1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
2Нық сүйеніп келемін Жаратқан Иеме,
Бұрылып, құлақ түрді Ол өтінішіме.
3Жаратқан Ием қорқынышты шұңқырдан
Мені тартып шығарды әрі батпақтан;
Дәу тастың үстіне тұрғызды аяғымды,
Нық, қауіпсіз қылды қадамдарымды.
4Ол жаңа ән-жырды маған айтқызды,
Мадақтаймын әрдайым Құдайымызды.
Мұны көрген көпшілік Жаратқанды
Қастерлеп, Оған сенімін артады.
5Менмендердің қолдауын сұрамайтын,
Жалғанға сүйенгендерге бет бұрмайтын,
Қайта, тек Жаратқанға сенімін артқан
Әркім — өмір бақи қандай бақытты жан!
6Уа, Құдай Ием, көп керемет жасадың,
Біздің игілігімізді Сен ойлап тұрсың.
Игі істеріңді айтуға тырыссам,
Көптігі сонша, санауға жетпейді сан:
Саған тең келе алмас бірде-бір жан!
7Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың,
Бірақ маған Өзіңе құлақ салғыздың.
Шалып, өртелетін не күнәнің құнын
Өтейтін құрбандықтарды талап қылмадың.
8Сонда мен былай дедім: «Міне, келе жатырмын,
Шиыршық кітапта мен туралы жазылған:
9Сенің еркіңді орындауға құштармын,
Уа, Құдайым, жүрегімде Сенің тағылымың».
10Үлкен жиында әділдікті уағыздадым,
Ием, Сен білесің, мен үнсіз қалмадым,
11Іште жасырмадым әділ хабарыңды:
Сенімділігің мен құтқаруыңды,
Рақымың мен ақиқатыңды Өзіңнің
Үлкен жиналыста айтпай кетпедім.
12Мені мейіріміңнен айырмашы, о, Ием,
Рақым мен шындығың мені қорғасын лайым.
13Сансыз пәлелер маған жан-жақтан лап берді,
Жасаған күнәларым мені қуып жетті,
Соларға бола жолымды көре алмаймын.
Басымдағы шашымнан көп саны олардың,
Содан үмітім үзіліп, жүрексіз болдым.
14Уа, Ием, рақым етіп мені құтқара гөр,
Маған көмекке тездетіп келе гөр.
15Жанымды алмақ болған бар жауларым
Таңдана абыржып, ұятқа қалсын,
Маған пәле тілеген бар дұшпандарым
Масқараланып кері қайтарылсын!
16«Өзіңе де сол керек!» деп табалаған
Олар қатты ұялып, таңғалсын соған.
17Бірақ бет бұрып сиынғандар Саған
Өзіңе қуана берсін шат-шадыман,
Лайым құтқаруыңды ұнатқан әркім:
«Иеміз даңқты!» деп Сені дәріптесін!
18Ал мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмін,
Уа, Ием, Сен жағдайымды ойлайсың.
Қолдаушым да құтқарушым Өзіңсің,
Кешіге көрмеші, о, Құдайым менің.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
