1Еліху сөзін әрі қарай сабақтап былай деді:
2— Уа, парасатты ағалар, сөздерімді тыңдаңыздар. Түсінігі терең сіздер, маған құлақ ассаңыздар екен.
3Өйткені тілдің тамақтың дәмін ажырататыны сияқты, адамның құлағы да сөздерді тексеріп ажыратады.
4Осылайша бір дұрыс шешімге келейік, ненің игі екенін арамызда анықтап алайық.
5Себебі Әйүп аға: «Мен жазықсызбын, ал Құдай мені өзіме тиісті құқығымнан айырды.
6Менікі дұрыс болса да, өтірікшідей болып көрініп отырмын. Еш жазығым болмаса да, Оның жебесі тиіп, жазылмайтын жара салуда!» деп шағымданып отыр.
7Алайда Әйүп аға сияқты келекелеуге әбден бейім тағы басқа адам бар ма екен, сірә?
8Ол қылмыс істеушілермен серіктес болып, зұлымдармен бірге жүретін.
9Өйткені ол: «Адамның Құдайды риза қылуынан ешқандай пайда жоқ!» деді ғой!
10Сондықтан тыңдаңыздаршы, уа, зор парасат иелері! Зұлымдық атаулы Құдайдан тым алшақ, әділетсіздік атаулы құдіреті шексіз Тәңірден әбден аулақ!
11Себебі Тәңір Ие пендеге істеген іс-әрекетіне сай қарымтасын қайтарады, әрі жүрген жолдарына сәйкес оған есесін қайырады.
12Иә, шынымен Құдай ешқандай зұлымдық істемейді, құдіреті шексіз Тәңір ақиқатты бұрмаламайды!
13Кім Оны барлық әлемнің үстінен тағайындаған? Бүкіл дүниенің үстінен билікті Оған кім берді? (Ешкім де!)
14Егер Ол өз рухын Өзіне қайтарып, тіршілік лебін қайтып алуды шешсе,
15онда бар адамзат бірден құрып, пенде атаулы топыраққа қайта айналар еді.
16Ақылыңыз болса, мынаны тыңдап, айтар сөздеріме құлақ түрсеңіз екен:
17Егер Құдай әділдікті жек көрсе, билік жүргізе алар ма еді?! Әділ де құдіретті Құдайды айыпты дей аласыз ба?!
18Керісінше, патшаларға: «Сен түкке тұрмайтын күнәкарсың!» әрі әміршілерге: «Сендер зұлымсыңдар!» деп үкім шығаратын Соның Өзі емес пе?!
19Ол билеушілердің бет-жүзіне қарамайды. Байды кедейден артық көрмейді, себебі екеуін де Өзі жаратқан.
20Олар аяқ астынан өліп, түн ортасында қайтыс болады. Адамдар шайқалып, құрып кетеді. Құдай мықтыларды да ешбір адамға қол жұмсатқызбастан-ақ ғайып қылады.
21Тәңір әрқашан да пенденің істеріне назар аударады. Оның басқан әрбір қадамын Ол көріп отырады.
22Зұлымдық істеушілер бас сауғалап құтыла алатындай қараңғылық та, қара түнек те болмайды.
23Өзінің Құдай алдына барып, сотталатын уақытын пенде белгілемейді.
24Қайта, Құдай мықты күнәкарларды ешкіммен ақылдаспай-ақ құртып, орындарына басқаларды қоя салады.
25Шынында Ол солардың істерін біледі. Оларды бір түнде-ақ астан-кестен қылып, талқандайды.
26Құдай сондайларды зұлымдықтары үшін бәрінің көзінше жазалайды.
27Өйткені олар Оның тура жолынан бұрылып кетіп, Оның еркіне мүлдем көңіл бөлмеді.
28Олардан қорлық көрген жарлылар жалбарына көмек сұрап, Құдай сол қаналғандардың айқайларына құлақ асты.
29Бірақ егер Құдай үнсіз қала беретін болса, Оны кім айыптай алады? Егер Ол өз жүзін жасырса, кім Оны көре алады? Ол жеке адам мен біртұтас ұлттың екеуінен де жоғары.
30Құдай арсыз адамның билік жүргізіп, бүкіл халықты бақытсыздыққа ұшыратуын тоқтатады.
31Адамның Құдайға: «Мен күнә жасап келемін. Бірақ бұдан былай олай етпеймін» деп мойындауы керек.
32Оның: «Өзімнің неліктен айыпты болғанымды білмей жатырмын, соны көрсете гөр! Егер де әділетсіздік істеген болсам, енді қайтып оны істемеймін!» дегені де игі.
33Уа, Әйүп аға, Құдай Өзінің талаптарын сіздің ойыңыз бойынша өзгертуге тиіс пе?! Шешімді мен емес, өзіңіз қабылдаңыз! Сондықтан нені білсеңіз, соны айта беріңіз.
34Парасатты адамдар және мені тыңдап отырған данышпандар маған:
35«Әйүп өзі білмейтін нәрсе жайлы айтып отыр, оның сөздерінің жаны жоқ!» дер еді.
36Зұлым адам сияқты сөйлегені үшін Әйүп толықтай тексеріліп сыналса ғой!
37Өйткені ол жасаған күнәсіне тағы бағынбаушылықты да қосты. Сондай-ақ, біздің арамызда өз-өзін мақтап қолын шапалақтап, Құдайға қарсы сөздерін көбейтіп отыр.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.