1Бұрын сендер Құдайдың бұйрығын бұзып, күнә жасай беріп, рухани өлі едіңдер.
2Сол кезде сендер осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің, яғни Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер.
3Біз де бұрын сондайлармен бірге болып, күнәкар болмысымыздың құмарлықтарына беріліп, ойымыз бен бойымыздағы тілектерімізді орындадық. Басқаларға сияқты бізге де Құдайдың қаһарының төгілетіні табиғатымыздан белгілі еді.
4Алайда рақымы мол Құдай бізге зор сүйіспеншілігін көрсетті:
5Оның айтқанына көнбей, рухани өлі болған бізді Құдай Мәсіхпен бірге тірілтіп алды. Осылайша тек Оның рақымымен ғана құтқарылдыңдар.
6Құдай Мәсіх Исамен тығыз байланыстағы бізді Онымен бірге тірілтіп, көкте Оның жанына отырғызды.
7Осылайша Ол бізге Мәсіх Исаның арқасында мейіріммен қарап, болашақ дәуірлерде Өзінің ағыл-тегіл мол рақымын көрсетпек.
8Себебі Құдайдың рақымымен, Мәсіхке деген сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл — өздеріңнің жетістіктерің емес, Құдайдан келген сый.
9Сондықтан игі істерімнің арқасында құтқарылдым деп ешкім мақтанбасын.
10Құдай бізді Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болып, игі істер жасау үшін ерекше қылып жаратты. Соларды орындауымыз үшін Құдай бізге алдын ала жағдай туғызды да.
Мәсіх сенушілердің бәрін біріктірді11Сондықтан естеріңде болсын: сендер басқа ұлттық болып тудыңдар, тәнінен ет кесіліп сүндеттелген яһудилер өздеріңді «сүндеттелмеген құдайсыздар» деуші еді.
12Ол кезде сендер Мәсіхтен мүлдем алшақ болып, Исраил халқынан тыс және Құдайдың Келісімдерінде берген уәделерінен шет қалдыңдар. Құдайды танымай, үмітсіз өмір кештіңдер.
13Алайда Иса Мәсіхтің қанын төгіп, құрбан болғандығы арқылы бұрын алшақ жүрген сендер енді Құдайға жақындадыңдар.
14Мәсіх — татулығымыздың Бастауы: Ол екі топқа бөліп тұрған қабырғадай өштестікті жойып, алып тастап, екі жағын біріктірді.
15Мәсіх өз денесін біз үшін құрбан еткенде, Таураттың өсиеттері мен ережелерін (орындауды құтқарылу жолы ретінде) күшінен айырды. Осылай Ол яһуди және басқа ұлттық сенушілерді Өзімен байланысқан бір жаңа халық етіп қайта жасап, өзара татуластырды.
16Мәсіх айқыштағы құрбандығымен екеуінің өштестігін жойып, бір рухани дене (біртұтас қауым) болып біріккен екеуін Құдаймен татуластырды.
17Сөйтіп Ол келіп, Құдайдан алшақ жүрген сендерге және жақынырақ тұрған біздерге татулық туралы Ізгі хабарды жариялады:
18екі жағымызға да Мәсіх арқылы бір Киелі Рухтың арқасында Құдай Әкеге сиынуға жол ашылды.
19Сонымен сендер енді не бөтен, не келімсек сияқты емес, Құдайдың халқы болып келген яһуди сенушілерімен бірдей, сол халықтың азаматысыңдар, тіпті «Құдайдың отбасысының мүшелерісіңдер»!
20Құдайдың рухани үйінің елшілер мен пайғамбарлар салған іргетасының үстіне сендер де «тірі тас» іспетті қаландыңдар. Осы «үйдің» ең негізгі және басты «Тасы» — Иса Мәсіхтің Өзі.
21Ол арқылы бүкіл рухани құрылыс (сенушілердің бәрі) біріктіріліп, Жаратқан Иеге бағышталған «киелі үй» болу үшін өсіп жатыр.
22Осылайша сендер Иса Мәсіхтің арқасында «Құдайдың тұратын мекені» ретінде бірге қаланасыңдар. Құдай оны Өзінің Киелі Рухы арқылы мекендейді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.