1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ғаттық күй аспабының сүйемелдеуімен айтылатын Асафтың жыры.)
2Күш-қуатымыз — Құдайға шаттана ән салыңдар,
Жақып сиынған Құдайға қуана айқайлаңдар,
3Ән-жырлар айта бастап, даңғыраны соғыңдар,
Домбыра, жетігенмен әсем әуен тартыңдар!
4Жаңа ай туғанда кернейде ойнаңдар,
Ай толғанда да тойымызды жариялаңдар.
5Өйткені бұл — Исраил халқының міндеті,
Жақып сиынған Құдайдың берген ережесі.
6Жаратқан Иеміз Мысырға қарсы шыққанда,
Осыны бұйырды Жүсіптің ұрпағына,
Біз бөтен тілді естіген уақытта.
7(Жаратқан былай деп білдірді бұйрығын:)
«Иықтарыңнан ауыр жүкті алып тастадым,
Қолдарыңды көтерген себеттен босаттым.
8Қиын кезде айқайлап сиындыңдар Маған,
Сонда сендерді азат етіп алдым аман.
Күннің күркірінен сендерге құлақ салғам,
Меріба сулары маңында сендерді сынағам.
9Халқым, Мені тыңда, сендерге ескертемін,
Игі болар, Исраил, Маған құлақ түргенің!
10Ешқандай да бөгде тәңірлерің болмасын,
Құлшылық етпеңдер жат тәңірлерге ешқашан!
11Мен Жаратқан Ие — бірден-бір Тәңірлеріңмін,
Мысыр елінен алып шыққан Иелеріңмін.
Ал енді, ауыздарыңды ашыңдар айқара,
Мен оларды толтырамын жақсылыққа.
12Бірақ таңдаған халқым Мені тыңдамады,
Исраилдің ұрпағы Маған бағынбады,
13Сондықтан Мен қасарысқан жүректеріне
Жол бердім өз беттерімен жүрулеріне.
14Халқым Менің сөзіме құлақ салса екен,
Исраилдің ұрпағы жолыммен жүрсе екен!
15Онда Мен жауларын лезде жуасытар едім,
Қинаған дұшпандарына қол жұмсар едім,
16Өзімді жек көргендер Маған бағынғансыр еді,
Ал азапты уақыттары мәңгіге созылар еді.
17Бірақ сендерді жақсы бидаймен тойдырар едім,
Жартастағы балмен рақатқа қандырар едім».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
