1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
2Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан,
Ұятқа қалдырмашы мені ешқашан,
Сен әділсің, мені алып қалшы аман.
3Құлақ түріп маған, тез құтқара көрші,
Бас сауғалар құз бен қорғаным бола көрші.
4Өйткені жартасым, берік қамалымсың,
Жетелеп бастай гөр ізгілігің үшін,
5Шығаршы мені жау құпия құрған тордан,
Себебі Сен берік қорғансың маған.
6Сенің қолыңа рухымды тапсырамын.
Уа, Ием, шынайы Құдай, Сен мені құтқардың.
7Жек көрем түк пайдасыз тәңірсымақтарды
Әрі оларға табынған адамдарды,
Ал Жаратқан Иеге нық сенемін,
8Қуанып, шаттанамын рақымыңа Сенің,
Сен байқадың мүшкіл халімді менің,
Жанымның азабына көңіліңді бөлдің.
9Сен мені қалдырмадың жаудың қолына,
Қайта, мені тұрғыздың ашық орынға.
10Рақым ете гөр, қиналып тұрмын,
Уа, Ием, күйіктен солды жанарым,
Зор қасіреттен әлсіреді жан-тәнім.
11Ғұмыр жасым қайғыдан қысқаруда,
Күңіреніп өмірім таусылуда,
Күнәма бола күш-қуатым қайтуда,
Сүйектерімнің күші кетіп қуаруда.
12Көршілеріме жек көрініштімін,
Таныстарыма да қорқыныштымын,
Мені көре қалса қашады далада,
Осындай болдым жауларыма бола.
13Өлгендей-ақ олар мені ұмытқан,
Ұқсаймын қыш ыдысқа сынып қалған.
14Көп естимін өзім жайлы өсек-аяң,
Қауіп төніп тұр басыма жан-жақтан,
Жауларым маған қарсы сөз байласуда,
Жанымды алуға жоспар құруда.
15Ал мен Өзіңе сенемін, уа, Жаратқан,
«Сен менің Құдайымсың» деймін Саған.
16Өмірім Сенің қолыңда, я, Жаратқан,
Құтқара гөр қуғындаған жауларымнан.
17Бет-жүзіңнің нұрын маған түсіре гөр,
Мейіріміңе сай мені құтқара гөр.
18Мені ұятқа қалдырма, уа, Жаратқан,
Себебі жалбарынып жүрмін Саған.
Зымияндар масқараланатын болсын,
Үндері өшіп, олар қабірге қойылсын,
19Қарысып қалсын ауыздары жалған,
Менмен паңдықпен әділді жамандаған.
20Уа, Ием, қандай мол Сенің ізгілігің:
Өзіңді қастерлеп, паналайтындар үшін
Соны сақтап, жұрт алдында сыйлайсың.
21Сен пана болып әділді қорғайсың,
Өз саяңда аман-есен сақтайсың
Адамдардың астыртын әрекетінен
Әрі ұрсып айыптайтын тілдерінен.
22Маған мейірімін көрсеткені үшін,
Қоршалған қалада қорғағаны үшін
Жаратқан Ие әрдайым мадақталсын!
23Қорқыныштан былай деп уайымдадым:
«Сірә, Сенің назарыңнан тыс қалдым!»
Бірақ Сен жалынған даусыма құлақ түрдің,
Сиынған мінажатыма жауап бердің.
24Жаратқанды сүйіңдер, бар әділдері,
Иеміз аман сақтайды адал пенделерді,
Ал молынан жазалайды менмендерді.
25Жаратқанға сенім артқандардың бәрі,
Қайратқа кенеліп, батыл болыңдар енді!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
