Забур жырлары 36 - Киелі кітап(QazBi2010)

Сенімін Жаратқанға артқан жарылқанар

1(Дәуіттің жыры.)

Арамзаларға ренжіп ашуланба,

Жамандық жасайтындарға қызықпа,

2Олар шөп сияқты жылдам солады,

Көк шөптей тез қурап, өліп қалады.

3Жаратушыға сеніп жақсылық жаса,

Еліңде тұрып адалдықты сақта,

4Жаратқан Иеңнен тап рақатыңды,

Ол сыйлайды ізгі жүрек қалауыңды.

5Өмір жолыңды тапсыр Тәңір Иеге,

Оған сүйеніп сеніміңді жүкте,

Ол сен үшін әрекет етеді де:

6Жайнатады әділдігіңді таңғы нұрдай,

Ісіңнің ақтығын тал түскі күндей.

7Шыдамды бол Жаратқанның алдында,

Шешімін күт сабырмен, еш асықпа!

Арам жоспарын іске асырған жанға,

Табысқа жеткен зұлымға ашуланба!

8Ашу-ызаңнан қайт, бас қаһарыңды,

Сұмдыққа өршітпесін олар жаныңды.

9Зұлымдық жасаушылар жойылып кетер,

Иемізге сенушілер елді иемденер.

10Көп ұзамай зұлым адам ғайып болар,

Іздесең таппайсың, орны босап қалар.

11Ал кішіпейіл жандар елді иеленер,

Бейбіт өмірдің рақатына мол сүйсінер.

12Арсыз жан әділге жамандық ниеттенер,

Менсінбей оны, тіс қайрап жек көрер.

13Бірақ Иеміз онысына тек күледі,

Сот күнінің таяп қалғанын біледі.

14Семсерін суырып, садағын тартты сұмдар,

Жарлыны құлатып, адалды құртпақ олар,

15Ал семсерлері өз жүректеріне қадалар,

Садақтары сындырылып, талқандалар.

16Әділдің қолындағы аздың өзі

Көп зұлымның қолындағы молдан ізгі.

17Себебі зұлымның күші жойылады,

Бірақ әділді Жаратқан нығайтады.

18Мінсіздерге Жаратқан күнде көз салады,

Мұралық меншіктері мәңгі сақталады,

19Ауыр күнде мінсіздер масқара болмайды,

Тіпті аштық кезінде тамағын тоя жейді.

20Жаратқанның жаулары жойылады,

Зұлымдар даланың көркіндей солады,

Жайылған түтіндей тез ғайып болады.

21Арсыз жан қарыз алып, қайтармайды,

Әділ жан мүсіркеп, қамқорлайды.

22Иеміз жарылқағандар жерді мұралайды,

Ал Оның қарғағандары қырғынға ұшырайды.

23Әділдің қадамын Жаратқан нығайтады,

Жүрген өмір жолын Ол ұнатады,

24Сүрінсе әділ жан, біржола құламайды,

Жаратқан оны қолынан демеп қолдайды.

25Жас та болдым, енді міне, қартайдым,

Көрмедім әділ жанның бейшара болғанын,

Ұрпағының қайыршы боп нан сұрағанын.

26Қайта, күнде жаны ашып қарыз береді,

Ұрпағы да елге игілік әкеледі.

27Жамандықтан без, ұдайы жақсылық істе,

Сонда өмір бойы тұрасың еліңде.

28Себебі Жаратушы әділдікті қалайды,

Өзіне бағышталған жаннан бас тартпайды.

Сондайды Ол мәңгі аман-есен сақтайды,

Ал сұмның ұрпағы қырғынға ұшырайды.

29Әділдер осылай елді иеленеді,

Өмір бақи оны мекен етеді.

30Әділ жанның аузынан даналық шығады,

Тілімен ол әрдайым әділдік айтады,

31Жүрегінде Құдайының заңы қалады,

Әділдік жолында аяғы нық болады.

32Арамза адам әділді торып аңдиды,

Оның көзін құртудың амалын іздейді,

33Ал Иеміз әділді арамзаға қалдырмайды,

Оған әділге қарсы үкім шығартпайды.

34Жаратқанға сүйеніп, Оның жолымен жүр,

Ол сені көтеріп елді иелентер,

Зұлымдардың құрығанын саған көрсетер.

35Бұтағын жайып, тереңге тамырлаған

Зор ағаштай сұм да қатал жанды байқағам,

36Енді міне, ол уақыты өтіп жоқ болған,

Іздесем де, оны мүлдем таба алман.

37Мінсізді бақыла, әділге қара:

Зор болашақ бар бейбіт адамда,

38Бірақ заңсыздар түгел құртылады,

Сұмдардың болашағы қырғын болады.

39Әділдерді Жаратқан құтқарып алады,

Пәлеге тап болса, оларға пана болады,

40Жаратушы оларды қолдап құтқарады,

Зұлымдардың қолынан босатып алады,

Өйткені әділдер Оған үміт артады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help