Ишая 47 - Киелі кітап(QazBi2010)

Бабыл қаласының құлауы

1«Тағыңнан түсіп, топыраққа отыр, ей, Бабыл қаласы! Халдей халқының астанасы, сен ханша сияқты ешкімге бағынбаған едің. Ал енді тақыр жерде отыра бер! Бұдан былай сені ақсаусақ, нәзік деп атамайды.

2Қайта, диірменді қолға алып, тарта бер! (Бағынышты күңге айналған сен) бет пердеңді шеш! Етегіңді түріп, балтырыңды көрсетіп өзендерді кешіп өте бер!

3Сонда тәнің ашылып, жұрт ұятыңды көреді. Осылай сені еш аямай жазалаймын!» (— дейді Жаратқан Ие.)

4Бізді құтқаратын қамқоршымыздың есімі — Әлемнің Иесі, Ол — Исраилдің Киелі Құдайы!

5«Ей, Бабыл, халдей халқының астанасы, қараңғы жерге барып, үніңді шығармай отыр! Сені енді қайтып патшалықтарға билік жүргізетін ханым деп атамайтын болады.

6Мен меншікті халқыма қаһарымды төгіп, оны сенің қолыңа түсіріп, қорлыққа салдым. Ал сен мейрімділік танытпай, оның қарттарына да тым ауыр жүк артып қойдың!

7Сен «мәңгілік патшайым боламын» деп, Менің халқымның шеккен азабына көңіл бөлмедің. Мұның ақырының не боларын ойламадың да.

8Рақатқа батып, бейқам тұрып жатырсың. «Әлемде тек мен ғана маңыздымын, мендей ешкім жоқ! Ешқашан жесірдей жалғыз қалмаймын, тұрғындарымнан еш айырылмаймын!» деп мақтанасың. Ал енді, мынаған жақсылап құлақ сал:

9Бір күннің ішінде, табан астынан, екеуі де басыңа түсіп, тұрғындарыңнан айырылып, жесірдей жалғыз қаласың! Осы екі қасіретке де ұшырайсың! Сен сиқыршылыққа иланып, бақсылықпен де соншама көп айналысып келсең де, бәрібір сол пәледен амал тауып құтыла алмайсың.

10Жауыздығыңа кәміл сеніп: «Қылықтарымды ешкім көрмейді», дейсің. Сені (жалған) даналығың мен білімің еліктіріп тура жолдан адастырды.

«Әлемде тек мен ғана маңыздымын, мендей ешкім жоқ!» деп паңданасың.

11Алайда басыңа апат төніп, оның қайдан келетінін әлі білмейсің. Сонда тас-талқан болып қирайсың, ал одан амал тауып құтыла алмайсың. Кенеттен сен еш ойламаған қырғынға ұшырайсың!

12Сонымен (Құдайға бағынбаған сен, мейлі) жас кезіңнен айналысып келген әр түрлі бақсылық, сиқырлығыңмен бұдан былай да шұғылдана бер. Мүмкін, олардан саған пайда тиер, мүмкін, тіпті жауыңа үрей туғызар? Керісінше,

13көп ақыл-кеңес сұрап қажығандайсың. Аспанды бақылап, жұлдыздарды санаушыларың, жаңа ай туған сайын жорамал жасайтындар, енді алға шығып ақылдарын айтсын, сені басыңа төнген апаттан құтқарып алсын!

14Бірақ олардың өздері өртеніп жатқан сабанға ұқсайды. Жалмаған өрттен өз бастарын да құтқара алмайды. Бұл қасында жай жылынып отыратын көмір оты емес, ол Құдайдың қаһарының лаулаған жалыны!

15Ал жас кезіңнен бері сенімен бірлесіп саудамен айналысқандардың саған істейтіндері мынау болады: Әркім өз жөнімен қашып кетіп, сені құтқаратын ешкім де қалмайды!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help