналатын, себебі оны ежелде рафалықтар мекендеген еді. Аммондықтардың өздері рафалықтарды замзумдықтар деп атайтын.
21Сол рафалықтар да Анақтың ұрпақтарындай зор денелі, саны көп, ұлы халық болатын. Бірақ Жаратқан Ие оларды аммондықтардың алдынан құртқан еді. Бұлар рафалықтарды елдерінен қуып шығып, сонда қоныс тепті.
22Жаратқан Ие Сейір аймағындағы хорлықтарды да құртқан болатын. Едомдықтар хорлықтарды елдерінен қуып шығып, сонда қоныстанып алып, қазірге дейін тұрып жатыр.
23Ал бұрын Газа қаласына дейінгі елді мекендерде тұрған ауилықтарға келсек, Крит аралынан көшіп келген криттіктер оларды қырып-жойып, жерлеріне өздері қоныстанып алды.
Сихон патшаның жеңілісі24Жаратқан Ие Мұсаға арнаған сөзін жалғастырып тағы былай деді: «Ал енді, жолға шығып Арнон аңғарынан өтіңдер! Біліп алыңдар, Мен Хешебон патшасы — аморлық Сихонды және оның елін қолдарыңа беріп отырмын. Онымен соғысып, жерін иемденуге ұмтылыңдар!
25Бүгіннен бастап Мен аспан астындағы күллі халықтарды сендерден үрейленіп қорқатын қыламын. Олар өздерің туралы естігенде қалтырап абыржитын болады».
26Мұнан кейін мен Кедемот атты иен даладан елшілерім арқылы Хешебон патшасы Сихонға мына сәлемімді жіберіп, бейбітшілік туралы ұсыныс жасадым:
27«Жеріңізден өтуімізге рұқсат етсеңіз екен. Сонда оңға да, солға да бұрылмай, тек басты жолмен еліңізден өтіп шығамыз.
28Жейтін тамағымыз бен ішетін суымызды сіздерден күміске сатып аламыз. Тек жеріңіз арқылы жаяу жүріп өте шығуға рұқсат етсеңіз екен.
29Есаудың Сейір елінде тұратын ұрпақтары мен Арда тұратын моабтықтар да бізге рұқсат берген болатын. Осылай біз Иордан өзенінен өтіп, Құдайымыз Жаратқан Иенің бізге бергелі отырған еліне енетін боламыз».
30Бірақ Хешебон патшасы Сихон бізге өз жері арқылы жүріп өтуге рұқсат бермеді. Себебі Құдай Иеміз оның ой-санасы мен жүрегін қасарыстырып қойды. Ондағы мақсаты Сихонды сендердің қолдарыңа түсіру еді. Бұл солай болды да.
31Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Міне, Мен Сихонды және оның елін сенің қолыңа тапсыра бастадым. Енді елін басып алып, иемденуге ұмтыл!»
32Сихон өзінің бүкіл жасағымен бізге қарсы шайқасуға Яхасқа аттанды.
33Бірақ Құдай Иеміз оны қолымызға табыстап, біз оны ұлдарымен және күллі жасақшыларымен бірге ойсырата жеңдік.
34Сол кезде оның барлық қалаларын қолға түсіріп, олардың күллі тұрғындарын Жаратқан Иеге бағыштап жойып, бірде-бір еркек, әйел, бала-шағасын тірі қалдырмадық.
35Тек малдары мен қолға түскен қалаларындағы дүние-мүлкін ғана олжалап алдық.
36Арнон аңғарының үстіндегі қырда орналасқан Арогерден және аңғардың өзіндегі қаладан бастап (солтүстіктегі) Ғилақадқа дейінгі аралықта біз басып ала алмаған бірде-бір бекіністі қала қалмады. Солардың барлығын Құдайымыз Жаратқан Ие біздің қолымызға тапсырды.
37Тек Құдай Иеміздің бұйрығына сай, аммондықтардың ешбір жеріне: Ябок өзенінің бүкіл бойына және таулы жердегі қалаларға басып кірген жоқпыз.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.