1Біраз уақыт өткеннен кейін Аммон халқының патшасы Нахаш қайтыс болып, оның ұлы Анон орнын басып патшалық құрды.
2Дәуіт: «Әкесі Нахаш маған жақсылық жасағандықтан, мен де оның ұлы Анонға жақсылық жасаймын», — деп шешті. Содан ол әкесінің қазасына көңіл айту үшін Анонға елшілерін жіберді. Бірақ олар Аммон еліне жеткенде,
3аммондық әміршілердің бірқатары Анон патшаға: «Дәуіт мына елшілерді шынымен көңіл айтып, әкеңізге құрмет көрсету үшін жіберіп отыр деп ойлайсыз ба? Керісінше, олар қаланы барлап, жақсылап біліп алу үшін келіп отыр емес пе? Ал кейінірек Дәуіттің өзі әскерімен келіп, астан-кестенін шығармақ!» — деп күдік білдірді.
4Сонда Анон Дәуіттің қызметкерлерін тұтқындады. Олардың сақалдарын қырқып, шапандарын белдеріне дейін қысқартып қиып тастап, кері қайтарып жіберді.
5Осы хабар Дәуіттің құлағына жеткенде, ол қатты масқараланған елшілерінің алдарынан хабаршыларын жіберіп, оларға: «Сақалдарың өскенше Иерихонда қала тұрыңдар! Содан кейін қайтып келерсіңдер!» — дегенді айтқызды.
6Аммондықтар Дәуітті өздеріне қарсы өшіктіріп алғанын ұғынды. Сондықтан Анон патша және Аммон халқы солтүстік-батыс Месопотамиядан, Арамадағы Маха мен Соба қалаларынан соғыс күймелері мен атты әскерді жалдап алу үшін, соларға мың ат басындай күміс жіберді.
7Осылай аммондықтар отыз екі мың соғыс күймесін, Маханың патшасы мен оның әскерін де жалдап алды. Солар Медеба қаласының маңына аттанып келіп, сонда аялдады. Аммондықтар да өз қалаларынан шығып, шайқасуға жиналды.
8Дәуіт бұл туралы хабар алғанда, оларға қарсы Жоғабтың басшылығындағы батыл да мықты сарбаздардан құралған бүкіл жасағын аттандырды.
9Аммондықтар астаналарынан шығып, қала қақпасының жанында шайқасқа дайындалып сап түзеді. Көмекке келген басқа патшалардың жасақтары далада бөлек тұрды.
10Жоғаб өз жасағының екі жақтан: алдынан да, артынан да соғысуына тура келіп тұрғанын байқаған соң, бүкіл Исраилдің таңдаулы сарбаздарын іріктеп алып, арамалықтарға қарсы сапқа тұрғызды,
11ал жасақтың қалған бөлігін аммондықтарға қарсы бастап шығуды өзінің туған інісі Әбішайдың қолына тапсырды.
12Оған былай деп бұйырған болатын: «Егер арамалықтар маған тым қатты қысым көрсете бастаса, сен маған көмекке кел! Ал аммондықтар сені тықсырып бара жатса, мен саған көмекке барамын.
13Батыл бол! Халқымыз үшін, Құдайымыздың қалалары үшін мызғымай берік тұрайық! Ал Жаратқан Ие дұрыс деп тапқанын істесін!»
14Жоғаб пен оның сарбаздары арамалықтарға тап бергенде олар қаша жөнелді.
15Олардың қашқанын көрген аммондықтар да Жоғабтың інісі Әбішай бастаған жасақтан шегіне қашып, қалаға кіріп кетті. Содан кейін Жоғаб Иерусалимге қайта оралды.
16Арамалықтар өздерінің исраилдіктерден жеңілгенін көріп, Евфрат өзенінің ар жағына елшілерін жұмсап, онда тұратын арамалық жасақшыларды шақырды. Олар жетіп, (Соба патшасы) Ададәзердің әскербасы Шобақтың қол астына кірді.
17Дәуіт бұл туралы біле сала, Исраилдің бүкіл жасағын жинап алып, Иордан өзенін кесіп өтті. Дәуіт оларға қарсы жасағын сапқа тұрғызғанда арамалықтар оның сарбаздарына лап қойды.
18Бірақ олар қайтадан Исраилдің жасағынан шегініп, қаша жөнелді. Дәуіттің сарбаздары олардың жеті мың соғыс күймесінің айдаушыларын және қырық мың жаяу жасақшысын мерт қылып, арамалық қолбасшы Шобақтың өзін де өлтірді.
19Ададәзерге бағынышты патшалар өздерінің Исраилден жеңілгендерін көргенде, Дәуітпен бітім жасасып, оған бағынатын болды. Арамалықтар енді қайтып аммондықтарға көмектесуден бас тартты.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.