Ишая 43 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдың Исраил халқын құтқаруға берген уәдесі

1Ал енді, Жақыптың үрім-бұтағы, Исраил халқы, сені жаратып қалыптастырған Тәңір Ие мынаны айтады: «Қорықпа, Мен сені құныңды төлеп құтқарып алдым. Сені өз атыңмен шақырдым: Сен Мендіксің!

2Судан өткен кезіңде саған жар боламын, өзендерден өткенде батып кетпейсің. Отты жарып өтсең, күйіп қалмайсың, тіпті жалыны да шарпымайды.

3Себебі Мен сенің Құдайың Жаратқан Иемін, Мен, Исраил сиынған Киелі Құдай, Құтқарушыңмын! Сенің құның үшін Мысырды беріп, Құш пен Себаны да төлемің еттім.

4Мен үшін аса қымбат, қадірлісің, сені сондай қатты сүйемін! Сенің орныңа көп адамды қиып, өмірің үшін халықтарды төлем етемін.

5Қорықпа, Мен саған жар боламын, ұрпақтарыңды шығыстан алып келемін, батыс елдерінен де сені жинаймын.

6Солтүстіктегі халықтарға: «Босатып жіберіңдер!» — деп, оңтүстіктегілерге де: «Жолынан қалдырмаңдар!» — деп бұйырамын. «Рухани ұл-қыздарымды алыстан, тіпті жердің қиыр шетінен де алып келіңдер!

7Мен салтанатты ұлылығымды паш ету үшін жаратып, қалыптастырып жасаған, әрі өз атыммен атаған олардың барлығын да алып келіңдер!»

Өз халқының Құдайды дүниеге жариялау міндеті

8«Көзі болса да көрмейтін, құлағы болса да естімейтін халқымды құлдықтан алып шығыңдар!

9Жалған тәңірлерге табынатын ұлттар жиналып, барлық халықтар бас қоссын! Араларындағы кім (Исраилдің құтқарылуын) алдын ала жариялап, өтіп кеткен оқиғаларды да білдіре алды? Олар айғақтарын шығарып, өздерінің дұрыстығын дәлелдесін! Осылай айтқандарының шынайылығы айқын көрінсін».

10«Ал сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер, ей, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Мені жақыннан танып, Маған сеніп, кім екенімді ұғынуларың үшін таңдап алған қызметшімсіңдер. Менен бұрын болған да, кейін бола алатын да ешқандай құдай жоқ!

11Мен Жаратқан Иемін, Менен басқа Құтқарушы жоқ!

12Болашақтағы жайттарды алдын ала білдіріп, сендерді жаудан құтқарып, мұны жариялаған Өзіммін. (Бұларды істеген) бөгде бір тәңірлерің жоқ. Сондықтан сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Жалғыз Құдай Менмін,

13мәңгі Сол болып келемін! Менің қолымнан құтқара алатын ешкім жоқ. Менің істегендерімді кім бұрынғы қалпына келтіре алады?!»

Жаратқан Иенің Исраилді қайтадан құтқарып алуы

14Сендерді құтқарушы Қамқоршыларың, Исраил сиынған Киелі Құдай, мынаны айтады: «Сендер үшін Мен Бабылға (жау әскерін) жіберемін. Осылай Бабылдың барлық тұрғындарын, араларындағы халдейлерді де, бұрын даурыға мақтан тұтқан кемелеріне мінгізіп, қашып кетуге мәжбүрлеймін.

15Мен Киелі Құдайларың Жасаған Иемін, ей, Исраил халқы, Мен сендердің Жаратушы әрі Патшаларыңмын!»

16-17Баяғыда Жаратқан Ие ата-бабаларымыз үшін теңіздің аласұрған суларынан өтетін жол салған болатын. Жаудың соғыс күймелерін, аттарын және мықты әскер күштерін Мысырдан ала шыққан еді. Олар бәрі бірдей жер құшып, қайтып тұрмайтын болды, сөнген шырақтай өмірлері өшті.

Бүгінде Жаратқан Ие мынаны айтады:

18«Естеріңе бұрынғыны алмаңдар,

Бұдан былай баяғыны ойламаңдар!

19Енді Мен жаңаны жасаймын да,

Қазір ол шыққалы тұр жарыққа,

Сендер мұны ұғынбайсыңдар ма?

Міне, Мен иен далада жол саламын,

Шөл даладан бұлақтар ағызамын.

20Таңдап алған халқымды сумен қамтып

Құла түзден өзендер ағызамын.

Шибөрі, түйеқұс, дала аңдары

Содан Мені дәріптейтін болады.

21Өзім үшін жаратқан халқым Менің

Ұлылығымды мақтап жариялайды».

Халықтың Құдайға жасаған опасыздығы

22«Алайда сендер, Жақыптың ұрпақтары, атымды атап Маған сиынып келген жоқсыңдар! Қайта, ей, Исраил халқы, Менен қажып шаршап жүр екенсіңдер!

23Өзіме арнап көптеп тоқтыларды шалып, өртеген жоқсыңдар. Маған басқа да сый-тартуларыңмен лайықты қадір-құрмет көрсетпедіңдер! Мен астық тартуларыңды көптеп ұсыныңдар деп сендерді қинаған да жоқпын, хош иісті заттарды молынан түтетіңдер деп ауыртпалық түсірген де емеспін.

24Сендер Маған арнап түтетілетін хош иісті құрақты сатып алған жоқсыңдар, құрбандық майын да Маған жомарттықпен ұсынбадыңдар. Керісінше, сендер Мені күнәларыңмен қинап, әділетсіз істеріңмен Маған ауыртпалық арттыңдар!

25Алайда Мен өз еркіме сай қылмыстарыңды өшіріп тастаймын! Енді қайтып ешқашан да күнәларыңды есіме алмаймын!

26Енді даулы мәселені талқыға салайық: жасаған жақсылықтарыңды есіме түсіріңдер, ақталуларың үшін істеріңді ашық көрсетіңдер!

27Сендер тараған түп аталарың да күнә жасаған еді, арада жүрген өкілдерің де тура жолымнан тайып кетті.

28Сондықтан Мен оларды, киелі үйдің басшыларын, абыройларын төгіп ұятқа қалдырамын! Сонымен қатар Жақыптың ұрпақтары, Исраил халқын, қарғысқа ұшыратып қор қыламын!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help