1Сондықтан барлық жамандық атаулыдан арылып, бұдан былай алдамшы, екі жүзді, күншіл немесе басқаны қаралаушы болмаңдар!
2Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің «таза сүтіне» құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсіп, күнәнің құлдығынан толығырақ құтқарыла аласыңдар.
3Себебі «Иеміздің қандай ізгі екенін» өздерің біліп алдыңдар.Қасиетті қауымның мәңгілік «Іргетасы»
4Иеміз Мәсіх — адамдар «менсінбей бас тартқан», бірақ Құдай бағалы деп таңдаған «тірі Тас» іспетті. Оған келген
5сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тірі тастар сияқтысыңдар. Сендер Иса Мәсіхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудасыңдар.
6Себебі Киелі жазбада Құдайдың мына сөзі де бар:
«Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым,
Оны Сиондағы үйімнің бұрышының
Іргетасы ретінде орнатып қоямын.
Енді Оған сенімін артқан әркім
Ұятқа қалмайтын болады әрдайым».
7Сенетін сендер үшін осы «Тас» (Иса Мәсіх) ерекше қымбат. Ал сенбейтіндерге байланысты мынадай сөздер жазылған: «Құрылысшылар менсінбеген «Тас» енді үйдің басты іргетасына айналды!» Ол «адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты».
8Олар Мәсіх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрініп, құлап», теріс жолға түсіп кетеді. Олардың ақырының осылай болатыны алдын ала белгілі еді.
9Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, Оған бағышталған қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар!
10Бір кезде біртұтас халық емес едіңдер, ал қазір Құдайдың халқысыңдар. Бір кезде Оның қайырымдылығын білмеген едіңдер, ал қазір қайырымына бөлендіңдер.
Сенушілердің қоғамдағы мінез-құлқы11Сүйікті бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемін: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар!
12Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда Құдай бізді құтқаруға келген күні олар өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола Оны мадақтайтын болады.
13Сонымен, сендер Жаратқан Иенің меншігі болғандықтан, Ол тағайындаған әрбір билік иесіне мойынсұныңдар! Елдің басшысы ретінде патшасына бой ұсыныңдар,
14патшаның жамандық жасағандарды жазалап, жақсылық істегендерді мақтауға бекітіп жіберген әкімдеріне де бағыныңдар!
15Құдай сендердің игілік істеулерің арқылы ақымақ адамдардың (сенушілер туралы) надан әңгімелерін тойтаруларыңды қалайды.
16Рухани азатсыңдар, соған сай өмір сүріңдер! Дегенмен осы азаттықты жамандық жасауға сылтау ретінде пайдаланбаңдар! Қайта, Құдайдың адал қызметшілері болып өмір кешіңдер!
17Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер: сенімі бір бауырластарыңды сүйіңдер; Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошыныңдар; патшаны қадірлеңдер!
Қызметшілерге арналған ескертулер18Сендер, басыбайлы қызметшілер, қожайындарыңа мойынсұныңдар; тек мейірімді де ақпейіл болғандарға ғана емес, сондай-ақ, өздеріңді жәбірлеп жүргендерге де толық құрмет көрсетіңдер!
19Кейбіреулерің әділетсіз қиналғанда, Құдайдың еркінің солай екенін білгендіктен азапқа төзе берсеңдер, Ол соған риза.
20Бірақ егер жасаған жамандықтарыңа лайықты соққыға шыдасаңдар, оның несі мақтарлық? Ал жақсылық жасай тұра азап шегіп, соған шыдасаңдар, бұл Құдайға ұнайды.
21Ол сендерді сол үшін де шақырды. Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек.
22«Ол ешқандай күнә жасаған да емес, аузынан бірде-бір өтірік шыққан да емес».
23Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды.
24Біз күнәнің құлдығынан босатылып, әділ өмір сүре алуымыз үшін Мәсіх айқыш ағашта күнәларымыздың айыбын өз денесінде көтеріп тұрды. Осылай Оның жаралары арқылы (рухани дертімізден) сауықтық.
25Өз бетімен жүріп, адасып кеткен қой сияқты едіңдер, ал қазір өздеріңді бағып жетелеп, жандарыңды қорғап жүретін «Бағушыларыңа» қайта оралдыңдар.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.