Забур жырлары 72 - Киелі кітап(QazBi2010)

Үшінші жазбаЗұлымның ақырын ұғып, қызғаныш-шүбәдан арылу

1(Асафтың жыры.)

Құдай Исраил үшін қандай игі,

Жүрегі пәктер үшін мейірімді!

2Ал мен тура жолдан тая жаздадым,

Тірегімнен айырылуға шақ қалдым.

3Күнәкарлардың өркендеуін көрдім,

Менмендерге қызғана қарай бердім.

4Өмірінде шекпейді олар азапты,

Денсаулығы мықты әрі қуатты,

5Өзгелердей көрмейді ауыртпалықты,

Басқалардай жемейді олар соққыны,

6Содан моншақтай тағып алып мақтанышты,

Әрі киімдей жамылған зорлық-зомбылықты.

7Тым семіздіктен көздерін май басқан,

Арамдық пиғылдары да асып-тасқан.

8Өзгелерді олар қорлап, жамандайды,

Паңдана зәбір-жапа жоспарлайды.

9Көкті ауызымен иеленгенсиді,

Жерге де тілімен билік еткенсиді.

10Сондықтан да халық оларға бет бұрып,

Айтқандарын тыңдайды құштарланып:

11«Құдай қайдан білсін? — деп сол зұлымдар

Мақтана сұрайды: — Хақ Тағала ма хабардар?»

12Бейқам болып осы арам пиғылдылар

Молынан жинайды байлықтар.

13Әлде бекерге жүрегімді пәк сақтап,

Қолымды күнәдан таза ұстадым ба?!

14Сонда да күн ұзағына қиналып,

Таң атысымен түсемін азабыма!

15Ал егер мен солай сөйлейін десем,

Халқыңды алдап, опасыздық жасар едім.

16Мұның бәрін ақылға салып көргенімде

Көзім жетті аса қиын екеніне.

17Соңында мен Құдайдың үйіне кірдім,

Ақыры солармен не боларын білдім:

18Сен зұлымдарды тайғақ жолға түсіресің,

Биіктен құлатып, жойып жібересің.

19Олар күтпеген жерден талқандалады,

Зәрелері ұшып, жойылып, жоғалады.

20Я, Ием, көтерілсең, олар ғайып болар,

Оянғанда жоқ болатын түске ұқсар.

21Ал жүрегім менің қызғаныштан күйді,

Жан дүнием шүбәдан налып ренжіді.

22Сонда санасыз ақымақ болып қалдым,

Көз алдыңда ақылсыз хайуанға ұқсадым.

23Алайда қасыңда боламын әрқашан,

Сен мені ұстап қолдайсың оң қолымнан,

24Ақыл-кеңесіңмен мені бастайсың,

Ақыры салтанатыңа қабылдайсың.

25Өзіңнен басқа кімім бар еді көкте?

Өзге ештеңе аңсамаймын жерде де!

26Тәнім әлсіреп, жаным шаршағанмен,

Уа, Құдай, мәңгілік жар боласың Сен,

Жүрегімнің берік тірегі бола бересің.

27Бірақ жойылады алшақтағандар Өзіңнен,

Безіп кеткендердің бәрін жоясың Сен.

28Құдайға жақын болғаным қандай игі!

Паналап Жаратушы Тәңір Ием — Сені,

Жариялап тұрмын күллі істеріңді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help