Забур жырлары 138 - Киелі кітап(QazBi2010)

Барлығын көріп, барлығын білетін Жаратқан Ие

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)

Уа, Жаратқан Ие, мені сынап тексердің,

Сен мені толығынан танып білесің:

2Отырғаным, тұрғаным да Саған аян,

Ойларымды біліп, ұғасың алыстан.

3Жүрейін не демалайын, көз алдыңдамын,

Жолдарымның барлығы да Саған айқын.

4Сөз шықпай тұрып-ақ менің аузымнан

Оны толық білесің, уа, Жаратқан!

5Алды-артымнан жүресің мені қоршап

Құдіретті қолыңды үстімде ұстап.

6Біліміңді ұға алмаймын ешқашан,

Ол қол жеткізбес биік те ғажап маған!

7Сенің Рухыңнан мен қайда қашпақпын?

Көз алдыңнан қайда жасырынбақпын?

8Көкке көтерілсем, сол орындасың,

Тұңғиыққа түссем де, Сен сондасың.

9Таң шапағына қалықтап ұшсам да,

Не теңіздің ар жағына қонсам да,

10Сол жерде де мені қолың жетелеп,

Құдіретті қолың ұстайды демеп.

11Мен: «Қараңғылық мені тасаласын,

Айналамдағы жарық түнекке айналсын!»

12Десем де, түнек жасырмайды Сенен,

Саған күндей нұрлы — түннің өзі де,

Жарықтай айқын — түнек те көзіңе!

13Сен іш құрылысымды қалыптастырдың,

Ана құрсағында мені жараттың.

14Тамаша жаралдым, Сені мадақтаймын,

Керемет ғажап — жасаған істерің,

Мұны мен шын жүректен мойындаймын.

15Мен ана құрсағында қалыптастым,

Құпия жерде жатқанда жаратылдым,

Сенен таса болмады сонда сүйектерім,

16Ұрық күйімде мені көзіңмен көрдің.

Сен маған бұйырған күндердің бірі

Әлі де тумас бұрын, солардың бәрі

Кітабыңда жазулы тұрған еді.

17Сенің ойларың маған тым жоғары,

Уа, Құдай, қанша көп олардың саны!

18Санап шықсам барлық ойларыңды,

Құм қиыршықтарынан көп болады!

Бірақ оянған кезде әрдайым мен

Бірге боламын әлі де Өзіңмен.

19Уа, Құдай, зұлымдарды жазалай гөр,

Аулақ кетіңдер менен, қанішерлер!

20Олар Сен жайлы арамдық айтады,

Дұшпандарың атыңды құр қолданады.

21Сені жек көріп, қарсы шыққан жауларың

Қалай маған жексұрын, жиренішті болмасын?

22Жан-тәніммен жақтырмаймын соларды,

Олар нағыз дұшпандарыма айналды.

23Уа, Құдай, жүрегімнің түкпірлерін тексере гөр,

Мені мазалаған ойларымды біле гөр,

24Қауіпті жолдамын ба, сынай көрсеңші,

Мәңгілік өмір жолымен мені жүргізсеңші!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help