Еремия 41 - Киелі кітап(QazBi2010)

Ысмағұлдың Ғодалиях әкімге қастандық жасауы

1Сол жылдың жетінші айында патшалық әулетке жататын әрі Яһуда патшасының бір қолбасшысы болған Нетанияхтың ұлы, Әлишаманың немересі Ысмағұл он адамымен бірге Миспаға келді. Олар сол жерде тұрған Ахиқам ұлы Ғодалияхтың үйіне кірді. Қонақтар Ғодалияхпен бірге дастарқан басында отырған кезде

2Нетаниях ұлы Ысмағұл мен қасындағы он адамы орындарынан тұра келіп, Ғодалиях әкімге семсерлерімен бас салды. Осылайша Ысмағұл Бабыл патшасы елдің басқарушысы етіп тағайындаған адамды өлтіріп тастады.

3Мұнан кейін Ысмағұл мен оның сыбайластары Миспада Ғодалияхтың қасында жүрген барлық яһуди және халдей жауынгерлерінің де көздерін құртты.

4Ал келесі күні, Ғодалияхтың өлтірілгені жайлы хабар әлі де тарамай тұрғанда,

5Сихем, Шило және Самариядан жолға шыққан сексен адам Миспаға таяп келді. Олар (елдің басына түскен ғаламат пәлеге қатты қайғырып) сақалдарын қырқып, көйлектерінің өңірін айыра жыртып, денелерінің терісін тілгілеп жарақаттап алған еді. Бұл адамдар Жаратқан Иенің Иерусалимдегі киелі үйінің орнына бармақ болып, өздерінің астық тартулары мен хош иісті заттарын алып келе жатты.

6Нетаниях ұлы Ысмағұл Миспадан олардың алдарынан қайғырғансып жылап шықты. Олармен ұшырасқанда ол: «Ахиқам ұлы Ғодалияхқа кіріп шығыңдар!» — деп шақырды.

7Алайда сол адамдар қалаға кірген бойда Ысмағұл мен оның сыбайластары оларға бас салып өлтіріп, өліктерін жер астындағы су қоймасына лақтырып тастады.

8Тек солардың ішіндегі он адам Ысмағұлдан: «Бізді өлтірмеңізші! Далада жасырып тастаған арпа, бидай, зәйтүн майы және бал қорларымыз бар!» — деп өтінгендіктен Ысмағұл бұларды басқалармен бірге өлтірген жоқ.

9Ысмағұл өліктерге толтырған осы үлкен су қоймасын баяғыда Яһуда патшасы Аса Солтүстік Исраил патшасы Бағасаға қарсы құрған бекіністердің бірі ретінде қаздырған еді. Ал енді Нетаниях ұлы Ысмағұл сол су қоймасын өліктермен толтырып тастады.

10Ысмағұл Миспадағы патшаның қыздары мен халықтың қалған адамдарын тұтқынға алды. Солардың бәрін бабылдық ұландар әміршісі Набузар-Адан Ахиқам ұлы Ғодалияхтың қарауына тапсырып кеткен болатын. Ысмағұл оларды ертіп алып, аммондықтарға (Иорданның арғы жағына) өтпек болып, жолға шықты.

11Бірақ Қареях ұлы Жоханан мен оның қасындағы барлық жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұлдың жасаған ауыр қылмысы туралы түгелдей естіді.

12Олар өздерінің бар адамдарын жинап алып, Ысмағұлмен шайқасуға аттанып, оны Гибеондағы үлкен тоғанның маңында қуып жетті.

13Миспада Ысмағұл тұтқынға алған халықтың бәрі Қареях ұлы Жоханан мен оның қасындағы жасақ басшыларын көргенде, қатты қуанды.

14Олар Ысмағұлдан кері бұрылып, Қареях ұлы Жохананның жағына шықты.

15Ал Ысмағұлдың өзі сегіз сыбайласымен бірге Жохананнан қашып, аммондықтарға жетті.

Елде қалған яһудилердің Мысырға қашпақ болуы

16Содан соң Қареях ұлы Жоханан және оның қасындағы жасақ басшылары Гибеонда құтқарып алған барлық халықты жинады. Олар Ысмағұл Ғодалияхты өлтіргеннен кейін Миспадан тұтқынға алған адамдар: жасақшылар, әйелдер мен балалар және сарай қызметкерлері еді. Жоханан барлығын ертіп алып жолға шықты.

17Көш біраз жүріп, Бетлехемнің маңындағы Қимхам қонысында аялдап, одан әрі Мысыр еліне қарай бет алды.

18Олар халдейлерден қорықты. Өйткені Ысмағұлдың Бабыл патшасы елдің әкімі етіп тағайындаған Ғодалияхты өлтіргенін халдейлер естігенде келіп, сол үшін бізді жазалайды деп қауіптенді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help