Шежірелер 1-ж. 15 - Киелі кітап(QazBi2010)

Келісім сандығының Иерусалимге әкелінуі

1Дәуіт патша «Дәуіттің шаһары» деп аталатын Иерусалимнің көне қорғанында өзіне арнап бірнеше үй салып алды. Ол Құдайдың Келісім сандығына да бір орынды дайындап, шатыр тігіп қойды.

2Сол кезде Дәуіт былай деп әмір етті: «Құдайдың Келісім сандығын тек леуіліктер ғана көтеріп жүрсін! Себебі Жаратқан Ие Келісім сандығын көтеріп, Өзіне әрқашан қызмет етуге тек леуіліктерді ғана таңдап алған!»

3Дәуіт Жаратқан Иенің сандығын өзі дайындап қойған жерге алып келу үшін бүкіл Исраил халқын Иерусалимге шақырды.

4Патша Һаронның ұрпақтары мен леуіліктерді де жинап алды:

5Қахаттың ұрпақтарынан: басшылары Ұриел мен оның жүз жиырма ағайынын,

6Мераридің ұрпақтарынан: басшылары Асаях пен оның екі жүз жиырма ағайынын,

7Гершомның ұрпақтарынан: басшылары Жоел мен оның жүз отыз ағайынын,

8Елісапанның ұрпақтарынан: басшылары Шемаях пен оның екі жүз ағайынын,

9Хебронның ұрпақтарынан: басшылары Елиел мен оның сексен ағайынын,

10Ұзиелдің ұрпақтарынан: басшылары Әминадап пен оның жүз он екі ағайынын.

11Содан соң Дәуіт Садық пен Абиятар есімді діни қызметкерлерді және Ұриел, Асаях, Жоел, Шемаях, Елиел, Әминадап есімді леуілік басшыларды қасына шақырып алды.

12Патша оларға нұсқау беріп былай деді: «Сендер леуілік әулеттердің басшыларысыңдар. Өздерің де, басқа леуіліктер де арамдық атаулыдан арылып тазару рәсімінен өтіңдер! Содан соң Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Келісім сандығын алып, оны мен сол үшін дайындап қойған орынға апарыңдар!

13Бірінші кезде оны өздерің алып жүрмегендіктен, Құдайымыз Жаратқан Иенің қаһары бізге лап етті ғой. Оны ереже бойынша қалай алып келу керектігін Құдайдан сұраған жоқ едік».

14Содан діни қызметкерлер мен леуіліктер Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Келісім сандығын Иерусалимге өрлеп барып алып келу үшін тазару рәсімінен өтті.

15Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай, леуіліктер Құдайдың сандығының бақандарын иықтарымен көтеріп алып жүрді.

16Дәуіт леуіліктердің басшыларына руластарының арасынан шертер, жетіген, сылдырмақ сияқты аспаптардың сүйемелдеуімен қуанышты ән-жыр айтатын әнші-күйшілерді тағайындауды тапсырды.

17Сонда олар Жоел ұлы Хеманды оның мына руластарымен бірге тағайындады: Барақиях ұлы Асаф және Мераридің ұрпақтарынан Құшаях ұлы Етан.

18Солармен бірге дәрежелері өздерінен кейінгі Зәкәрия, Бен, Язиел, Шемирамот, Ехиел, Унни, Елияп, Бенаях, Мағасиях, Мататия, Елифелеу, Мікней, Ғабит-Едом, Еиел есімді қақпа күзетшілері де белгіленді.

19Хеман, Асаф, Етан есімді әнші-күйшілер қола сылдырмақтарды соғып тұруға тағайындалды.

20Зәкәрия, Әзиел, Шемирамот, Ехиел, Унни, Елияп, Мағасиях, Бенаях есімді леуіліктерге «бойжеткендер» әуені бойынша шертер тартып тұру,

21ал Мататия, Елифелеу, Мікней, Ғабит-Едом, Еиел, Азазиях есімді леуіліктерге ән-күйді бастап сегіз ішекті жетіген тартып тұру міндеті жүктелді.

22Леуіліктердің Хенаниях есімді басшысы ән-күйдің тәлімгері болатын, себебі ол соның шебері еді.

23Барақиях пен Елқанах Келісім сандығы тұратын шатырдың қақпасын күзетуге қойылды.

24Шебания, Жосапат, Нетанел, Амасай, Зәкәрия, Бенаях, Елиезер есімді діни қызметкерлер Құдайдың Келісім сандығының алдында керней тартатын болды. Ғабит-Едом мен Ехиях та Келісім сандығы тұратын шатырдың қақпасын күзететін болды.

25Осылайша Дәуіт және Исраил елінің ақсақалдары мен мыңбасылары Жаратқан Иенің Келісім сандығын Ғабит-Едомның үйінен Иерусалимге өрлеп барып алып келуге зор қуанышпен жолға шықты.

26Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп келе жатқан леуіліктерді Құдай қолдап жар болғандықтан, жеті жас бұқа мен жеті қошқар құрбандыққа шалынды.

27Дәуіт те, Келісім сандығын алып келе жатқан леуіліктер, әншілер және ән-күйдің жетекшісі Хенаниях та ақ бәтестен тігілген көйлек киіп келе жатты. Дәуіт соның үстінен ақ бәтестен тігілген жеңсіз сырт киім де киіп алған еді.

28Осылайша бүкіл Исраил халқы Жаратқан Иенің Келісім сандығын қуанышпен айқай сала, қошқар мүйізі мен темір кернейлерін тартып, сылдырмақтарын қатты соғып, жетіген-шертерлерінде ойнап Иерусалимге алып келе жатты.

29Жаратқан Иенің Келісім сандығы Дәуіттің шаһарына кіре бастағанда, оның әйелі Саул қызы Михол терезеден қарап тұрған еді. Дәуіт патшаның секіріп би билеп жүргенін көріп, Михол оны іштей менсінбеді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help