Қорынттықт. 2-хат 4 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қарапайым елшілерге аманатталған шексіз құнды қазына

1Сонымен, Құдайдың рақымымен осы қызметке ие болған біз еш мойымаймыз.

2Қайта, құпия да ұят қылықтардан аулақ жүріп, ешқандай қулық-сұмдықты қолданбаймыз. Құдайдың хабарын бұрмаламаймыз да: Оның көз алдында шындықты ашық уағыздап, өзімізді барлық адамдардың ар-ұждандарына таныстырамыз.

3Біз жариялап жүрген Ізгі хабар жабық болса, ол тозақ жолындағылар үшін ғана жабық.

4Бұлар оған сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің «тәңірі» (әзәзіл шайтан) олардың ой-саналарын соқыр қылып қойған. Содан олар Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын көре алмайды. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді.

5Біз өзімізді емес, Мәсіх Исаны уағыздаймыз, Ол — Жаратқан Ие, ал біз Исаға бағышталып, сендерге қызмет етеміз.

6Жаратылыстың басталуында қараңғылықтан нұрдың жарқырауын бұйырған Құдай жан дүниемізді де жарқыратып, бізді Иса Мәсіхтің бетінен көрінетін Өзінің салтанатты ұлылығын білуіміз арқылы нұрландырды.

7Біз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр.

8Жан-жақтан қысым көрудеміз, бірақ тапталған жоқпыз, шарасыз болып қысылудамыз, бірақ үмітімізді үзген жоқпыз.

9Қуғынға түссек те, Тәңір Ие бізді жалғыз қалдырған жоқ; жығылсақ та, жойылмаймыз.

10Иеміз Иса іспетті тәнімізде әрдайым азап шегіп, өлім қаупіне душар боламыз. Сол арқылы Оның өмірі де тәнімізден көрініс табуда.

11Себебі тірі жүрген біздер ұдайы Исаға бола өліммен бетпе-бет келеміз, осылай ажалды тәнімізден Оның өмірі көрініс табады.

12Мұның нәтижесінде бізде өлім, ал сендерде өмір әрекет етуде.

13Ал Забурда: «Мен Саған сенімімді жүктедім, содан мынаны айттым» деп жазылған. Осындай сенімді Құдайға біз де жүктейміз, сондықтан Ол туралы айтамыз.

14Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайдың бізді де Иса арқылы қайта тірілтіп, сендермен бірге өз алдына әкелетінін білеміз ғой.

15Басымыздан өткен осылардың бәрі де сендердің игіліктерің үшін. Бұның нәтижесінде барған сайын көптеген адамдар Құдайдың рақымын қабылдап, Оған шексіз ризашылық білдіріп, даңқын асырмақ.

Уақытша азаптар және мәңгілік ұлылық

16Сондықтан да еш мойымаймыз. Тәніміз тозып әлсірегенмен, жан дүниеміз күн сайын жаңара түсуде.

17Уақытша көретін жеңіл азаптарымыз бізді өздерінен әлдеқайда зор, тіпті шексіз де мәңгілік ұлылыққа жеткізеді!

18Сонымен көзге көрінетін емес, көрінбейтін нәрселерге назар тігеміз. Себебі қазір көрініп тұрғандар өткінші, ал көрінбейтіндер мәңгі.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help