1(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) алтыншы жылдың алтыншы айының бесінші күні мен Яһуданың ақсақалдарымен бірге үйімде отырғанда Жаратушы Тәңір Иенің рухани құдіреті маған тағы да қонып, бойымды билеп алды
2Мен бір көріністі көрдім, онда адамға ұқсаған бір тұлға тұр екен. Ол белінен төмен қарай оттай, жоғары қарай жылтыр қоладай жарқырап тұрды.
3Құдайдың хабаршысы қолын созғандай болып, мені шашымнан ұстап алды. Рух мені жер мен аспанның аралығына көтеріп алып, Құдай маған көрсеткен көріністерде Иерусалимге апарды. Сонда Рух мені Құдайдың қаһарын туғызған жалған тәңірдің мүсіні тұрған ішкі ауланың солтүстік қақпасының кіреберісіне алып барды.
4Мен (Бабыл еліндегі) жазық алқапта көрген көріністегідей, Исраилдің Құдайының нұрлы салтанаты маған сол жерде де көрінді.
5Жаратқан Ие маған тіл қатып: «Ей, пендем, солтүстік жаққа қарашы!» — деп бұйырды. Мен сол жаққа қарап, құрбандық үстелінің жанындағы қақпаның солтүстік жағынан Жаратқан Иенің қаһарын туғызатын жалған тәңірдің мүсінін көрдім.
6Содан кейін Ол маған тағы былай деп тапсырды: «Пендем, олардың не істеп жүргендерін көріп тұрсың ба? Исраил халқының осында істегендері әбден жексұрын! Олар Менің киелі үйімді Маған енді ғибадат етуге болмайтын орын қылып арамдауда! Соларының кесірінен Мен киелі үйімнен бас тартып, оны тастап кетпекпін! Бірақ сен бұдан да бетер жексұрын істерді көресің!»
7Мұнан соң Жаратқан Ие мені ауланың кіреберісіне алып келді. Айналама қарағанда қабырғадағы бір тесікті көрдім.
8Жаратқан Ие маған: «Ей, пендем, қабырғаны тесіп өт!» — деді. Мен қабырғаны үңгіп тескенімде, бір есікке тап болдым.
9Жаратқан Ие маған: «Ішіне кір де, олардың сонда істеп жүрген зұлым да жексұрын істеріне көз сал!» — деп нұсқады.
10Мен кіріп, айналдыра қабырғаларға қарағанымда, олардың барлығына салынған алуан түрлі бауырымен жорғалаушылардың, жиренішті жануарлардың және Исраил халқы табынып келген барлық тәңірсымақтарының бейнелерін көрдім.
11Олардың алдында Исраил халқының жетпіс ақсақалы тұрды. Солардың арасында Шафан ұлы Язаниях та бар еді. Әрқайсысының қолында хош иісті зат түтетуге арналған табасы бар екен. Табалардағы (жалған тәңірлерге арнап) түтетілген хош иісті заттардан жұпар бұлт жоғары көтеріліп жатты.
12Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Ей, пендем, Исраил халқының ақсақалдарының әрқайсысы өз жалған тәңірлерінің бейнелері орналасқан қараңғы бөлмелерінде не істейтіндерін көрдің бе? Олар: «Жаратқан Ие бізді көрмейді! Жаратқан Ие біздің елді тастап кеткен!» деседі. —
13Ол тағы: — Сен олардың бұдан да бетер жексұрын күнәлар жасайтынын көретін боласың!» — деп те қосты.
14Содан Ол мені Жаратқан Иенің киелі үйінің Солтүстік қақпасының кіреберісінің алдына алып барды. Сол жерде Тамыз атты жалған тәңірді жоқтап отырған әйелдерді көрдім.
15«Пендем, сен мұны көріп тұрсың ба? Енді бұдан да бетер жексұрын күнәларды көретін боласың», — деді маған Жаратқан Ие.
16Мұнан кейін Ол мені Өзіне бағышталған киелі үйдің ішкі ауласына алып барды. Қарасам, үйге кіретін жерде, бағаналы кіреберіс пен құрбандық үстелінің арасында, жиырма бес ер адамды көрдім. Олар арқаларын Жаратқан Иенің киелі үйіне беріп, бет-жүздерін шығысқа қарай бұрып, сондағы күнге иіле табынып жатыр екен!
17Жаратқан Ие маған: «Ей, пендем, сен мұны көріп тұрсың ба? Олардың істеп жүрген жексұрын істері Яһуда халқына жай әншейін іс болып кеткендей ме? Соған қоса олар бүкіл елді зорлық-зомбылыққа толтырып, Менің қаһарымды бұрынғыдан бетер өршітіп келеді! Қарашы, олар Маған тіпті мұрындарын шүйіреді!
18Сол үшін де Мен оларға қаһарымды төгемін. Оларға аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. Олар Маған қатты дауыстап жалбарынса да, Мен құлақ аспаймын,» — деді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.