1Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар!
2Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ.
3Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?
4Өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: «Кәне, сенің көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалайша айта аласың?
5Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың.
6Қасиеттілерді иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалар алдына лақтырмаңдар! Әйтпесе олар соларды аяқтарымен таптап, бұрылып келіп, өздеріңді жарып тастамақ.Сеніммен сұрай беріп, тар қақпадан кіру
7Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады.
8Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қағып тұрғанға есік ашылады.
9Араларыңдағы қандай кісі нан сұраған баласына тас берер еді?
10Не балық сұраса, жылан берер еді?
11Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсіз!
12Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер! Бұл Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларының тәліміне сай.
13Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл. Онымен көп адамдар жүреді.
14Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Соны біразы ғана табады.Ағаш жемісімен, адам ісімен танылар
15Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар — жыртқыш қасқырлар.
16Оларды «жемістерінен» (яғни іс-әрекеттерінен) танисыңдар. «Шомырттан жүзім, ошағаннан өрік жинамас».
17Сол секілді, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді.
18Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой.
19Ал жақсы жеміс бермейтін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады.
20Сол сияқты, адамдарды да «жемістерінен» танып білесіңдер.
21Маған: «Мырза, Ие!» дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады.
22Көптеген адамдар қиямет соты күні Маған: «Уа, Тақсыр Ие, Сенің атыңмен біз жұртқа Құдайдың хабарын жеткізбедік пе? Сенің атыңмен жындарды қуып шығарып, көптеген кереметтер жасамап па едік?» — деп жалынатын болады.
23Сонда Мен оларға: «Сендерді ешқашан (өз адамдарым ретінде) таныған емеспін. Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!» — деп ашық айтамын.
Таудағы уағыздың соңы: Берік негіз бен осал негіз24Осы айтқандарымды тыңдап, оларды орындаған әркім үйін берік тастың үстіне қалап салған көреген адамға ұқсас болады.
25Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол құламайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған.
26Алайда осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды.
27Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол опырылып құлап қалады.
28Иса сөзін аяқтағанда, халық Оның тәліміне қатты қайран қалды.
29Себебі Иса оларға өздерінің дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан ерекше билігі бар Біреу ретінде тағылым берді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.