Ишая 25 - Киелі кітап(QazBi2010)

Озбырлықтан құтқарған Құдайды мадақтау жыры

1Уа, Жаратқан Ие, менің Құдайымсың Сен!

Құрметтеп Сені атыңды мақтаймын мен.

Сондай керемет істерді жасадың,

Өзің көп бұрын оларды жоспарладың,

Шынайы адалдықпен жүзеге асырдың.

2(Бас көтерген) қаланы талқандадың,

Қамалының күл-талқанын шығардың.

Сол бөтен жердегі дұшпандарымыздың

Сарайларын қайта салынбастай жойдың.

3Сондықтан мықты халықтар Сені даңқтамақ,

Қатыгез ұлттардың қалалары қорықпақ.

4Ал жарлылар Өзіңнен баспана табады,

Апатта мұқтаждар қасыңда қорғанады,

Оларға қорғаныш боласың дауылдан

Әрі ыңғайлы көлеңке боп ыстықтан.

Жауыздардың кәрлі лебі қабырғаны

Соққылаған боран

5не шөлдің аптабы

Іспетті болды. Бірақ Сен, Ием менің,

Бөгде жаулардың үндерін өшіртесің

Һәм мақтанған әндерін сол аяусыздардың,

Қалың бұлттай салқындатқан күн аптабын.Құдайдың қуанышты тойды әзірлеуі

6Сион тауының басында Әлемнің Иесі барлық халықтарға арнап семіз ет пен жілік майынан, таңдаулы сусындардан мол дастарқан жайып, тамаша той дайындайды.

7Осы таудың басында Ол барлық халықтардың беттерін жабатын пердені, күллі ұлттардың үстінен төніп тұрған жабынды ысырып тастайды.

8Ол өлімді біржола жоқ қылады. Жаратушы Тәңір Ие барлық бет-жүздердің көз жастарын сүртіп жұбатып, өз халқының көрген масқарасын бүкіл жер бетінен алып тастайды. Жаратқан Иенің Өзі осыны нық айтқан.

9Сол кезде адамдар былай дейтін болады:

«Біліп алыңдар, Бұл — біздің Құдайымыз,

Аңсап Оны Оған сенім артамыз,

Ол — жаудың қолынан Құтқарушымыз,

Біздің Иеміз һәм Жаратушымыз,

Оны аңсап Оған сенім артамыз.

Енді бәріміз қатты қуанамыз,

Бізді құтқарғанына шаттанамыз!»

10Себебі Жаратқан Ие Сион тауының үстінен қолын жайып тұрып, қаланы жарылқайтын болады. Ал (қасарысып, Оған қарсы шыға берген) Моаб тыңайтқыш үшін шалшықта тапталған сабандай тапталатын болады.

11Олар суда жүзбекші болған адамдай қолдарын сермейтін болады. Бірақ Жасаған Ие моабтықтарды төмен басады, әрі қолдарынан келген алдамшылығы мен әрі асқан өркөкіректігін тыйып қор қылады.

12Ол Моабтың зәулім қамал қабырғаларын қиратып, солардың күл-талқанын шығарады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help