1Бауырластарым, сендерді төмендегілер туралы хабарсыз қалдырғым келмейді: халқымыздың күллі ата-бабалары Мысырдан шыққан кезде нұрлы бұлттың жетелеуімен жүріп, бәрі де теңізден өтіп шығып, Тәңір Иенің құдіретін көрді.
2Олардың барлығы да Мұсаның соңынан ергендер ретінде бұлтта және теңізде шомылдыру рәсімінен өткендей болды.
3Барлығы да Құдай кереметпен берген бірдей тағам жеп,
4бірдей сусын ішті. Себебі олар Құдай қамтамасыз етіп, өздерімен бірге жүріп отырған «жартастан» сусындайтын. Ал ол «жартас» Мәсіхтің Өзі болатын.
5Алайда олардың басым көпшілігі Құдайға жақпай, айдалада құрып кетті.
6Міне, осы оқиғалар бізді ата-бабаларымыздай жамандыққа құмар болудан сақтандырып, үлгі болып тұр:
7солардың кейбіреулері іспетті жалған тәңірге құлшылық етпеңдер! Бұл туралы (Тауратта): «халық жайғасып отырып, құрбандықтан ішіп-жеді; біраздан кейін азғын ойындар ойнау үшін орындарынан тұрды» деп жазылған.
8Ата-бабаларымыздың кейбіреулері секілді азғындыққа түспейік! Сол кінәлары үшін олардың жиырма үш мыңы бір күнде өлді.
9Солардың тағы кейбіреулеріндей Иеміз Мәсіхтің төзімділігін еркінсіп сынамайық! Жыландар оларды сол үшін шағып өлтірді.
10Кейбіреулері сияқты Құдайға қарсы күңкілдей бермеңдер! Соның жазасы ретінде қырып-жоюшы періште оларды өлтіріп кетті.
11Ата-бабаларымыздың бастарынан кешкендері өзгелерге үлгі болып, бізге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. Себебі осы заманның соңғы кезеңінде өмір сүрудеміз.
12Сондықтан өзін «сенімімде берік тұрмын» деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын!
13Сендер әлі күнге дейін қатты сыналған жоқсыңдар, еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендегідей ғана болып келді. Ал Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді.Иемізге және жалған тәңірлерге табынудың бір-бірімен сыйыспауы
14Сондықтан, сүйікті бауырластарым, жалған тәңірлерге құлшылық етуден аулақ жүріңдер!
15Енді айтатынымды парасаттылар ретінде пайымдап, ақылға салыңдар.
16Біз Иеміздің құрбандығын еске алып «шүкірлік тостағанынан» ішкенде, Мәсіхтің төгілген қанының игілігінен үлес алғанымызды білдіреміз, солай емес пе? Нанды үзіп жегенде, құрбан болған Мәсіхтің денесінің игілігінен үлес алғанымызды білдіреміз емес пе?
17Нан біреу болғандай, біз — көпшілік те біртұтас рухани денеміз. Себебі бәріміздің жейтініміз бір нан.
18Исраил халқының ескі дәстүріне назар аударыңдар: құрбандықтан жегендер құрбандық үстелімен байланыста емес пе?
19Осылай дегенде «расында тәңірлер бар, оларға арналған құрбандықтардың шынайы мәні де бар» деп айтпақпын ба?
20Жоқ, олай емес. Алайда басқа ұлт адамдары сол құрбандықтарын Құдайға емес, жындарға бағыштайды. Ал сендердің жындармен байланыста болғандарыңды қаламаймын.
21Иеміздің де, жындардың да тостағандарынан бірдей іше алмайсыңдар! Сол сияқты, Иеміздің және жындардың да дастарқандарына бірдей қатысуларыңа болмайды!
22Әлде Иеміздің қызғанышын қоздырып, өзімізді Одан күштірекпіз деп ойлаймыз ба?
Сенушінің еркіндігі, әрі бауырының мүддесін ойлауы23«Бәрін істеуге болады», — дейсіңдер. Бірақ бәрі бірдей тиімді емес. «Бәрін істеуге болады». — Бірақ бәрі бірдей сенімдеріңді жетілдірмейді.
24Әркім жеке басының емес, басқаның мүддесін ойлауы керек.
25Базарда сатылатын еттің бәрін құрбандыққа шалынғандығы жайлы еш сұрақ қоймай ар-ұждан алдында қысылмай-ақ, жеулеріңе болады.
26Себебі «жер жүзі мен ондағының бәрі Жаратқандікі».
27Сол сияқты, егер Құдайға сенбейтін біреу дәмге шақырып, онысын құп алсаңдар, онда еш сұрақ қоймай ар-ұждан алдында қысылмай-ақ, жей беріңдер.
28Дегенмен, егер қайсыбіреу сендерге: «Бұл — бір тәңірге арналған құрбандықтың еті», — десе, осыны айтқан адамға бола әрі ар-ұжданға бола сол етті жемеңдер.
29Мұнда сендердің емес, сол кісінің ар-ұжданын айтып тұрмын. Ал басқа біреудің ар-ұжданы менің еркіндігіме төрелік ете ала ма?
30Мен шүкірлік етіп, дәм татсам, қалайша басқа біреу мені шүкірлік еткен тағамыма бола даттамақшы?
31Басты қағида мынау: не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!
32Яһудилердің де, басқа ұлт адамдарының да, Құдайдың қауымының да сенімдеріне нұқсан келтірмеңдер!
33Мен де бәріне қай жағынан да ұнамды болуға тырысып, жеке басымның емес, көпшіліктің мүдделерін ойлаймын. Мұны олардың құтқарылуы үшін істеймін.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.