1Осылай леуіліктер Құдайдың сандығы Иерусалимге әкелініп, Дәуіт сол үшін тігіп қойған шатырдың ішіне орналастырылды. Содан соң олар шалынып, түгелдей өртелетін және ризашылық құрбандықтарын шалып ұсынды.
2Соларды ұсынып болғаннан кейін Дәуіт халыққа Жаратқан Иенің атымен бата берді.
3Патша жиналған Исраил халқының әрбір әйеліне де, еркегіне де бір-бір қалаш наннан, бір кесек қақталған еттен және бір қадақ мейізден үлестіріп берді.
4Патша леуіліктердің кейбіреулерін Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында қызмет етуге тағайындады. Олар Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге сиынып мінажат етуге және шүкірлік пен мақтау айтуға міндетті еді.
5Бұлардың басшысы — Асаф, екіншісі — Зәкәрия, солардың қасында Еиел, Шемирамот, Ехиел, Мататия, Елияп, Бенаях, Ғабит-Едом, Еиел де болды. Олар шертер мен жетігенде, ал Асаф сылдырмақта ойнауға тағайындалды.
6Бенаях пен Яхазиел есімді діни қызметкерлер белгіленген уақыттарда Құдайдың Келісім сандығының алдында керней тартуға тиісті еді.
Дәуіттің мадақтау жыры7Сол күні Дәуіт алғаш рет Асаф пен оның қызметтестеріне Жаратқан Иеге мына мадақтау жырын айтуды тапсырды:
8Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар,
Оның есімін атап сиыныңдар,
Ұлы істерін халықтарға хабарлаңдар!
9Иемізге ән салып, Оны мадақтаңдар,
Барлық кереметтерін паш қылыңдар,
10Оның киелі атымен мақтаныңдар,
Оған сиынатын сендер, шаттаныңдар!
11Иемізге әрі құдіретіне ден қойыңдар,
Дәйім Оның еркін білуге ұмтылыңдар.
12Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерін,
Ғажап істері мен шығарған шешімдерін,
13Уа, Оның құлы Исраилдің ұрпақтары,
Жақыптан тарағандар, таңдаулы адамдары!
14Ол — біздің Құдайымыз, Жаратқан Ие,
Бүкіл әлемге Өзі билік жүргізуде.
15Мәңгі есте сақтаңдар Оның Келісімін,
Келер мың буынға да бұйырған өсиеттерін —
16Ыбырайыммен жасаған Келісімін,
Ысқаққа да антпен берген сол уәдесін.
17Жақыпқа оны ереже қылып бекітті,
Исраил үшін тұрақты Келісім етті.
18«Мұралық үлесің етіп беремін саған
Қанахан елін» деді сонда Жаратқан.
19Сол кезде олар әлі де аз болатын,
Азғана кірме болып сонда тұратын.
20Олар елден елге көшіп-қонатын,
Патшалықтарды аралап орнығатын.
21Ал Құдай ешкімге оларды жәбірлетпеді,
Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті:
22«Тағайындағандарыма еш тиіспеңдер,
Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!»
23Күллі әлем, Жаратқанға ән-жыр шырқаңдар,
Бізді құтқарғанын күн сайын хабарлаңдар,
24Халықтарға паш етіп Оның ұлылығын,
Бар ұлттарға Иеміздің кереметтерін!
25Иеміз ұлы, мадақталуға әбден лайықты,
Оны қастерлеу қажет, бар «тәңір, пірден» гөрі,
26Өзге ұлттар табынған «тәңірлер» жалған,
Ал Жасаған Ие аспанды жаратқан!
27Сән-салтанат, ұлылық Оның алдында,
Құдірет пен қуаныш киелі тұрағында.
28Жаратқанның ұлылығы мен күш-қуатын
Мойындаңдар, уа, рулары күллі ұлттардың!
29Жаратқанның есімін даңқтап қадірлеңдер,
Оның алдына сый-тарту алып келіңдер,
Қасиетті салтанатына бөленіңдер,
Жаратқан Иеге бағынып бас иіңдер!
30Бүкіл жер, дәріптеп дірілде Оның алдында!
Әлем берік орнатылды, ол қозғалмайды да.
31Заңғар көк шаттансын, жер де қатты қуансын,
Бөтен ұлттарға мынаны жарияласын:
«Жаратқан Ие құрады патшалығын!»
32Теңіз бен ондағылар шуылдасын,
Дала мен ондағылар да шаттансын!
33Орман ағаштары қуана ән салады,
Келе жатқан Иенің алдынан шығады,
Себебі Ол келіп, жерге сот құрады.
34Жаратқан Ие ізгі, мақтаңдар Оны,
Мәңгі ұласады берік рақымы!
35Оған былай деп мінажат етіңдер:
«Құтқарушымыз Құдай, аман сақтай гөр,
Басқа ұлттардан бізді босатып жинай гөр!
Сонда дәріптейміз киелі атыңды,
Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды».
36Исраилдің Құдай Иесі мадақталсын,
Мәңгіліктен мәңгілікке Ол даңқталсын!
Жиналып тұрған барша халық: «Аумин! Жаратқан Ие мадақталсын!» — деп жауап берді.
Құдайды мадақтау тәртібі жайлы нұсқаулар37Дәуіт патша Асафты және оның ағайындарын Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында әр күннің қажетіне қарай ұдайы қызмет етуге бекітті.
38Патша, сондай-ақ, Ғабит-Едом мен оның алпыс сегіз ағайынын да қызмет көрсетуге тағайындады. Едутун ұлы Ғабит-Едом және Хоса қақпа күзетшілері болатын.
39Дәуіт діни қызметкер Садықты және оның қызметтес ағайындарын Жаратқан Иенің Гибеон қаласының биіктеу жерінде орнатылған киелі шатырындағы міндеттеріне бекітіп, сонда қалдырып кетті.
40Бұлар Жаратқан Иенің Исраил халқына тапсырған Таурат заңында жазылған барлық ережелеріне сәйкес, әрдайым таңертең және кешке Жаратқан Иеге бағыштап шалынып, өртелетін құрбандықтарды арнайы құрбандық үстелінде ұсынуға тиісті болды.
41Патша аттары аталып таңдалған Хеман, Едутун және басқалардың барлығын да солармен бірге болып, Жаратқан Иеге «Оның рақымы мәңгілік» деп мадақтау ән-жырларын айтуға тағайындады.
42Хеман мен Едутун керней тартып, сылдырмақ соғып, тағы басқа аспаптарда ойнап Құдайға арналған ән-жырларды сүйемелдеуге бекітілді. Едутунның ұлдары қақпаның жанына күзетке қойылды.
43Бұдан кейін бүкіл халық үйлеріне тарап кетті. Дәуіт те өз үй ішімен амандасуға сарайына қайтты.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.